Skype қызметін тоқтатады

2025 жылдың мамыр айынан бастап Skype қосымшасы жұмысын толық тоқтатады. Бұл өзгеріс Skype-тың ақылы және тегін қызметін пайдаланушыларға қатысты, бірақ бизнеске арналған Skype қызметіне әсер етпейді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Skype қолданушыларына Microsoft Teams қосымшасының тегін нұсқасына көшу ұсынылады. Бұл қызмет Skype-тағы негізгі мүмкіндіктерді қамтып қана қоймай, қосымша мүмкіндіктер де ұсынады. Skype қолданушылары Microsoft Teams қосымшасына өздерінің бұрынғы аккаунтымен кірсе, барлық байланыстары мен чаттары автоматты түрде көшіріледі. Skype ішінде де мәліметтерді тасымалдауға қатысты ескерту жіберіледі.
Microsoft Teams тегін қызметін пайдаланғысы келмейтіндер Skype-тағы деректерін экспорттай алады.
Skype-тағы ақылы қоңыраулар мен жазылымдар 2025 жылдың 3 сәуіріне дейін автоматты түрде ұзартылады. Ал 2025 жылдың мамыр айынан кейін Skype нөмір теру функциясы тек Skype веб-порталында және Microsoft Teams тегін нұсқасында қолжетімді болады. Skype нөмірін басқа операторға ауыстыру үшін жаңа операторға жүгіну керек.
Сонымен қатар, Skype қызметі бұдан былай жаңа клиенттер үшін халықаралық және жергілікті қоңыраулар жасауға және қабылдауға мүмкіндік беретін ақылы қызметтерді ұсынбайды.
