Жаңалықтар

Соңғы кездері АҚШ-та қазақ тіліне сұраныс артты - Массачусетс университетінің студенті

Соңғы кездері АҚШ-та қазақ тіліне сұраныс артты - Массачусетс университетінің студенті
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 19.07.2024 15:30 1081

Соңғы уақытта шетелде жүріп қазақ тілін, мәдениетін, өркениетін көрсетіп, танытып жүрген жастардың қатары артып келеді. Солардың бірі – Нұрсұлтан Асылов. Бүгінде ол АҚШ-тың Массачусетс штатындағы Массачусетс университетінің доктарантурасында оқып жатыр. Білім алумен қатар Нұрсұлтан «Centre for new Americans» орталығында иммигранттарға ағылшын тілін үйретеді. Сонымен қатар университетте қазақ тілінен сабақ береді. Сөзінше, бұған профессоры Сэт Кейбл бастама болған. Осы тұрғыда El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі қазақ тілін шет елде үйретіп жүрген студентпен сұхбат құрды.

Нұрсұлтан бала кезінен көп тіл меңгеруді, шетелде білім алуды армандаған. Сол мақсатына біртіндеп жетті. Ол мектеп бітірген соң Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Шет тілдері» факультетін тәмәмдаған. Оқу бітірген соң Канаданың Оттава қаласына аттақшы болған. Бірақ визамен мәселе пайда болған соң, бара алмай қалады. Сөйтіп, Астана қаласына қоныс аударып, Назарбаев зияткерлік мектебіне жұмысқа тұрады. Университетте ашылған «Білім беру саласындағы көшбасшылық» бағдарламасымен грантқа түсіп, екі жыл магистратурада оқиды. Магистр ретінде тіл саясатын зерттеп, ғылыммен айналысады. Бұл салаға қызыққаны сонша әрі қарай докторантурада білім алуды ұйғарады. Сөйтіп 2022 жылы АҚШ-тың Массачусетс университетіне «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға түседі.

Мен білім алып жатқан университет Бостон қаласынан 2 сағаттық жерде орналасқан. Бостон – Американың академиялық астанасы. Мұнда шетелден келіп оқитын студенттер өте көп. Оның ішінде қазақтар да бар. Университетте шамамен 100 шақты қазақстандық студент бар. Тек қана білім алып жатқан емес, тәжірибе жинап, ғылыммен айналысып, жұмыс істеп жатқандарын да кездестіруге болады. Атап айтсақ, әлемдегі үздік оқу орындардың бірі МІТ, Гарвард университетінде қазақстандықтар көп. Не себепті АҚШ? Өйткені, АҚШ-тың білім саласы үздіктердің қатарында. Ғалымдары, профессорлары, мамандары жақсы және түрлі мүмкіндіктер қарастырылған. Студенттерге университеттің ішінде түрлі зерттеулермен, ғылыммен айналысуға, сабақ беруге жағдай жасалған, - дейді қазақстандық студент. 

Нұрсұлтан докторантурада «Тілдер, мә­дениет және сауаттылық» мамандығында оқып жатыр. Биыл екінші курсты бітірді. Алда әлі екі курс оқиды. Университетте жыл сайын әлемде сирек кездесетін тілдерді таңдап, оны зерттеп, үйренеді екен. Нұрсұлтанның сөзінше, былтыр қазақ тілі таңдалды және студенттер оны үйреніп жатыр.

Бір күні профессор Сэт Кейблмен күтпеген жерден кездесіп қалдым. Сөйтіп, ол менің резюмеме қарап, қазақ екенімді көріп, қазақ тіліне қызығушылық танытты. Ол ленгвист болғандықтан өзге тілдерге қатты қызығады. Өзі де көп тілді біледі. Бірнеше тілдердің құрылымын зерттеген маман. Арада екі апта өткен соң маған хат келді. Онда «Шет тілдерін талдау» атты сабақ болатыны жайлы жазылған. Бұл сабақ бойынша жылда әр түрлі тілдер таңдалады. Ерекшелігі өте сирек кездесетін тілдерді таңдайды. Осылайша былтыр таңдау қазақ тіліне түсті. Профессордың өзі студенттерге қазақ тілінің құрылымы қызық екен деп ұсыныс жасаған. Профессордың қолдауымен қазақ тілін үйретіп бастадым, - дейді кейіпкеріміз.

Оның айтуынша, студенттер тіл үйренген соң ол туралы ғылыми мақала жазады. Бүгінде лингвистика саласының болашақ ғалымдары қазақ тілін зерттеп жатыр. 

Қазақ тілі қатты қиын емес. Профессорлар бір айдың ішінде көп нәрсені үйренді, тіпті сөйлем құрап бастады. Бүгінде акцентсіз таза қазақ тілінде сөйлейтін деңгейге жетіп қалды. Тіл үйрету жағынан ешқандай қиындық болған жоқ. Сондықтан барынша сабақты қызықты етіп өткізуге тырыстым. Видеоларды көрсеттім, аудиолармен жұмыс істедік. Негізінде шетелдіктерге қазақ тілін үйрету бойынша бағдарлама жоқ. Дегенмен интернеттен ақпарат іздеп, қолдан келгенше әдістемесін жасадық, - дейді ол.

Нұрсұлтан соңғы кездері АҚШ-та қазақ тіліне сұраныс көбейіп, қызығушылық артқанын айтады. Тіпті Гарвард, Индиана университеттерінде  қазақ тілі  оқытылады. АҚШ-қа оқуға келген студенттер барынша Қазақстанның тілін, мәдениетін, өркениетін танытуға атсалысып жүргенін айтты.  

Ол алдағы уақытта міндетті түрде Қазақстанға қайтып, тәжірибесімен, білгенімен бөліскісі келетінін жеткізді.

Қазіргі таңда әлеуметтік желіде блок жүргіземін. Болашақта білім беру жобасын дайындап, ол бойынша жұмыс істеу мақсатым бар. Адамдарға интерактивті түрде қызықты етіп, ақпаратты жеткізуді қамтамасыз етуді ойластырып жатырмын. Оқуды тәмәмдап Қазақстанға қайтқан соң мектепте жұмыс істегім келеді. Түрлі реформаларды енгізу бойынша үйренген білімімді, теориямды тәжірибеге айналдыру жоспарым бар, - дейді Массачусетс университетінің студенті.

Оқудан тыс уақытта Нұрсұлтан «Centre for new Americans» орталығында иммигранттарға ағылшын тілін үйретеді.

Жалпы өзім 7 жылдан бері ағылшын тілінен сабақ беремін. АҚШ-та иммигранттарға көп көмек көрсетіледі. Қарастырылатын көмектердің бірі – ағылшын тілін үйрету. Иммигранттар азаматтық алуға тест тапсырған кезде ағылшын тілін міндетті түрде білуі керек. Сондықтан арнайы орталықтарда оқиды. Сабақ аптасына 4 рет өтеді, оның екеуі онлайн форматта. Тіл үйрететін мұғалімдерге жалақы беріледі, ал студенттер тегін өткізеді. Өзім де Америкада ағылшын тілінен сабақ беремін деп мүлде ойламаппын. Орталықтағы мамандар менің тәжірибемді көріп, бағалап, қуана-қуана жұмыс алған болатын, - дейді Асылов.  

Ол ересектерге сабақ беру­дің қыр-сырын меңгеріп жатқанын айта кетті.  

Көбіне пе­да­го­ги­ка балалар мен студенттерге арналған ғой. Ал ересек адамдардың білімін же­тілдіру ісі қа­­лыс қалып қояды. Аме­рикада ересек адам­­дардың сауатты болуына көп көңіл бө­леді. Мұнда жазу, сызуды білмейтін им­миг­рант­тар келеді. Оларды үйре­те­тін ар­найы маман ке­рек. Сондықтан мен қазір им­миг­ранттарға арнал­ған ор­талықта ағылшын тілінен са­бақ беремін, - дейді Нұрсұлтан Асылов.

Кейіпкеріміз әлеуметтік желі арқылы шет елде білім алғысы келетін азаматтарға кеңес береді. Олардың сұрақтарына жауап беріп, тіпті оқуға түсудің тиімді жолдарын айтып, көмектеседі.

Бүгінде консультацияға көп адамдар қатысады. Әлеуметтік желідегі парақшама түрлі қызықты контенттерді салып отырамын. Қазақтардан бөлек ТМД елдерінің азаматтары да консультацияма жазылып, көкейіндегі сұрақтарды қояды. Осы уақытқа дейін бірнеше адамға АҚШ-қа оқуға түсуге көмектестім деп айтсам артық емес. Солардың ішінде биыл EMIRI  университетіне, Вашингтон университетіне жеңілдікпен оқуға түскен азаматтар болды. Өз басым қазақтардың әлемдегі үздік жоғары оқу орындарына түсіп, білім алғанын қалаймын. Ел көріп, жер көріп көзі ашық жандардың қатары артқаны да еліміз үшін жақсы, - дейді кейіпкеріміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға