Смайылов Алматы қаласының басшылығын сынады
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында 8 ай ішінде негізгі капиталға инвестициялар тарту қарқыны және ірі инвестициялық жобаларды іске асыру барысы қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 9,6 трлн теңгені құраған, бұл өткен жылдың қаңтар-тамыз айларына қарағанда 12,2%-ға артық.
Премьер-министр жыл соңына дейін негізгі капиталға ең кемі 18,5 трлн теңге инвестиция тарту қажеттігін атап өтті.
Алайда, 8 айдың қорытындысына сәйкес жылдық жоспар небәрі 52%-ға орындалған.
Әлихан Смайылов негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша ең төмен көрсеткіштіркелген, яғни есепті кезеңде белгіленген жоспардың небәрі 54%-ын орындаған Ұлытау облысын мысал ретінде келтірді.
Бізге жоспардың келесі жылы емес, биыл орындалғаны қажет. Егер инвестициялар биыл тартылатын болса, онда біз нәтижесін келесі жылы көреміз. Ал, мәселе келер жылы шешілсе, жоба тек 2 жылдан кейін ғана нәтиже береді. Оны күтіп отыратын уақыт жоқ. Нәтижені халық қазір көруі тиіс. Жұмыс орындары қазір керек, — деп сынға алды Үкімет басшысы.
Алматыда да бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру тоқтап қалған.
Аталған мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров баяндама жасады, алайда ұсынылған ақпарат Үкімет басшысын қанағаттандырмады.
Сіз мәселенің тігісін жатқызып, әдемі баяндайды екенсіз, бірақ фактілер мен сандар басқаша сөйлеп тұр. Сіздің мәлімдеуіңізше инвестициялар бойынша нақты көлем индексі 100,1%-ды құрайды, ал, іс жүзінде өткен жылдың деңгейінде тұр. Бұл әлі күнге алға жылжу жоқтығын білдіреді, яғни өткен жылмен салыстырғанда өсім жоқ. Жұмысты күшейтіңіз. Сіздерде бірқатар инвестициялық жобалар тоқтап тұр. Оларды іске асыруды жеделдетіп, пайдалануға беріңіздер. Келесі жылды күтпей, биыл нәтиже көрсетуіміз керек, — деді Әлихан Смайылов.