Солтүстік Қазақстанның Тереңкөл көлінде балық қырылуда
Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданындағы Тереңкөлде балық қырылды. Мамандар қазіргі уақытта балықтың өлексесі мен су сынамасын зерттеуге жіберді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
СҚО экология департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Аққайың ауданы Тереңкөлде 25 сәуір күні балық қырылу фактісі тіркелген.
Осыған орай өзара іс-қимыл схемасына сәйкес оқиға орнына экология департаменті, Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Аққайың ауданының ветеринария қызметі мамандары және «НПЦ РХ» ЖШС қызметкерлері аттанды.
Балықтың қырылу себебін анықтау үшін өлген балықтың ұшасы мен су сынамасы алынды.
«Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ мәліметінше, Тереңкөлде балықтың қырылғаны жайлы хабар оларға WhatsApp арқылы түскен.
«Тереңкөлде мөңке балығы қырылған. Өлген 100 кг балықты жинап, жою жұмысын ұйымдастырдық. Алдын ала болжам бойынша, таяз көл қыста түбіне дейін қатып, су жәндіктері ауа жетпей тұншығып өлген» деп хабарлады мекемеден.
Тереңкөл көлі Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылына 4,5 км жетпей орналасқан.
286 га аумақты алып жатыр, тереңдігі - бар болғаны 1,5 м. Кәсіпшілік балық аулау үшін «Зенченко и К» серіктестігіне бекітілген екен.
Былтыр СҚО көлдерінде 7 рет балық қырылу дерегі тіркелген.