Жаңалықтар

Соғыстан қайтпағандарды арнайы сайттан іздей аласыз!

Ресейлік ақпараттық кеңістікте www.obd-memorial.ru атты үлкен ақпараттық сайт бар. Онда сіз Ұлы Отан соғысы жылдары және одан кейінгі уақытта қайтыс болған немесе іс-түссіз жоғалып кеткендер жайлы ақпарат ала аласыз.
27.02.2015 05:22 13371

Ресейлік ақпараттық кеңістікте www.obd-memorial.ru атты үлкен ақпараттық сайт бар. Онда сіз Ұлы Отан соғысы жылдары және одан кейінгі уақытта қайтыс болған немесе іс-түссіз жоғалып кеткендер жайлы ақпарат ала аласыз. Бар болғаны сол адамның аты-жөнін, туған жылын және әскери атағын білсеңіз білу қажет. 

Соғыстан қайтпағандарды арнайы сайттан іздей аласыз!

Осы сайт арқылы өз туыстарын тауып алып жатқан қазақтар да бар екен. Солардың бірі Кеңесбаев Бекжан.

Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Аса ауылында тұратын Кеңесбаевтар әулеті үлкен жаңалыққа кенелді. Әулеттің ортаншы ұлы Бекжан Кеңесбаев интернеттегі «Мемориал» сайтынан Ұлы Отан соғысында қаза тапқан нағашы атасы Мәлімбаев Сембай мен көкесі Кеңесбаев Сейітхан туралы тың деректер тауып алып, анасы Айжамал Сембайқызына табыс етті.
«Әкем майданға аттанғанда мен екі жастағы бүлдіршін екенмін. Түр-әлпеті есімде қалмапты. Одан көп ұзамай анам ауырып қайтыс болған. Осы аласапыран заманда ағам Әсіл мен әпкелерім де оң қол, сол қолын танып үлгермеген жас болатын. Үйде әкемнен келген одан өзге еш хат-хабар сақталмаған. Ол кісінің қай күні қайтыс болып, сүйегі қай жерде жатқанын да білмей іштей өкініште жүруші едім. Бекжанымның көзі қарақтылығының арқасында әкемнің соңғы түскен суретіне дейін көріп, аруағына Құран бағыштайтын күнді білдім. 87-атқыштар дивизиясының құрамында шайқасып, майдан шебінде қаза тауыпты. «Мемориал» сайтын жасаған адамдарға мың да бір рахмет. Әкемнің соғыста жүріп өткен жолын құжаттар арқылы көрсетіп, көз алдыма тізіп берді. Ендігі арманым – не өзім, не балалардың біреуі зиратына туған жердің топырағын салып келсе деймін. Бәлкім, мына суреттегі қасында отырған адамдардың ішінен көзі тірілері де бар шығар. Анау екі жас жігіттің түрі қазаққа ұқсайды екен. Өздері менің әкемнен анағұрлым жас сияқты. Ғайыптан тайып, осы дүниеде бар болып, суретті тани қалса, хабарлассыншы. Біз Тараз қаласы маңындағы Аса деген ауылда тұрамыз» дейді бүгінде жетпістен асқан Айжамал апа.

Мәлімбаев Сембайдың қайтыс болғандағы заттарының арасынан табылған сурет. Кеңесбаевтар әулеті қолы таңулы кісі Сембай атамыз болар деп жорамалдайды.

Бұл шаңырақтан майданға аттанған тағы бір азамат – Айжамал апаның туған қайын ағасы Сейітхан Кеңесбаев. Ол кісі осы күнге дейін хабарсыз кеткендер қатарында. «Мемориалдан» Сейітхан Кеңесбаетың майданға 1942 жылдың қаңтарында шақырылып, Көкшетау қаласында жасақталған запастағы 3-атқыштар дивизиясының запастағы 367-атқыштар полкіне қатардағы жауынгер ретінде алынғаны жайында ақпарат табылды. Жиырма жастағы өрімдей жас сұрапыл соғыстың қақ ортасына түсіп, ізім-қайым жоқ болды. 1957 жылы Сейітхан Кеңесбаевтың әкесі Кеңесбай Төребек ұлына іздеу салып, Подольскідегі Қорғаныс министрлігінің мұрағатына сұрау жолдаған, алайда жоғарыда келтірілген ақпараттан басқа ештеңе табылмаған.
Ал бүгінгі таңда Кеңесбаевтар әулеті «Мемориал» сайты арқылы Сейітхан ағамыз құрамында болған 367-атқыштар полкінің жүріп өткен жолы туралы ақпаратқа қанық боп отыр. 367-атқыштар полкі әйгілі «Марс» құпия операциясы жүргізілген Гредякино деревнясында да болыпты. 1942 жылдың жазында жүргізілген «Марс» операциясы сәтсіз аяқталып, оған қатысқан жауынгерлердің 75% қаза тапқан. Операция кезінде жарты айдың ішінде 20 000-ға жуық қазақтандық жауынгер мерт болған. Бірақ ресми деректер бойынша әлі күнге дейін олардың көбісі із-түссіз жоғалғандар қатарында саналып келеді. «Марс» операциясының құжаттары құпия сақталып, енді-енді ғана жарыққа шығып жатыр. Бауырлары Сейітхан ағамыз осы «Марс» операциясы кезінде жоғалып кетуі мүмкін деп болжамдап отыр. Ағамызды іздестіру әлі де жалғаса бермек.

«Мемориал» сайты – Ұлы Отан және Ауған соғыстарынан оралмаған жауынгерлер тізімі жарияланған ең үлкен ақпараттық анықтамалар банкі. Сайт 2003 жылдың 23-сәуірінде Ресей Федерациясының Қорғаныс Министрлігінің үкіміне сәйкес жасалынған. Сайттың басты мақсаты – миллиондаған азаматтарға соғыста қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен туыстары мен жақындарының тағдыры, жерленген жері туралы ақпарат беру.
Сайтта соғыстарда жоғалған 13,7 млн адам туралы сандық құжаттардың көшірмесі және 38 мың мұрағат істері тіркелген. Қосымша тағы да 1000 томнан аса естелік кітаптары енгізілген. Мәліметтер бөлімінде 29 миллион мұрағат жазбасы және естелік кітаптарынан 10 миллион жазба келтірілген. Сайт өз жұмысын 2006 жылы бастаған, бірінші бөлігі ғаламтор бетінде 2007 жылы пайда болыпты. Сайттың іздестіру парағына жауынгердің есімін не соғысқа аттанған жерін жазсаңыз, алдыңызға ол туралы бар мәліметті жайып салады. «Мемориал» туралы бұлай егжей-тегжей әңгімелеп отыруымыздың себебі мұндай сайттың бар екенін кей отандастарымыз білмейді екен.


«Мемориалдың» жақсылықтарымен қатар кемшіліктері де жетерлік. Көптеген қандастарымыздың есімі орыс тілінің орфоэпиясы бойынша өрескел бұзылып жазылған.

Тіпті орыстың айтуына оңай «Сембай» деген есімнің өзі кей құжатта «Самбай» боп кеткен. Екіншіден, ол сайтта жауынгердің ұлты көрсетілмеген. Орыс жерін жаудан қорғауда өзге ұлттардың қаны судай төгілгенін көрсету қажет-ақ боп тұр.

Осы тәрізді тағы бір халықаралық іздестіру сайты www.podvignaroda.ru. Мұнда Ұлы Отан соғысында орден-медальдармен марапатталған жауынгерлер туралы ақпарат орналасқан. Фин соғысында хабар-ошарсыз кеткендер туралы www.winterwar.karelia.ru сайты бар. Осылардан басқа: www.ipc.antat.ru, www.soldat.ru сайттарының бар екенін құлағдар етеміз.
Бір өкініштісі, бұл сайттардың бәрі бөтен мемлекеттің дүниесі. Қазақ елінде жасалған www.memorial.kz деген сайтты білеміз. Ол – қазақстандық профессор Майдан Құсайынов жетекшілік ететін «Мемориальная зона» іздестіру отрядының анықтамалық сайты. Бұл отряд жиырма жылдан бері Ленинград қаласы маңындағы Синявин қыратында болған шайқаста қаза тапқан 310 және 314-дивизиялардың қазақстандық жауынгерлері туралы ақпарат жинақтаумен және оларға қатысты зираттарын күтіп-баптаумен айналысып келеді.


Дәурен Омаров

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға