Солтүстік Қазақстан облысында 13 мың жаңа жұмыс орны құрылады
Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Астраханка және Полтавка ауылдарына барып, елдегі жұмыс күші артық өңірлерден келген қоныс аударушылармен кездесті, деп хабарлайды El.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ералы Тоғжанов өзге аймақтардан көшіп келген отбасылардың өмір сүру жағдайымен танысты. 2016 жылдан бастап аймаққа 11 000-нан астам адам көшіп келген. Еңбекке қабілетті 4,6 мың адамның 3,6 мыңы жұмыспен қамтылды, келгендердің тұрақтап қалу көрсеткіші-94%.
Осы бағдарламаның арқасында 5 жыл ішінде кадр тапшылығы 2 есеге, оның ішінде ауыл шаруашылығында - 1,5 есеге, денсаулық сақтауда - 1,3 есеге, білім беруде – 2,5 есеге төмендеді.
СҚО-ға тұрақты тұруға келгендердің бірі-Фатима Нәбиева. Ол солтүстікке Маңғыстау облысынан көшіп келген. Қазір жергілікті дәрігерлік амбулаторияда жалпы тәжірибелік дәрігер болып жұмыс жасайды.
«Солтүстік Қазақстан мені жылы қабылдады. Бұл жердің климаты жанға жайлы және өмір сүру үшін жақсы жағдайлар жасалған. Мені тұрғын үймен және жұмыспен қамтамасыз етті. Барлық қажетті квоталарды берді», - деді Фатима Нәбиева.
5 жыл ішінде 500-ге жуық отбасы 270 млн. теңгеге гранттар мен несиелер алып, өз ісін ашты. Осы жылдың соңына дейін облысқа 2,5 мың адам көшіп келеді. Бүгінгі күнге дейін 1320 адам келді, барлығына субсидия төленді. Қазірдің өзінде 200 отбасы өз ісін ашуға дайын.
«Біз ауылдардың дамып келе жатқанының нақты мысалдарын көріп отырмыз. Қоныс аударушыларға жан-жақты көмек көрсетілуде. СҚО-ға еліміздің әр өңірінен адамдар келуде. Алматы, Түркістан, Маңғыстау облыстарынан қоныс аударушылар бар»,-деді вице-Премьер.
Үлгілі ауылдардың бірі-Полтавка. Мұнда «Полтавское» ЖШС өз қаражаты есебінен 40 орындық балабақша ашты. Құрылысқа 340 млн. теңге бағытталды. 11 жаңа жұмыс орны ашылды. 30 баладан жинақталған топ құрылды.
Сондай-ақ, кәсіпкерлер ауыл тұрғындарының қосалқы шаруашылығын қолдаудың табысты тәжірибесін енгізді. Тұрғындар ЖШС-тен он күндік бұзау сатып алып, оларды әрі қарай сату үшін бағып өсіре алады. Осылайша әркім өз қосалқы шаруашылығын нөлден бастай алады.
Одан кейін Премьер-Министрдің орынбасары Петропавлға жұмыс күші артық өңірлерден қоныс аударған бес отбасымен кездесті. «Alageum Electric» АҚ оларға қызметтік тұрғын үй берді. Компания өз қызметкерлері үшін 40 пәтерлік бұрынғы жатақхана ғимаратын жөндеуден өткізді. Қазір кәсіпорын жұмысшылар үшін 104 пәтерлік үй салуда.
Кездесулерден кейін Ералы Тоғжанов азаматтардың қоныс аударуы және халықтың табыс деңгейін арттыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Солтүстік Қазақстан облысында биыл 13 мың жаңа жұмыс орны құрылады, бүгінде 11 мыңнан астам жұмыс орны ашылды, оның 72% - ы тұрақты жұмыс орындары.
5 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орындарын құра отырып, 42 инвестициялық жобадан 583 млрд. теңге сомасына пул құрылды.
Ағымдағы жылы 53 млрд. теңгеге 19 инвестициялық жоба іске қосылып, 1 300-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша шаралар атқарылуда. Бұл мақсатта қаржыландыру көлемі 1,4 млрд. теңгеден 6 млрд. теңгеге дейін 4 есеге ұлғайды.
Жастарды жұмыспен қамту «Бірінші жұмыс орны», «Жастар практикасы» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары шеңберінде жүзеге асырылады. Жыл басынан бері облыс бойынша 3,5 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылды. Жыл соңына дейін 6 мыңнан астам адам қамтылатын болады.