Жаңалықтар

Сисем ата қорымы

Ашық аспан астындағы мұражай
Сисем ата қорымы
04.09.2017 16:12 10873

Сисем ата қорымы – керемет оюларымен, таңғажайып эпиграфикасымен, әр түрлі сәулеттік пішіндермен ерекшеленеді. Маңғыстаулықтар бұл орынды  қазақ халқының бірнеше қайраткерлері жерленгендігімен құрмет тұтады.

Батыстағы үлкен, әрі ескі киелі жерлердің бірі болып есептелетін Сисем ата қорымы Сай Утес станциясынан солтүстікке отыз шақырым жерде Үстіртің күнбатысындағы керуен жолдарының бойында, қыстаулардың жанында орын тепкен. Бұл қорым алғаш рет 1825-26 жылдардағы тексеру экспедициясының есебінде кездеседі.

Зират тастан жасалған, сол секілді жер үйінділерінен тұратын бірнеше молалардан тұрады. Олардың қай ғасырларға жататыны туралы нақты деректер кездеспейді. Кей ғалымдардың айтуынша, шамамен киелі қорым XI-XII ғасырларда тұрғызылуы мүмкін. Себебі, мұнда қыпшақ пен ноғай заманына қатысты қару бейнеленген тас стелелар бар. Кешеннің негізі болып тұрған қабір Сисем Атамен байланысты. Бұл кісі туралы нақты тарихи деректер жоқтың қасы.

Сисем ата қорымының аумағында Маңғыстауға белгілі көптеген ақсүйектер, рулардың көсемдері, сәулет өнерінің шеберлері, ақындар мен батырлардың мүрделері қойылған. Олардың көбісі дулыға түрінде салынған зираттарда жатыр. Жалпы қорымда 1300-ден аса әр түрлі ескерткіштер бар, оның 22-сі күмбездік кесенелер, 155-і сағанатамдар, 382-сі құлпытас пен қойтастар, ал шамамен 130-ы саркофагтар. Қалғандары тастан қаланған қабырғалар мен стелалар. Мұндағы кесенелердің құрылысы жағынан үшке бөліп қарастыруға болады. Олардың алғашқысы балшықпен қаланып, қатқыл ретінде ізбес-құм тақталарынан жасалған құрылыстар. Көлемі өте үлкен және күмбезді болып келеді, ал кіреберістер доғал пішінде тұрғызылған. Кесенелердің екінші түрлері ұлутастың тақталарымен қапталып жасалған және олар күмбессіз. Ал соңғы түріне кіретін кесенелер шамамен XVIII-XIX ғасырларға жатқызылады. Олар кесіліп қаланған тақталардан тұрғызылған. Ішкі құрылысында өңделмеген тастар тұр, ал күмбездері ерекше соңғы үлгідегі доға іспетті пішіндермен жасалынған. Бұлардың бетінде ерекше көркем оюлар бар.

Сисем Ата қорымы – мемориалдық-діни сәулетті, тасқа ойып қашалған ескерткіштердің үлкен қорымы. Алып кешен Маңғыстаудағы сәулет пен діни дәстүрлердің ерекшелеігінің айқын көрінісі.

Мұнда жерленген бірнеше тарихи тұлғалардың есімін атап кетуге болады. Олар Хиуа хандығына, сондай-ақ қазақтарға қарсы келген көптеген шабуылдарға тойтарыс берген батырлар, билер, халықтың басын қосқан бай қожалар. Атап айтар болсақ, Сүйінқара батыр Өргешбайұлы, Жетімек Жанұзақ батыр, Қонай батыр Кенжеұлы, Төлеп батыр Әнетұлы, Ескелді Саназар бай Құдайназарұлы, Әнет би Текеұлы, Байбоз Боқкараұлы, Назар Жарұлы, Шотан батыр, Зорбайұлы Өтеғұл, Қаржау Төлекұлы және тағы басқа есімі Маңғыстауға танымал тұлғалар.

Сисем Ата қорымы алты ғасырлық тарихты қойнына алып жатқан ашық аспан астындағы халық сәулетінің баға жетпес мұражайы десек те болады.

Қорым 1982 жылы мемлекеттік қорғауға алынып, республикалық маңызға ие ескерткіштердің қатарына қосылды. Қазіргі кезде қорымды бүкіләлемдік мәдени мұралардың тізімен қосу үшін қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға