Жаңалықтар

Смайылов Екатеринбургте Қазақстанның Бас консулдығының ашылу рәсіміне қатысты

Смайылов Екатеринбургте Қазақстанның Бас консулдығының ашылу рәсіміне қатысты
Фото: t.me/KZgovernment 10.07.2023 13:12 1045

Премьер-министр Әлихан Смайылов XIII «ИННОПРОМ» халықаралық өнеркәсіптік көрмесіне қатысу үшін Екатеринбург қаласына (РФ) жұмыс сапарымен барды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Үкімет басшысы, ең алдымен, қаладағы Қазақстанның Бас консулдығының ашылу рәсіміне қатысты.

Бас консулдық жұмысы Қазақстан Республикасының өңірлері мен кәсіпорындарының Ресей Федерациясы өңірлерімен сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын кеңейтуге, сондай-ақ тиісті консулдық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Жаңа дипломатиялық нысанның жұмысы Орал федералды округінің бүкіл аумағын, атап айтқанда Свердлов, Челябі, Қорған, Түмен облыстарын, сонымен қатар Пермь өлкесін қамтиды.

Жалпы осы консулдық округтің аумағында 90 мыңнан астам қазақ, оның ішінде Қазақстаннан келген 7 мыңнан астам студент бар.

Салтанатты рәсім кезінде Үкімет басшысы Әлихан Смайылов пен Свердлов облысының губернаторы Евгений Куйвашев қызыл лентаны қиып, артынша Бас консулдықтың ғимаратын аралады.

Премьер-министрдің айтуынша, Оралдың қақ орталығында Бас консулдықтың ашылуы біздің достық қарым-қатынастарымыздың дамуына елеулі серпін береді.

Сонымен қатар Үкімет басшысы 10 жыл бұрын Екатеринбургте екі ел президенттері қол қойған ХХІ ғасырда тату көршілік пен одақтастық туралы шарт аясында стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту шаралары белсенді жалғасып келе жатқанын атап өтті.

Бүгінде Қазақстанның облыстары мен қалаларының Ресей субъектілерінің көпшілігімен тұрақты диалогы орнатылған. Бұл тұрғыда Орал аймағы географиялық жақындығы жағынан да, өнеркәсібі дамыған Свердлов, Қорған, Түмен, Челябі облыстарымен және Пермь өлкесімен қалыптасқан сауда-экономикалық байланыстар жағынан да өте маңызды, – деді Әлихан Смайылов.

Сөз соңында премьер-министр ҚР Бас консулдығы мемлекетаралық ынтымақтастықты дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдіріп, оның қызметкерлерінің жұмысына табыс тіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға