Жаңалықтар

Сіз бен бізге ақша жинауға кедергі келтіретін басты 7 себеп

Сіз бен бізге ақша жинауға кедергі келтіретін басты 7 себеп
Фото: El.kz / Арман Мухатов 13.07.2023 17:26 2362

Ақша жинау оңай шаруа емес сияқты. Жұмыс істейсің, айлық аласың, бірақ айлығың шайлығыңнан артылмайды. Мамандар оның басты себептерін атады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

1. Ұсақ ақшаға бас қатырмау

Бір қарағанға, күніне 500 теңге көп емес, оны жинап не ұтамын деген ой келуі мүмкін. Бірақ «теңге тиыннан құрылады» деген сөз бар емес пе. Егер сіз күніне 500 теңгеден жинап отырсаңыз, бұл жылына 182 мың теңге, ал бес жылда 912 мың теңге болады екен.

Ол үшін не істеу керек?

Әдет қалыптасу үшін үш апта қажет. Бұл ереже әрекет күнде жасалғанда ғана жұмыс істейді.

Егер жалақыңыздан айына екі рет ақшаның бір бөлігін жинап отырсаңыз, әдет қалыптасуы үшін жарты жылдай уақыт қажет.

Мамандар инфляцияға тап болмас үшін ақшаның бір бөлігін өзге валюталарға, қалған бөлігін депозитке салуға кеңес береді.

2. Тұрақсыз табыс

Өз-өзін жұмыспен қамтығандар, жеке кәсіпкерлер мен жалақысы төмен секторларда жұмыс істейтін адамдардың табысы тұрақсыз болуы мүмкін. Бұл шығын көлемін есептеу мен ақша жинауда қиындық тудырады.

Не істеу керек?

Тұрақты жұмысты таңдаған дұрыс. Фриланспен бос уақытта айналысыңыз. Сондай-ақ жоғары ақы төленетін секторда жұмысты бастау үшін шығындарды барынша қысқартып, үнемделген ақшаға біліктілігіңізді арттыратын курстар оқыңыз.

Мұндайда өзіңізді және өз өміріңізді өзгерту туралы түбегейлі шешім қабылдағаныңызға көз жеткізіп алыңыз. Себебі қол ұшын кім созар екен деп әркімге жалтақтаудың қажеті жоқ, бәрі сіздің ерік-жігеріңізге байланысты екенін жадыңыздан шығармаңыз.

3. Шығынның артуы

Кейбір адамдар тапқан нәпақасының барлығын күнделікті шығынына жұмсайды: тамақ, киім, жол ақысы мен дәрі-дәрмек. Тіпті табысы көп адамдардың өзі мұндай жағдайға жиі тап болады.

Не істеу керек?

Егер жалақыңыз тек негізгі керек деген дүниеден артылмаса, онда көбірек айлық төлейтін немесе қосымша жұмыс қарастырып көріңіз.

Ал табысыңыз мол бола тұрып, оның бәрі көңіл көтеруге кетсе, онда үнемдеуді үйренетін кез келді. Себебі оның соңы қарызға алып келуі неғайбыл.

Қаржылық сауаттылыққа үйренуді де қолға алыңыз: табысыңызды жазып, шығыныңызды есептеп, бақылап отырыңыз.

4. Мақсаттың жоқтығы

Ақша жинаған дұрыс қой деп қана үнемдеуді қолға алу өте қиын. Себебі бұл сізді шабыттандыратын ой емес. Мұндайда сіз тауарды төмендетіп беруді, кэшбекі бар карталар алуға, жалпы үнем дегенді аса ойламайсыз.

Не істеу керек?

Ақша негізгі мақсат болмауы керек, ол мақсатқа жеткізетін құрал болуы керек. Өзіңіз алғыңыз, қол жеткізгіңіз келетін дүние үшін ақша жинаңыз. Мақсатыңыз неғұрлым нақты болса, соғұрлым өзіңізге жақсы. Көбісі «бай болғым келеді» дейді. Ол айқындалмаған мақсат. Одан да жыл соңына дейін Еуропа елдерін аралап көру үшін 1 млн теңге жинаймын деңіз. Бұл жерде нақты сомма, уақыт және баратын нүкте бар.  

Мақсат қысқа мерзімді де, ұзақ мерзімді де болуы мүмкін. Қаржылық мақсаттың басты ережесі – ол шынайы және өзгенің емес, сіздің қалауыңыз болуы шарт. Бұл процесс тоқтап қалмас үшін мақсатқа жеткен сайын алдыңызға жаңасын қойып отырыңыз.

5. Бейсаналық

Кейбір адамдар онлайн-банкте шотқа өмірлік бюджет деп емес, кім бірінші құртады екен деген ойын секілді қарайтыны рас. Қаржылық ресурстарды тиімді қолдануға психологиялық тұрғыда есейген адам ғана қабілетті. Сондықтан ақша жинап, үнемдеу үшін өзіңіздің қаржылық мінез-құлқыңызға мән беріңіз.  

Не істеу керек?

Картадағы баланс – өміріңізге қажетті ақша, ойындағы балл емес. Оны оңды-солды шашудың соңғы жақсылыққа апармайды. Сондықтан жалақы картасындағы ақшаны бірден жинақ картасына аударып, күнделікті аз ғана ақша сомалармен шектелген жөн. Құдды ата-анаңыз сіздің күнделікті шығыныңызға беріп отыратын ақша секілді ғой. Басты айырмашылығы, ол ақшаны сіз өзіңізге өзіңіз бересіз.

Ал алда демалыс күтіп тұрса, ол қаржының бір бөлігін шешіп алып, үйіңізге қалдырып кетіңіз. Себебі демалыстан келген соң әріптестеріңіз бен достарыңыздан «айлыққа дейін 10-15 мың теңге қарыз бере тұршы» деп сұрап жүрмейсіз.

Ақшаны жинауды да тәртіпке келтіріп аласыз. Ақшаны өз бақылауыңызды ұстауды сезіну адамға сенімділік пен жауапкершілік сыйлайды. Бастысы, ақша есепті жақсы көретіндігін ұмытпаңыз. Қаржыны сіздің орныңызға бақылап отыратын қосымшаларды пайдалансаңыз да болады.

6. Қоғамдық стереотиптер

Бұл дегініміз – эмоцияға берілу, яғни «мен де алғым келеді» немесе «бір-ақ рет өмір сүреміз ғой» деген ойлар адамды азғындыруы мүмкін. Әлеуметтік желінің ықпалы артқан сайын сауда-саттық көлемі де ұлғайды. Күнделікті жарнамадан бөлек блогерлердің жарнамалары көбейді. Олар бәрін әдемі етіп көрсетеді. Ол шындыққа жанаспаса да. Сізді мазалаған мәселеге дөп түсуі де әбден мүмкін. Ондайда солардың соңынан еріп, қызбалыққа салынып кетпеуге тырысыңыз. Әйтпесе қажетсіз тауарды сатып алып, артық шығынға ұшырайсыз.

Не істеу керек?

«Жылтырағанның бәрі алтын емес». Осыны қаперде ұстаңыз. Дүкен немесе дәмханалар аралағаннан гөрі жұмысқа тамақты үйден істеп апарыңыз. Азық-түлік аларда қолыңызда алдын ала жазып алған тізім болсын. Дүкенге бос уақытты өткізу не көңіл көтеру үшін барудың қажеті жоқ. Одан да сол уақытты денсаулығыңызға, үй жинауға немесе өз біліміңізді арттыруға жұмсаңыз.

Ал интернетте қажетсіз тауар алып қоймас үшін жинақталған ақша бар екенін ұмытып кеткен дұрыс. Сол кезде оған үміт артуды да доғарасыз.

Жұртқа еремін, солар секілді киінемін деп қана өмір сүрсеңіз, табысты болу қиын. Баға мен сапа қатар жүруі керек.  

7. Ішкі қорқыныш

Біздің елде ақша табу және үнемдеу мәдениеті енді қалыптасып келеді. Сол себепті де кейбіреулер үшін байлық тым үлкен жауапкершілік әрі қорқыныш көрінеді. Әрине, жұрттың назарында болу, көпшіліктің көңілінен шықпайтын шешім қабылдау оңай емес. Айталық, қарыз сұраған туысыңыздың өтінішін қанағаттандырмасаңыз, араңыз суып кететін секілді көрінуі мүмкін. Бірақ ол - саналы түрде ақша жинаудан бас тартқан адам. Ақша жоқта ешқандай мәселе де жоқ деген қағидамен өмір сүруді таңдаған жан екендігін ұмытпаңыз.

Не істеу керек?

Көп мөлшерде, айталық, сіздің 10 айлығыңызға тең ақшаға ие болсаңыз, не істеуші едіңіз? Осыған егжей-тегжейлі жауап беріңіз. Ойыңызға келгеннің бәрін жаза беріңіз. Өзіңіз күтпеген жауаптар алуыңыз әбден мүмкін. Арасында бұл ақшаны біреу ұрлап алса қайтемін деген үрей де пайда болуы неғайбыл.

Бұған қарама-қарсы ой қалыптастыруға тырысыңыз. Ақшалы болу қауіпті емес, керісінше, ақшаңыз артқан сайын қауіпсіздігіңізді арттыру мүмкіндігі ұлғаяды. Өз-өзіңізді қауіптен қорғауға дайынмын деп айтыңыз: бұрынғы жолмен емес, қаражат көлемін арттыру арқылы.

Бұл кеңестерге құлақ асамын деп шешім қабылдасаңыз, ертеңінде-ақ миллионер болып оянамын деп ойлаудың қажеті жоқ. Үлкен мақсатқа кішкентай қадамдар жеткізеді. Нәтижесінде қаржылық жағдайыңызды түзеп қана қоймай, қаржылық ой-өрісті де өзгерткеніңізді байқайсыз. Ал бұл өмірде жаңа деңгейге жетуге көмектесері сөзсіз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға