Жаңалықтар

Соңғы он жылда елімізде қанша жұп некелесті

Соңғы он жылда елімізде қанша жұп некелесті
Фото: © Pixabay.com 09.09.2023 04:26 1096

10 қыркүйекте Қазақстанда Отбасы күні атап өтіледі. Осыған орай Ұлттық статистика бюросы соңғы жылдары отбасын құрғандар саны туралы статистика ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2012 жылмен салыстырғанда 2022 жылы тіркелген некелер саны 164 мыңнан 128 мыңға дейін азайды.

Тиісінше некелесу коэффициенті де төмендеген. Егер 2012 жылы 1000 адамға 9,81 жұптан келсе, 2022 жылы — 6,54 жұп.

Өңірлер бөлінісінде қарасақ, тұрғындар арасындағы некелесудің ең жоғары коэффициенті Астанада тіркелді, 1000 адамға 8 жұп. Ең төменгі коэффициент Ақмола мен Абай облыстарында — 6,1.

Айта кету керек, соңғы 20 жылда некеге тұрушылардың ең жоғары көрсеткіші 2012-2013 жылдары байқалды. Мәселен, 2002 жылы некелесу коэффициенті 6,6 болған.

Неке санының төмендеу факторларының бірі — некеге тұрған халықтың жас құрылымының ерекшелігімен байланысты. Егер 2010 жылдары туу көрсеткіші жоғары болған 1985-1990 жылғы ұрпақ некеге тұрса, 2020 жылдан кейін туу көрсеткіші төмен болған 1995-2000 жылдары туылған ұрпақ отбасын құра бастаған.

Ерлер үшін некеге тұрудың орташа жасы (алғашқы неке) 28 жас, әйелдер үшін — 25,2 жас.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға