Жаңалықтар

Смартфоннан табысқа дейін: маңғыстаулық жастар заманауи мамандық бойынша білім алды

Смартфоннан табысқа дейін: маңғыстаулық жастар заманауи мамандық бойынша білім алды
Фото: Маңғыстау облыстық Жастар ресурстық орталығы 02.05.2025 10:12 192

Маңғыстау облыстық Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Талаптан» әлеуметтік жобасы аясында үш күндік арнайы курс аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Курс кезінде Карина Изенова қатысушыларды мобилография, контентмейкер мамандығына баулыса, Ұлжан Молдаш графикалық дизайн мамандығына үйретті.

«Жастар орталығында» өткен NEET санатындағы жастарға арналған арнайы курсқа 18-35 жас аралығындағы жұмыссыз жастар мен декреттегі аналар 60-қа жуық адам қатысты. Олардың арасында көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар бар.

Аталған жоба аясында көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 60-қа жуық адам кәсіптік бағыттағы оқытудан өткенін ерекше атауымыз керек. Үш күнге созылған оқыту барысында қатысушыларға әлеуметтік желілермен жұмыс істеу бойынша заманауи мамандықтардың тәжірибелік сабақтары ұйымдастырылды. 

Бүгінгі жастар – ертеңгі қоғамның тірегі. Сондықтан біз оларды заман талабына сай мамандықтарға бағыттап, нақты дағдылармен қаруландыруды басты міндетіміз деп санаймыз. «Талаптан» жобасы аясында өткізілген бұл курс – соның айқын дәлелі. Қатысушылар заманауи мамандықтарды игеріп қана қоймай, өз-өзіне деген сенімділікті арттырды. Біз үшін әрбір жастың өзін табуы, шығармашылығын ашуы және болашақта табысты болуына мүмкіндік жасау – ең үлкен жетістік. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз алдағы уақытта да жалғасын табады, - деді өңірлік жастар орталығының директоры Гүлмира Бурхандинова.

Сондай-ақ қатысушылар үш күндік сабақ аясында мобилография және графикалық дизайн бойынша пайдалы нәрселер үйренгенін тілге тиек етті.

Мен бұл курсқа алғашында жай қызығушылықпен келдім. Осы дәріске қатысу арқылы өзімнің жаңа қабілеттерімді аштым деп толық сеніммен айта аламын. Телефонмен сапалы видео түсіру, монтаж жасау, әлеуметтік желіде дұрыс контент жүргізу – осының бәрін Карина апай өте түсінікті әрі шабыттандыра отырып үйретті. Енді мобилографияны табыс көзіне айналдырғым келеді. Осындай мүмкіндік үшін Жастар орталығына үлкен рахмет! - деді қатысушы жастарды бірі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға