Славян халқының өрнектері
Бүгінгі санымызда Славян халқының өрнектерін талдайтын боламыз.
Композициясы, құрылымы жағынан қазақ халқының ою-өрнегіне славян халықтарының өрнектері жақын келеді. Славян халықтарының өнері жүзжылдықтар бойы тұрмыстық салтпен байланысты дамып келеді. Ұлттық ою-өрнектері де географиялық орналасуына, тарихи, мәдени жағдайларға байланысты қалыптасты. Славян халықтары ою-өрнектерінің қайсысы болмасын терең мәнге ие. Мысалы: көлденең орналасқан түзу сызық жер, толқынды көлденең сызық су, тігінен орналасқан сызық жаңбыр, крест, крада (тор тәрізді бейнеленеді, құрбандық шалатын алау) от, колокрес (шеңбер ішіндегі крест) күн, мүйіз байлық, молшылық, ағаш (шырша ағашы) әлемдегі құбылыстардың байланысы, ұзақ өмір, спираль даналық символдары болды. Алты шеті бар крест найзағайдан қорғаушы, жауынгер символы. Жұлдыз Ана махаббаты, Әлем қозғалысы белгісі болса, құстар адам рухын, жұп құс ерлі-зайыптыларды бейнеледі.
Жер құнарлылығын, молшылықты славян халықтары ана бейнесімен байланыстырады. Әйел денесінен жан-жаққа бұтақтар таралып, басынынң орнына ромб, яғни ежелгі күн символы бейнелері де кездеседі. Крестпен төртке бөлінген шаршы - өңделген жер, шаршы ішінде нүктелер болса тұқым (семена) егілген жердің белгісі.
Ежелгі адамдар аң аулаумен айналысқандықтан, жануардың негізгі қаруы тістері екендігін білді. Сондықтан аң аулауда күш береді дегеннен сеніммен жануар тісін ромб тәрізді символмен бейнелеген. Бірінің үстіне бірі орналастырылған ромб бейнесі сәтті аңшылықтың, молшылықтың, сәттіліктің белгісі есептелді.
Түс (гамма) - сезімді білдірудің ерекше тәсілі. Славян халықтарының негізгі гаммасы ақ, қызыл, көк түстерінен тұрады. Ақ әйел бастамасы; сары күн, жарық, жылу; қызыл ер адам бастамасы, күш, қуаныш; жасыл өмір, өсу, үміт; көк аспан, су, білім, ғылым; қара физикалық тұрғыдан дененің әлсіздігі, зұлымдық, өмір мәңгі еместігінің белгісі.
Аққу құсы славян халықтары үшін сұлу, жас қыздың, махаббаттың символы болса, көгершін отбасы бақытының, адалдықтың белгісі. Үйрек еңбекқор үй шаруасындағы әйел символы, сонымен қоса славян аңызы бойынша Күнді әлем үстінен айналдырып жүрген қасиетті құс. Сондай ерекше қастерлі символдардың бірі тауыс (павлин, жар птица) бейнесі. Ол бақыт пен махаббат белгісі.
Өсімдік тәріздес мотивтердің бірі Әлем ағашы – жер асты, үсті және аспан әлемін байланыстырушы. Ол бұталары мен жапырақтары кең жайылған, қиял ғажайып гүлдер және құстар арқылы бейнеленеді.
Айжан ЕСЕНАЛИНА