СОПЫЛЫҚ
СОПЫЛЫҚ, Тасаууф (араб. тазалық) – исламның қайнарынан бастау алатын рухани құндылық, ислам дінінің дүниетанымдық, ахлақтық-этикалық, эзотерикалық қырлары көрініс беретін, адамның өзін-өзі тануы мен рухани адамгершіліктің кемелденуіне мүмкіндік беретін ілім. С-тың анықтамасын атақты суфилер Сарий ас-Сақати (ө. ж. м. 865) “Сопылық – көркем ахлақ (мораль)”; Абу Хафс ан-Найсабури (ө. ж. м. 883) “Сопылық – толығымен әдеп (этика)”; Абу әл Хусайн ан-Нури (ө. ж. м. 907) “Сопылық – нәпсінің құмарлықтары мен талаптарын тәрк ету” ретінде көрсеткен. Сопылар С. философиясының негізі тікелей Құран мен Хз. Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) сүннеті деп таниды. Ал кейбір батыстық зерттеушілер С-тың исламға яїуди, христиан және буддизмнен, әсіресе, индуизм мен зороастризм дінінен енген деп дәлелдеуге тырысады. С-тың тарих сахнасына шығуы жалпы ислам философиясындағы ең алғашқы диалектик. пікір қозғалысының басталуымен сәйкес келеді. Бұл қозғалыстың басында Хз. Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) Абу ад-Дарда, Абу зар ал-Ғифари, т.б. сахабалары болатын. Ислам философиясы тарихында Абу Зар Ғифари сияқты сахабалардан бастап, Хасан әл-Басирге (ө. ж. м. 728) дейінгі аралықты суфизмнің алғашқы зухд, тақуалар дәуірі деп атайды. Бұл дәуірде С. қозғалыс филос., метафиз. мәселелерді зерделеуден гөрі парасатты, көркем ахлақты адам болуды мақсат еткен практик. мәндегі қозғалыс болатын. Сопылықтың екінші кезеңі Хасан ал-Басирден Имам Ғазалиге (м. 1055 – 1111) дейінгі аралықты қамтиды. Бұл дәуірде С. дегдарлық пен тақуалық сияқты практик. қозғалыс болумен қатар қалам, құқық және философия сияқты жалпы ислам ойлау жүйесіндегі бағыттарға параллель доктриналық деңгейге көтерілді. Хасан әл-Басридан басталған С. философия бірте-бірте қалыптасып, екі негізгі салаға: маламийа, исбатийа мектебі болып айрылды. Маламийа доктринасы (құрушысы Баязид Бистами (ө. ж. м. 874)) жалпы алғанда дәстүрлі түркілік дүниетанымдық негізде қалыптасып, дамыды. Маламийа – адам психологиясының терең сырларын танып, меңгеруге сүйенетін сопылық дүниетанымның ұлы мұраты – парасаттылық (ах-лақ) философиясы болып табылады. Маламийада Хаққа қызмет – халыққа қызмет ету болғандықтан, оның ең негізгі принципі адамды сүюге негізделген. Маламийада сопылық психол. халдердің бастысы маїу – адамның нәпсілік, хайуандық сипаттарын жою; сакр – адамның ашқ (қуатты махаббат) және уирд (зікір) арқылы фана (еркіндік) мақамына жету – мағынауи елту, ләззат алу; сатр – адамның өзінің ибадаты мен амалдарын жасыруы; уажд – адамның “өзін” жоғалтып, Хақты тауып – Аллаға қауышу. Филос. С. ағымының екіншісі – исбатийа, оның құрушысы Жунайд ал-Бағдади (ө. ж. м. 909) болып табылады. Исбат – адамның ғибадаты мен тағатында адамдық санасының сақталуы, үнемі зікірде болу. С. филос. сипат ала бастап, фақихтар мен сопылар арасында қайшылықтар бас көтерді. Бұл қайшылықтардың негізінде жатқан басты себептер: 1) суфилер жүрекке, сана-сезімге шабыт (илїам) арқылы келетін мағрифат пен батин (ішкі-номен) іліміне маңыз берсе, фақихтар Құран мен Сүннеттің захир (сыртқы феномен) мағынасына ғана маңыз бөлді. Ислам құқықшылары үшін Құран мен Сүннеттің сыртқы мағынасынан басқа ішкі, шынайы мағынасы жоқ; 2) суфилер рух мен нәпсіге, ал фақихтар сыртқы амалдық жағына маңыз беретін. Яғни, суфи рухани мәселеге, фақих практикаға көңіл аударды. Міне, осындай қайшылықтар негізінде фақихтар суфилер жайында күпірлік, дінсіздік, ширк сияқты пәтуалар шығарып, суфилерді қоғамнан аластады.
Ғазали С-қа философия мен қаламдық ойлау әдістерін енгізді. Үш түрлі сопылық филос. ағым пайда болды. Олар: Уахдат ул-Вужуд (болмыстың бірлігі), Уахдат уш-Шухуд (әр нәрседе тек Алланың болмысын көру) және Уахдат ул-Қусуд (Алланың ерік пен мақсат бірлігі). Уахдат ул Вужуд түсінігін жүйелі ағымдық мәнге айналдырған Мухи-уд Дин Ибн ул-Араби деп танылады. Ибн-ул Арабидің түсінігінде болмыс бір ғана ақиқаттан тұрады. Түрлену, көбею құбылыстары сыртқы сезімдердің қабылдауына қатысты көрініс беретін нәрсе. Алла ғана абс. ақиқат. Оның болмысының, барлығының себебі жоқ. Алла әуелден бар, ал одан басқа “еш нәрсе” жоқ болатын. Алла бізді осы формаларда жарататынын “әуелден” білетін. Оның бұл әлемдерді жаратудағы мақсаты да Өзінің “есімдерін, істерін, сипаттарын” көрсету, яғни Өзін таныту еді. Жаратылғандар да Оны осы есім, сипат, істер арқылы тану (Мағрифатуллаї) үшін жаратылған-ды. Міне, осындай түсінікке қарсы ислам әлемінде 16 ғ-да ислам философиясы тарихында “уахдат уш-шухуд” деп аталатын Имам Раббани (1563 – 1624) тарапынан қалыптасқан С. философия пайда болды. Алланың “жақындығы” субстанц. тұрғыдан емес, ілімі арқылы ғана мүмкін болады. Алланың ешқандай сандық (камииат) және сапалық (кайфийат) сипаты жоқ, ал әлем болса толығымен сан және сападан тұрады. Барлық жаратылған әлем Жаратушының есім және сипаттарының көріну, шағылысу құралдары. Сондықтан уажд (экстаз) және сакр (мағынауи елту) халдері кезіндегі жаратылғандар мен Алланың “Бір болып көрінуін уахдат-ул вужуд емес, уахдат уш-шухуд деген дұрыс”. Өйткені бұл хал ілімі тұрақты емес, өткінші. Ислам С. философия тарихында ерекше маңызы бар Уахдат ул-қусуд, яғни ерік пен мақсат бірлігіне негізделген моральдық-этикалық түсінік кең тараған. Адамның өз еркін тек Құран мен аяндағы құдайлық бұйрықтармен ғана үйлестіру емес, сонымен қатар адамның еркін Алланың еркімен үйлестіру арқылы оны кемелдендіруге бағытталған философия. Діни терминологияда шариғат – дін, тариқат – хақ пен ақиқатқа жету жолындағы діндегі арнаулы жол, түсінік деген сөз. Суфидің тәжірибесі ол жеке хәл, оның басқаларға түсіндірілуі, жеткізілуі мүмкін емес. Бұл хәл-трансцендентті табиғатта болғандықтан, сөзбен айшықтау, бұл хәлді басынан өткізбеген адамға түсіндіру тағы мүмкін емес. Суфилердің “лам йазуқ уа лам йагриф”, яғни “татпаған білмейді” сөзі осы хәлді анықтау үшін айтылған. Сондықтан суфилер хәлдерін түсіндіру үшін символдарға, антропоморфты ұғымдарға, метафораға, теңеу сияқты символдық-образды терминдер қолданады. Суфидің өзін физиол. әрі психол. бақылау процестері – аз ұйқы, аз ас ішу, ораза тұту сияқты риязат-жаттығулар, адамдармен белгілі уақыт аралығында байланысын үзу, (қылует немесе узлатке түсу) бүкіл сезім мүшелерін сыртқы байланыстардан үзіп, ішкі әлеміндегі құбылыстардан, қиялдардан арылту арқылы бүкіл қиялдау-ойлау қабілетін бақылауға алып, назарын тек “Тәңірдің үйі – қалбке” аудару. С-тағы зікір осы муракабаның өзіне сыни көзбен қараудың жүзеге асуына көмекші құрал. Сол арқылы дүниелік құмарлықтардан алыстап, илаїи ақиқаттарды тікелей қабылдауға дайын бір айна немесе таза рух хәліне келеді. “Мен – сен” хәлінен жеткен суфи, өзін “Ана-ал-Хақ” деп есептеу арқылы бүкіл болмыстарды “Бір” деп таниды. Өзін де сол бүтіннің сынығы ретінде көреді. Соңында суфи рухани тыныштық, кемелдік ішінде ғаламмен үйлесімділікті сезінеді, Тәңірдің жаратқан құлы екендігінің сырына, мәніне жетеді. Бұл – адамның рухани кемелдік хәлі. Қорыта айтқанда С. – ислам дінінің ішкі мәні, мазмұны, оның негізгі мақсаты – адамдық ар, рухани кемелдік.
Тасаууф ілімінде жүрек – иманның тұрағы, ұлы Жаратушыға деген сүйіспеншіліктің мекені болып табылады. Өйткені адамның өзегі, дәні, дененің патшасы болып табылатын жүрек немесе көкірек көзі иманмен оянып, мағрифатпен қанағаттанып, махаббатпен шабыттанып шекара танымай, заттың ішкі мәніне бойлай алады, тылсымды түсініп, ғайыпқа құлаш ұрады. Фахреддин Рази, имам Ғазали сияқты ғұлама ғалымдар мен Бейбарыс, Бабыр, Мұхаммед Хайдар Дулат сияқты мемлекет басшылары зуїд, яғни сопылық жолында болған. Ал Мухасиби, Келебази, Кушейри, Араби, Иасауи, Руми, Раббани, Жами сынды мутасаууфтар исламның қайнар бастауларына сүйене отырып сопылық жолдың әдебі мен тәртібін қалыптастырып, орнықтырған еңбектер жазды. Жалпы Абай, Шәкерім және қазақтың жыраулық поэзиясында сопылық сарынның басым екені белгілі. Мыс., жыраулық поэзияның көрнекті өкілі Дулат ақынның: “Күнәм – жойқын, тәубам – аз, Тіршіліктен не таптым? Дүние – жемтік, мен – төбет, Соны бақпай, не бақтым?” – дейтін өлең жолдары бар. Расында, С. – Тәңір алдында тізе бүгіп, қатесін ұғып, тәубаға келіп, Абайша айтқанда “ынталы жүрек, шын көңілмен” егіліп, Жаратқанға жалбарынып, Құдайға құлшылық қылу. Міне, сол үшін сопылық жолды ұстану жеңіл емес. Сондықтан болса керек, Кердері Әбубәкір: “Сопылық деген ауыр жол, Ұстап жүрсе – тәуір жол. Сопылықты іздесең, Оқыған көп ғалым бол” – дейді. Мұнда ақын бабамыз С. жолға түсу үшін захир ілімін, Құран хадисті және шариғат негіздерін жетік меңгерген ғалым болу керек екенін ерекше ескертеді. Кемел адам, Абайша айтқанда “толық адам – өзінің қасиетіне, қалыбы мен негізіне мейлінше жақындаған асыл адам. Ол – кісілікке жат қылықтардан әбден арылып тазарған, ішкі жан дүниесі ағарып, рухани қасиетке ие болған адам”. Ұлы Абай кемел адамның сипаттары ретінде сыддық, кәрам, ғақылды көрсетеді. Мұнда сыддық – әділетпен, кәрам – шапағатпен, ғақыл – ғылыммен астасып кетеді. С. ілімнің негізгі қағидаларының бірі зікір салу болып табылады. Тасаууф ілімінде Зікір – Алла тағаланы еске алу. Зікірдің жария және құпия түрі, “ара зікірі” атымен белгілі түрі бар. Қазақ даласына ислам дінінің енуінде С-тың үлкен әсері бар екені белгілі. Осылайша бар ғұмырын дінге арнаған тақуа жандардың себеп болуымен ислам діні қазақ халқының күнделікті өмір салтында берік орын алды. Оның дәлелі ретінде Қ.А. Иасауи жырларынан бастау алатын абыздар мен жыраулар поэзиясы және Қорқыттан бергі ән-күйімізде С-тың сарыны бар екенін айтуға болады. Ислам дінінің қазақ даласында орнығуына үлкен ықпалы болған С. жол – тасаууф ілімі қазақтың дәстүрлі қоғамының рухани құндылықтары қалыптасып, мәдениеті мен өркениетінің дамуына зор ықпалы болды.
Әдеб.: Aіbberry A., Sufіsm, London, 1950; Kusayrі, Ar-Rіsala, Қstanbul, 1967; Anawatі G., C-Gardet C., Mystіque Musulmane, Parіs, 1968; Hucvіrі, Kasf-ul Mahcub, Қstanbul, 1982; Schіmmel A., Tasavvufun Boyutlarі, Қstanbul, 1982; Aynі M.A., Қslam Tasavvuf tarіhі, Қstanbul, 1985; Altіntas H., Tasavvuf tarіhі, Ankara, 1991; Abn Nasr Sarrac at-Tusі, Al-Luma, Ankara, 1996.
Д. Кенжетай, Д. Қыдырәлі