Жаңалықтар

Сіз көруге тиіс отандық 10 фильм

Бұл картиналарды міндетті түрде қарап шығыңыз
Сіз көруге тиіс отандық 10 фильм
08.06.2017 17:26 11864

El.kz  редакциясы соңғы он жылдықта қазақстандық режисерлердің үздік танылған 10 туындысын назарларыңығызға ұсынады.

«Анаға апарар жол»

Шыққан жылы – 2016

Жанры – драма, тарихи

Режиссері – Ақан Сатаев

Басты рөлдерде – Алтынай Нөгербек, Әділ Ахметов, Аружан Жазылбекова, Еркебұлан Дайыров.

Бұл фильмнің негізгі сюжеті ананың баласына деген ыстық махаббатынан бастау алады. Осы ұлы күш басты кейіпкерді алдынан шыққан барлық қиындықтарды басып өтіп, анасымен табысуына сеп болады. Картинаның негізгі желісі қазақ халқының басынан өткен қилы кезеңмен, ашаршылық, соғыс секілді ауыртпалықтармен тұспа-тұс келеді. Фильм өмірлік құндылықтардың мән-мағынасы мен өмірдегі өтіп жатқан құбылыстарға өзгеше көзқараспен қарауға итермелейді.

«Оралман»

Түсірілген жылы – 2016

Жанры – әлеуметтік драма

Режисері – Сәбит Құрманбеков

Басты рөлдерде – Дулыға Ақмолда, Ержан Түсіпов, Есім Сегізбаев, Шынар Асқарова, Баян Қанжабиева

Фильм өткен ғасырдың 30-жылдарындағы қызыл әскердің жендеттерінен Ауғанстанға қоныс аударуға мәжбүр болған қазақ отбасы туралы. Арада біршама жыл өткен кезде қандастарымыздың елге оралу жолы баяндалады. Тарихи Отанымызға келдік дегенде олар жергілікті халықтан «оралман», «сатқын» деген секілді жағымсыз сөздер естіп, күн кешулеріне тура келеді. Аталған фильм Иранда  өткен халықаралық «Фаджр» кино фестивалінде «Азияның үздік фильмі» жүлдесін алды. 

«Қош бол, Гүлсары»

Түсірілген жылы – 2008

Жанры – драма

Режисері – Ардақ Әмірқұлов

Басты рөлдерде – Доктурбек Қыдырәлиев, Райхан Айтқожанова, Жанель Мақажанова, Нұрлан Сегізбаев

Аталған картина қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов повесінің желісі бойынша түсірілген. Фильмдегі оқиға кеңес дәуіріндегі еліміздің 50-ші жылдарын қамтиды. Колхозшы-коммунист Танабай мен оның Гүлсары атты сәйгүлігінің ғұмыры баяндалады. «Қош бол, Гүлсары» V-ші «Eurasia» халықаралық кинофестивалінің бас жүлдесін иеленді.

«Аманат»

Түсірілген жылы – 2015

Жанры – тарихи, әскери, драма

Режисері – Сатыбалды Нарымбетов

Басты рөлдерде – Берік Айтжанов, Санжар Мәдиев, Ерден Тілемісов, Құралай Анарбекова, Нұрлан Алтаев

Фильмнің басты кейіпкері – қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы. Картинада сол секілді ханның сенімді досы Бұқарбай батыр жайында да көрсетіледі. Бірнеше оқиға параллель өтіп жататын фильм арқылы Кене ханның ғұмырын зерттеген Е.Бекмахановтың өмірі турасында да білуге болады. Сол секілді Ермахан Бекмахановтың өмірін зерттеумен айналысқан жас журналист Рамазан Думанның бастан өткізгендерін де бір уақытта тамашалауға болады.

«Шал»

Түсірілген жылы – 2012

Жанры – драма

Режисері – Ермек Тұрсынов

Басты рөлдерде – Ерболат Тоғызақов, Орынбек Молдахан, Ісбек Әбілмәжінов, Оңдасын Бесікбасов және т.б.

«Шал» фильмінің негізгі желісі әлемдік жазушы Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» повесінен алынған. Фильмде Қасым шал қойларымен бірге боранды күнде адасып, қасқырлармен күресі көрсетіледі. Қазақ даласында түсірілген картинада шалдың қайраттылығы мен қайсарлығы, жігері мен табандылығы анық көрініс береді. Аталған туынды Қазақстанда «Жыл фильмі» атанды. Ал картинада басты рөлді сомдаған Ерболат Тоғызақов «Жыл киноактері» номинациясында «Алтын адам» сыйлығына ие болды.

«Жол»

Түсірілген жылы – 2013

Жанры – спорттық, драма

Режисері – Асқар Ұзақбаев

Басты рөлдерде – Назар Шархан, Динара Жұмағалиева, Димаш Ахимов, Ерік Жолжақсынов және т.б.

Фильм бокс спорты туралы баяндалады. Яғни, Алматы қаласындағы базарлардың бірінде жұмыс істеп жүрген, осы жұмысына қосымша сырт көзден жасырын өткізілетін ережесіз төбелеске қатысып жүрген жас жігіттің өмірі баяндалады. Уақыт өте, жігіт кәсіпқой бокстың маңызы жоғары екенін ұғып, жасырын жұмысын койып, боксерлік клубқа келеді. Бірақ, бұрынғы ермегі оны жай таптырмайды.

«Жол» фильмі үстіміздегі жылы Ресейде өткен «Красногорский» халықаралық спорттық кинофестиваліне қатысып, «Үздік сюжет» номинациясы бойынша жеңіске жетті.

«Бауыр»

Түсірілген жылы – 2013

Жанры – драма

Режисері – Серік Апрымов

Бұл фильмнің сюжеті тау бөктерінде орналасқан ауылдың 9 жасар тұрғыны Еркіннің қызықты оқиғаларымен байланысты. Оның анасы төрт жасында дүние салған болса, әкесі ұзақ іс-сапарда жүреді, ала ағасы қалада оқу оқиды. Сондықтан да ол ылғи ағасын күтіп жүреді. Бірақ, ағасы Айдос інісінің өміріне басында алаңдаулы түр танытқанымен, соңында тіптен бауырына немқұрайлы қарайды.

Көптеген халықаралық байқауларда жүлдегер атанған.

«Жат»

Түсірілген жылы – 2015

Жанры – шытырман

Режиссері – Ермек Тұрсынов

Басты рөлдерде – Ержан Нурымбет, Элина Абайкызы, Куандык Кыстыкбаев, Александр Карпов

«Жат» фильмінің оқиғасы өмірден алынған. Онда өткен ғасырдың 30-жылдары өмірден баз кешіп, тауда тұруға бекінген Ілияс атты ер кісінің басынан өткерген оқиғалары баяндалады. Бас бостандығын сақтау үшін ол қысымға тап келеді. Бұл фильмнің сценарийін режисер ширек ғасыр бұрын диплом жұмысы ретінде жазған екен.

«Кенже»

Түсірілген жылы – 2015

Жанры – драма

Режисері – Ермек Тұрсынов

Басты рөлдерде – Айнұр Ниязова, Жандос Айбасов, Эдуард Ондар, Михаил Хмуров, Ольга Зайцева 

Аталған картинаның сюжеті жетім өскен екі ағайындының өміріне негізделген. Олар ауылдағы балалар үйінен қалаға ұашып келіп, адам өлтіруге тапсырыс алаып, өз күндерін көре бастайды. Бауырластықтың ережелерін аттамай, бұл шиеленістен аман қалу мүмкіндігі туралы баяндалады.

«Құрақ көрпе»

Түсірілген жылы – 2007

Жанры – лирикалық комедия

Режисері – Рүстем Әбдіраш

Басты рөлдерде – Нұржұман Ықтымбаев, Тамара Қосубаева, Валентина Дүрімбетова,  Әлібек Райымбеков, Төлепберген Байсақалов және т.б.

Бұл фильмде Қызыләскер атты ауылдың тыныс-тіршілігі көрсетіледі. Ауыл адамдарының құрақ көрпе секілді сан қилы өмірі құрақ көрпедей түрлі кезеңдерді қиылыстырады. Аталған фильм әр кезеңде туылған, қарапайым, ақкөңіл ауыл тұрғындарының күнделікті ғұмырын қалың жұртшылыққа таныстыратын фильм. «Құрақ көрпеге» 90-жылдардағы Қазақстанда нарықтық қатынастар қалыптаса бастаған кезең негіз болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға