Жаңалықтар

Словениядағы сәтсіздік

Еуро-2019. Қазақстан жастары жеңіліс тапты
Словениядағы сәтсіздік
12.09.2018 09:28 3590

Словения (U-21) – Қазақстан (U-21) – 2:1 (1:0)

Гол салғандар: 1:0 Липушек, 11, 1:1 Федин, 79, 2:1 Глиха, 89

Словения (U-21): Сорчан, Кухар, Брекало, Пишек, Липусшек, Глиха, Врбанец, Станкович, Вокич, Репас (Петрович, 82), Млакар (Озбольт, 65).

Қазақстан (U-21): Трофимец, Әбілғазы, Орынбасар, Кусяпов, Соколенко (Ходжамов, 79), Федин, Оразов, Жагоров, Перцух (Калмұратов, 57), Антипов (Наджарян, 68), Солтан.

Словениялық жастарды баптайтын Примож Глиха Астанадағы өткен ойынмен салыстырғанда бір ғана ойыншысын алмастырыпты. Врбанец алаңдағы рөлін шабуылшымен ауыстырған. Ал ол жұмысты атқарған Бийол бізге белгісіз себеппен мүлде матчқа қатысатындардың тізімінде жоқ. Қазақстан жастар құрамасының бапкері Талғат Байсуфинов біршама өзгерістер енгізіпті. Жандос Солтан шабуыл шебінде Оралхан Өміртаевты алмастырса, орталық алаңға Наурызбек Жагоров шықты. Ал қорғаныста Сағадат Тұрсынбайдың орнын Талғат Кусяпов басқан. Ойынның 10 минуты өтер-өтпестен алаң иелері есепте алға шықты. Словендердің жаттықтырушысы ойын тактикасын дұрыс таңдаған секілді. Дәл сол Врбанец командасына корнер әперіп, оны өзі орындады. Бұрыштамадан келген доп Липушектің басын тауып, қақпадан бір-ақ шықты. Трофимец шарасыз қалды. Кездесу басынан-ақ, қазақстандықтар ойынның мұндай бағыт алатынын күтпесе керек. Оның үстіне екінші орын үшін таластың қызығы да кеткен сияқты. Бірақ, турнир кестесінде екінші орынға жайғасудың алып келетін ешқандай пайдасы жоқ. Себебі, басқа топтағы құрамалардың ұпайы әлдеқашан 15-тен асып кеткен. Олар енді өз мүмкіндіктерін жібере қоймас.

Десе де, қонақтар еңселерін түсірмей алда белсенді ойын өрнегін көрсетті. Стандартты орындаған Оразовтың добын Кусяпов керегіне жаратып, тамаша соққы жасаған. Қақпашы өз орнынан табылды. Одан кейін словендердің қорғанысы Сорчанға көмекке келіп, бір қауіптің бетін қайтарды. Бұл шабуылдардың ізін ала қонақтар да алға ұмтылды. Глиха алғашында өзі теуіп көрген, бірақ қиыс, одан кейін бұрыштамадан Брекалоға пас жеткізді. Оның соққысы қауіпті болғанмен, біздің бағымызға орай маңдайшадан биік ұшты. Одан кейін Солтан да алаң иелерінің қорғанысын бір сынап көрді. Сосын қос командада алаң ортасында қызу талас жүргізді. Ол таластың ұзақтығы шамамен он минутқа созылды. Қазақстандық жастар қарсыластарына қарағанда ширақ қимылдап, алаң иелерін тығырыққа тіреумен болды. Алайда, олардың шабуылына өткірлік жетіскен жоқ. Словендер Глихтің көмегімен стандарт орындап, Станковичтің  қиыс соққылары есте қалды. Ал Млакар екі рет қақпаға тура соққы жасап, Трофимецтің шеберлігін сынап бақты. Қос соққыға да «Ақтөбе» футбол клубының жас кипері лайықты жауап берді. Әсіресе, екінші сэйв көрер көзді сүйсіндіретіндей. Одан кейін Станкович спорттық снарядты өз ойындағыдай бағыттай алмай, қиыс жіберсе, Фединнің соққысын қорғаушылар қайтарып тастады. Орынбасар да Сорчан қорғаған қақпаны көздегісі келген, оның добы тура ұшпады. Ал Кусяповтың допты қақпашының төбесінен тастай салам деген ойын Сорчан оқып қойды. Осылайша, қос команда үзіліске кетті. Алғашқы 45-минуттықтағы ойын деңгейі жоғары қарқынмен өтті. Алаң иелері есепті еселеуді көздесе, қонақтар таразы басын теңестіру үшін бірнеше шабуылдар ұйымдастырғанмен, гол салудың сәті түспеді. Екінші ойын бөлігіне Талғат Байсуфинов шәкірттері қандай сыйлық дайындар екен?

Екінші 45-минуттықта да ойын барысына айтарлықтай өзгеріс ене қоймады. Қазақстандықтар допқа көбірек иелік еткенімен, Сорчан қақпасының алдында шын қауіпті сәттер туған жоқ. Ал қарсыластар қақпаға жақсы соққылар жасап Трофимецті жұмыссыз қалдырмауға тырысып бақты. Станкович орта дистанциядан бағын сынап көрді, қақпашы тағы бір жақсы сейвпен көзге түсті. Липушектің дубль жасайтын тамаша мүмкіндігі болды. Перцух словендер қорғанысын бұзып-жаруға шамасы жетпеді, қарымта шабуылда Кусяпов Врбанцтың алдын орап кетті. Перцухтың орнына шыққан Қалмұратов ойынға араласа сала, белсенді қимылдай бастады. Оның оң қапталдан бағыттаған добы Сорчанның қолынан табылды. Алаң иелерінің қарымта шабуылы корнермен аяқталды. Қазақстандықтар да олардың шабуылын орта жолдан үзіп, өздері алға ұмтылды. Ендігі, біздің пайдамызға бұрыштама. Одан келген допты тепкен Солтанның алдына қорғаушылар кесе-көлденең тұрса, Фединнің жойқын соққысы қақпадан қиыстау кетті. Уақыт словендерге жұмыс жасап жатқаны Байсуфиновтың мазасын кетіргені рас. Бас бапкер орталықты күшейту үшін Наджарянды ойынға араластырды. Геворг қазақстандықтардың ойынына қан жүгіртті. Негізгі уақыттың аяқталуына он минуттай қалғанда Жагоров қарсыласпен таласа жүріп, допты өзінде қалдырып, сол қапталдан Фединге пас жеткізді. Страйкер рөліне көшкен Максим Сорчаннан айласын асырып кетті. Есеп 1:1. Ендігі екінші орын үшін талас қыза түспек. Тең есеп алаң иелерін қанағаттандырмайтыны түсінікті. Олар барын сала, алға жүгірді. Бір түсінбейтін жайт, қазақстандықтар гол салған соң, тайлы-тұяғы қалмай, қорғанысқа кетіп қалатыны. Бір ұпайдың бағасы зор секілді. Жасыл алаңда жан алысып, жан берісу! Петрович қақпаға тура соққы жасай алмады. Сол сияқты Қалмұратовқа да дәлдік жетіскен жоқ. Бұл ойында алаң иелерінің жолы болды. Себебі, соңғы минуттары олар алға ұмтылғандары үшін марапатталды. Әбілғазы Станокчиті шалып жықты. Стандарт орындауға мүмкіндік алған словендердің Глих секілді шебер ойыншысы бар екен. Оның тепкен добы жерге тиіп Трофимц үшін алынбастай болды. Осылайша, таблода 2:1 есебі тіркелді. Төреші қосқан уақытта Петрович ойын нүктесін қоюға жақын болған. Бірақ, біздің қақпашы тағы бір керемет сейв жасады. Бұл есеп алаң иелері үшін өте қолайлы еді. Ал Қазақстаннан барған жігіттер ойында басымдыққа ие бола тұра, тең есепті де сақтап тұра алмады. Соңғы минутта гол жіберу синдромы жастарды да айналып өтпегендей. Словендермен тең дәрежеде тер төксе де, қос ойында бар болған бір ғана ұпайды қанағат тұтуға тура келеді. Енді, ешқандай мүмкіндік қалмады. Дәл ұлттар лигасындағы Қазақстан құрамасының тағдыры қайталанып жатқандай. Қос ойында 5 жоғалған ұпай... Қазақстан футболында қаралы қыркүйек....

Фото: kff.kz

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға