Жаңалықтар

Сырбай Мәуленов шығармаларының жанрлық ерекшелігі

Сырбай Мәуленов – очеркист
Сырбай Мәуленов шығармаларының жанрлық ерекшелігі
07.10.2017 15:22 20096

Сырбай Мәуленовтің публицистикалық жарияланымдарының көбісін очерк түрінде жазғаны бір ұтымды әдіс болғанына көзіміз жетеді. Себебі, ол кезеңде халықтың әдебиетке деген құштарлығы ерекше болғанын білеміз. Жазушылардың том-том кітаптарын жұртшылық таласа оқитын. Себебі, сол жазылған шығармаларды көркемдік, оқиғаның берілуі оқырманның көңілінен шығатын. Міне, С. Мәуленов те сол соқпақтан ауытқымастан өз мақалаларын жазып, жариялап тұрған. 

Мәселен, автордың саяси көзқарасын танытатын «Ленин туының саясында» атты мақаласында  негізігі айтылар ойдың өзегі Компартияның жеті жылдық жоспарын насихаттау болса да, оқырманды тарту мақсатында мақаласының кіріспе бөлімінде әдемі сөз тіркестерін, шебер суреттеуді пайдалана отырып, оқырманды тартып әкетеді.

«Бұл күндері аспан кеңістігін айналған эфир толқындарынан қарлығаштай қанат қағып, ұшқыр да ұтқыр ғажайып үндер естіледі. Ол үндерде дүние шегі жоқ. Белес-белес белдерден, арыстан жалды асау өзендерден, көкала басты асқар шыңдардан, қалың ну ормандардан асып өтіп, әрбір адам баласының көкірегіне көктем лебіндей, өмірдің нәрлі сусынындай,асыл нұрындай ақтарыла құйылады.

Бұл күндері сан мыңдаған газет беттерінде көз нұрын бірден үйіріп әкететін, таудан тасқан ата құлаған бұлақтай қуатты сөздер ұшырасады. Ол сөздерге тосқауыл болатын күш жоқ. Ол сөздер бұлттар көшкінін, теңіздер тасқынын жарып өтіп, әрбір жүрекке жол табады. Әлем аспанын жаңғыртып, дүниені дүрілдетеді. Ол үн,ол сөз – партияның үні, партияның сөзі».

Бейнелі ойлау, табиғат суретін әсерлеу, елестету,бейнелі сурет, көркемдік сипаттау шығармаға әр беріп тұр. Дәл осы қалыпты жазылған «Тамаша дос», «Гайдар ескерткіші», «Өмір жолы – өлең жолы», «Биіктік пен тереңдік», «Ішкі толқын теуіп сыртқа» және т.б мақалалары мысал бола алады. Автордың көптеген мақалаларына суреттеме тән. Мақалада қоланылған сөздерді оқудың өзі адам жанына ерекше әсер береді. Оқып отырғаның көз алдыңа қатар келеді. Бұл көркем публицистиканың «суреттеме» жанры екені айтпаса да түсінікті.

«Суреттеме – бұл адам портретінің , оқиғаның өмірдегі құбылыстардың әдеби-көркем құрадармен суреттелуі. Суреттемеде публицист алдындағы мақсат көбінде мәселенің басын ашатын өмірдің көріністеріне көңіл аударуды талап етеді. Журналист суретші секілді белгілі бір нүктені тауып алып суреттейді, егерде жазушы дұрыс бағытта жүріп, шығармашылық қиялы бай болса, ол өмір шындығын білуге, құбылыстарға әлеуметтік мағына беруге қол жеткізеді. Бірақ, мұнда да тақырыптың тың, өзекті болуы бірінші орында, ал олай болмаған жағдайда сурет өзінің танымдық тәрбиелік мәнін жоғалтады. Пубицистің өмірге қаншалықты бейім екендігін осыдан байқауға болады».

Автордың Абай Құнанбайұлының Алматы қаласында ескерткішінің ашылуына байланысты «Биіктік пен тереңдік» атты мақаласы жарыққа шықты. Бұл жай ғана ақпараттық мақала емес, талдап, таразылап жазылған туынды. Абай ескерткішінің сыртқы көрінісін сипатта-ақ, ақынның жан дүниесін ашып береді:

«Алматыда ақын ескерткіші. Алатауға тартатын даңғыл жолдың үстінде тұр. Мүмкін, қараңғы түнде қалғыған тау қалпына ақынның қарап тұрғысы келетін шығар? Ашық аспан омырауында бірімен-бірі сөйлескен жұлдыздардың сыбырын тыңдағысы келген шығар? Әлде, желсіз түнде жарқыраған жарық ай сәулесінің фонтан тасқынымен мың бөлініп, кемпірсқосақ болып шашылып жатқанын көргісі келеді ме екен? Әйтеуір, Абай бүгін Алатаудан аңқылдап соққан қоңыр самалдың құшағында тұр».

Абайдың ескерткішіне қарап, автор параллельді түрде толғанады, екі түрлі ақпаратты бір сөзбен жеткізеді. Атап айқанда, ақынның  «Қараңғы түнде тау қалғып», «Желсіз түнде жарық ай» сынды өлеңдері бар екенін ескерте келе, Абайдың ішкі сезімдері мен ескерткішінің сыртқы сипатын шеберлікпен бір арнаға тоғыстырады.

Қара сөздің шебері Ғ. Мүсіреповтің: «Қызыға жаз, қыздыра жаз, қызықтыра жаз!Ойланып жаз, ойлы жаз, ой сала жаз, ойландыра жаз!Ызамен жаз, кекпен жаз,кектендіре жаз. Осы үшеуінсіз шығармаға жан кірмейді» [17], – деген пікірімен келіспейтін публицист жоқ шығар. Егер осы қалыпқа салып тарзылайтын болсақ, айтылған қағидаларға сай келетін мақалалар мен очерктер С. Мәуленовте жетерлік. Қызықтыра жазудың қас шебері десек те болады. Мәселен, «Бесжылдық белесінде»атты мақаласына автор КПСС ХХІІІ съезінің СССР халық шаруашылығын өркендетудің 1966-1970 жылдарға арналған бес жылдық жоспардың халыққа хабарлануын былайша жеткізеді:

«Март аспаны көгілдір, төсінде түйір бұлт жоқ. Түн ортасы жақындаса да, жұрт аяғы әлі басылмаған. Осы кезде газеттердің кезекті номерлері линотип машинасында құйылып жатыр. Осы кезде түнгі сменадағы завод жұмысшысы КПСС ХХІІІ съезінің құрметіне еңбек вахтасында тұр. Осы кезде көңілді жастар жаңа фильмдерді көріп кино-залдарда отыр. Дәл осы кезде ертең ертемен мектебіне баратын балалар бейғам ұйықтап жатыр. Еркін еңбектің қуатты қозғалысы өмір өзенін алға сүйреп келешек кемерімен жалғастырғандай. Үкімет үйінің зәулім мұнарасында өмір туы желбірейді. Эфир қанатынан қуаныш құсы қалықтап ұшады. Жұрт тым-тырыс. Соңғы хабарды тосады» – дәл осылай барлығының қалыпты жағдайда, күнделікті тәртібімен өтіп жатқанын шебер суреттей келе, оқырманға іштей «Ал енді не болады екен?, «Москва не айтар екен?» деген сұрақтар туындатады. Москваның хабарламасынан кейін «Осы бір бейқам тіршілік қалай өзгерер екен?» деген іштей сенімсіздік пайда болаты сияқты. Оқырманға бір ғана абзацта қаншама эмоцияны бастан кешіруге мүмкіндік берген Сырбай Мәуленовтің жазу шеберлігіне тек «керемет» деген баға береміз.

Сырбай Мәуленов – объективті көзқарасты берік ұстанған журналист. Ол қоғам үшін істелген әрбір жақсы істі «ақ» деп, қиянатты «қара» деп екіге әділетті түрде бөле білген. Сол кездегі билікке де тек бір жақты баға бермеген. Халық арасында сыңаржақ пікір қалыптастырмауға тырысқан. Орталық Комитеттің  орынды саясатына кейде жақтас болған:

«КПСС Орталық Комитетінің 1985 жылғы апрель, Пленумы қоғамымызда түбегейлі өзгерістер жасады. Партияның ХХVІІ съезі, Орталық Комитетінің поленумдары қоғам мен мемлекетті революциялық жолмен қайта құру идеясын Ленинше көрегендікпен алға тартты. Жаңару, іздену, жеделдету, демократия, жариялылық, арылу, тазару уақыты жаңа рух, жаңа серпін, жаңа сенім туғызды. Демократия мен жариялылықтың арқасында көкейкесті көп мәселелер бұлақтай көзін ашып сыртқа шықты»

Бұл – бір мысал. Ал екінші қырынан алып қарағанда Сырбай ұлт жанашыры ретінде кез келген ұлттық мәселені жариялы түрде  айтудан жасқанбаған. Әсіресе, тіл туралы сөз қозғағанда барынша ашып жазуға тырысқан:

«...Тіл – халықтың қаны, жаны. Тілсіз халық – сор басқан шөл, шел басқан көз. Күнсіз жарық болмаса, тілсіз халық бомайды. Тіл –ананың ақ сүі, атаның арман-мақсаты. Сондықтан да, ана тілінің жағдайы әрбір азаматты толғантады. Елуінші жылдардың ортасынан ауа ана тілінде оқытатын мектептер жойылып, газеттер жабыла бастағаны баршаға аян...».

Дәл осы тіл мәселесін С.Мәуленов ешқашан да назардан тыс қалдырмаған.Редактор болып, жауапты қызмет атқарғанда да тіл мәселесін көтеруге сүбелі үлес қосқан.Сырбай Мәуленовтің проблемалық мақалалырының өзі бір төбе.

«Биыл мен Шымкент облысында жүргенімде Арыс ауданының Жамбыл атындағы кохозында болдым. Онда бұрын тұтасқан ағаш бауы болыпты. Қазір сол қалың ағаш бауы мүлде сиреп кеткен. Бұрынғы бар нәрсені жоғалтып алудың өзі ағашқа деген алакөздіктің белгісі емес пе? Осы жай әлі де колхоз басшыларының ойына кіріп-шығатын емес. Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы Майлыағаш мекенді пунктінде де ағаштың жайы осындай. Ертеректе Майлыағашта да қалың орман күнге жапырағын тосып, жайқалып тұратын. Қазір барсаңыз әр жерде қылтиып тұрған сирек бұталарға ұшырайсыз. Сол сұлу орманның орны жатыр да, өзі жоқ».

Журналистің қырағылығы сол,  жүрген жерінде көрген білгенін ойға салып таразылап, қортып жүруге тырысады.

Жалпы, журналистика саласының басты кейіпкері – шындық. Ағылшын ақыны Джона Мильтон : «Өзіңнің ойыңды ашық айтқанда ғана, ақиқатқа жетудің жолы осы екен» – деген екен. Қаламгер Сырбай Мәуленовтің әрбір мақалаларында оның шындықтан алыс кетпей, қоғамдағы өзекті мәслелелрді көтеретіні аңғарылады.

«Әрбір адам өткен тарихты білмей, оның жетістіктері мен кемшіліктерін зердесіне түймей, одан тәлім-тағылым, тиісті сабақ алмай, алға баса алмасқа керек. Жалпы тарихта ақтаңдақ болмауға тиісті деген сөздер қазір алдыңғы шепке шықты. Бізде әсіресе жеке адамға табыну кезінде тарихты жазуға ешкімнің батылы бармады. Әкесінен бала безген сол бір тұстарды әркім тарихты жазбақ түгілі, өзінің шыққан түбін, негізін айтудан да жасқана жалтарды.Ал қазір тайсалмай тарих қақпасын қағуға мүмкіндік туды».

«Публицистика мен очерктерді өмірдің барлаушысы»  деп атайды. Бұл сөз – ортақ ойдан шыққан орынды сөз, шынында да одан ұшқыр, одан өткір, одан алғыр көркем шығарманың құралы жоқ десе де артық емес. Оның азаматтық даусы, жауынгерлік дабылы, идеялық биіктігі, шеберлік тереңдігі жыл санап жетіліп, кемелденіп келе жатқаны сөзсіз.... ». Журналист Төйлеубай Ыдырысовтың 1984 жылы «Мектеп» баспасынан жарық көрген қазақ журналистикасындағы очерктің қалыптасуы жайында «Шеберлік бастауы» деп аталатын зерттеу еңбегіне жазған алғы сөзінде Сырбай Мәуленов осылай деді. Бұдан біз оның журналистика теориясын да жақсы білгенін байқаймыз.С. Мәуленов – теория мен тәжірибені терең ұштастыра білген шебер публицист.

С.Мәуленов шығармаларының көркемдік табиғаты оқиға, болмысты бейнелі түрде ойлап суреттеуінде, көбінесе басталуы, дамуы, шарықтауы, шешілуі бар сюжетке құрылуында, оған қатысты адамды көзге елестетіп, образ жасауында,тіл мен стилінің ажарлы, айшықтылығында. Қай шығармасын оқысаңыз да бірден өзіне тартып, шабытты жолдар көзіңді де, көңіліңді де жетелей жөнеледі.Өйткені ол шебер суреткер,сөйлемді қалай болса солай құрмайды. Әр сөзге салмақ салып, әр беріп, жандандырып, астарлап, кейде ұйқастырып әкетеді.Оның жазылған мақаласын оқысаңыз да, очерктерін парақтасаңыз да, деректі әңгімелеріне көз жүгіртсеңіз де байқайтыныңыз, шығармасын ақын тілімен әдіптеп көркемдейді.

«Очерк – көркем шығарма. Сондықтан онда әңгімедегі, новелладағы сияқты көркемдік қасиеттердің бәрі болады,яғни, очеркте экспозиция оқиғаның өрбуі, байланыс, шарықтау шегі, шешуі болады. Дәл осындай сюжетке құрылып, оқиға желісін қоюлатып шебер жазылған кейбір очеркті әңгімеден айыра алмайсың».

С. Мәуленовтің де көптеген очерктері әңгіме сияқты. Бірақ жер, колхоз-совхоз, өмірде бар кісілерді аттарынан, сондай-ақ зерттеу, талдау, қорыту сипатынан олардың әуеледе очерк, кейін кебіреулерін өңдей келе деректі әңгімеге айналдырғанын байқау қиын емес. Көркем әдебиеттің де жанры деп қарасақ, оның пәрменділігі – оқырманға ой салуда, адамдар арасындағы тартысты көрсете білуінде,ұстаздық тәлім-тәрбиелік рөл атқаруында,жазылған уақытының талғамымен үндесе білуінде.

С.Мәуленов жарияланымдарының тілі мен стилі, көркемділігіне де назар аудардық. Журналистің шеберлігін танытатын бірнеше сөйлемдер мен сөз тіркестерін талдадық.

«Алматы күзетшісі – Алатау түнгі бұлттарды самалмен сапырып кері лақытырп жіберді де, аспан қақпасын найзадай шыңдармен түріп ашты. Алтын сағаттай көк төсіне күн көтеріле бастады. Жұмыс күні басталып кетті...».

«Алматы күзетшісі Алатау», «Алтын сағаттай күн», сияқты теңеулер де – С. Мәуленов қотаңбасы. Алатауға жан бітіріп, аспан қақпасын найзадай шыңдармен түріп аштырады. Автор табиғатты ұзақ-сонар суреттеп, созып отырып алмайды. Қысқа қайырып, «жұмыс басталып кетті» деп негізгі айтайын дегеніне көшеді.

«Әйнектен алыс аспан көрінеді. Жер бауырлап тұнып тұрған қара бұлттар Чапаевтың буркасы сияқты да, ал анда-санда жарқылдаған найзағай батыр ұылышының алмас жүзі тәрізді. Чапаев әр кезде Уфаға құлаған Қызылжардан қайта құйғытып шауып келе жатқандай елес береді. Қызылжар қалың орманның арғы шетінен күрең тартып, көзді үйіреді. Бір жақта Ақеділ мөлдірейді. Ағысы асау емес, байсалды. Бетінің шұқырына күлкі үйірілгендей шымырап ағады. Жағалауларын жасыл талдар жапқан. Уфа қаласының үйлері иін терсіп тұр...».

Тағы да тағбасы таныс теңеулер. «Бетінің шұқырына күлкі үйірілгендей шымырлап ағып» жақан өзен көз алдыңа келеді. Қала келбетін табиғатпен астастыра,жандандыра суреттеуі көңіл аудартады.

«Қостанай! Бұл өлке Европаның менменсіген мемлекеттерінің қай-қайсысын болса да жерінің көлемі жағынан қолтығына қыстырып алып кетеді...Қостанайдың асты – темір, үсті – егін. Біз темірді кешіп, егіні теріп жүргендейміз...».

«Қостанай аспанындағы күздің тұндыраған ауыр бұлттары жылжиды. Олар аспанның алаңына сыймай, сүзісе-сүзісе, титығы құрып, тіресіп қалғандай. Анда-санда күз күні күркіреп, долы аспан көз жасын ышқына келіп төгіп-төгіп жіберді...Бірақ, қостанайлықтардың қолын тұнжыраған ауа да, былжыраған жаңбыр да бөгей алатын емес...».

Көтеріңкі поэтикалық пафос шығарманың өне бойында бір толастамай, үдей түседі. Жансызға жан бітіріп, әр сөзге қанат береді: «Арқа таңы жұртпен бірде маужырап ұйықтап жататын», «Жанда да, таңда да ұйқы  жоқ», «Менменсіген мемлекеттердің (сөз әуезігі м-м), «Тұнжыраған ауа да, былжыраған жаңбыр да...»(ұйқас)

С.Мәуленов Ахмет Байтұрсыновқа бір табан жақын адам болды. Екеуінің туыстық қатынасын былай қойғанда, Сырбай шағармашылығының қайнар бұлағы Алаш көсемі Ахметтен бастау алған.  Оның «Өзен ағысы – өмір ағысы» аталатын портреттік очеркі Ахмет Байтұрсынов шығармашылығына, өмір жолына арналған. Автор Ахметтің Торғай өзені бойында Ақкөлде балалық шағы өткенін айта келіп, өзен ағысы мен өмір ағысын салыстыра сыр тербейді:

«Өзендер біресе тартылып, біресе шарқ ұрып жатады. Адам керуені де үдере көшіп жатады. Көне Торғай – көне заманды басынан кешірген тарихи өзендердің бірі.  Бала Ахмет Ақкөлден оқуға аттанып, алғаш рет оқуға осы Торғай өзені жағасында ғылым жолына бір жола бет бұрған....Торғай ағып жатыр...».

Автор «Торғай ағып жатыр» деу арқылы өмірдің тоқтамайтынын, оны тоқтату ешкімнің қолынан келмейтінін сездіреді. Ахмет Байтұрсынов жалаға ұшырап, атылып кеткенімен, соңында өлмес мұралары қалды, ізін жалғастырар шәкірттері бар. Публицист соны меңзейді. А. Байтұрсыовтың жан-дүниесін, сан қырын: ағартушылығын, ақындығын, ғалымдығын, композиторлығын, журналистігін, редакторлығын талдап, ашып көрсетеді.

«Бозторғай болып шырылдаса, аспан алыстық ететін болғаны соң жердегі маса болып ызыңдап» қалғыған қараңғы елді білімге шақырды. Крылов мысалдарын аудару арқылы сол кездегі елдегі сойқанды сорақыларды, орасан олқылықтарды, кесірлі көріністерді, кедергі кеселдерді сынап мінеп, шенеп, бетке басты...».

Автордың сөздерді әуезділігіне қарай қолдана білуі өзіне тән ерекешліктерді бірі. «cойқанды сорақыларды», «орасан олқылықтарды», «кесірлі көріністерді», «кедергі кеселдерді» деген тіркестерді көркемдік жағынан жоғары бағалауға болады.

Ахмет Байтұрсынов жайлы очеркті оқи отырып,  автордың ұлы ғалымға деген махаббатын сезінеміз. Очерк соңы да әдемі сезіммен аяқталады: «Торғай ағып жатыр. Ол ғасырлардың терең түбінен бас алып, уақыт пен кеңістікті толқынмен тербетеді. Оның толқынында ұмытыла жаздап, қайтадан жаңғырған Ахмет Байтұрсыновтың дауысы бар».

Автор әдеттегідей жаттанды сөздерден қашып, оның ел жадында мәңгі өмір сүретінін осылайша образды сөздермен бейнелеп жеткізеді. Өмір ағысы да, өзен ағысы да мәңгі тоқтамайды. Сырбай Мәуленовтің өзі өмір ағысындағы Ахмет Байтұрсыновтың жалғасындай.

Алаш көсемсөзшілерінің ізін басып, солар салған сара жолмен жаңылмай жүрген Сыбай Мәуленовтің нағыз публицист екенін айғақтайын салмақты мақалаларының бірі қос қайраткер Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың өмір шындығы жайлы жазған  «Халықтың қасиеттті ұлдары» атты мақаласы:

«Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов көп жыл бойы жоғалтқан асылымыз еді. Мына жариялалық, демократия кезінде қайтадан тіріліп, қайтадан туған елдің аспанына жұлдыз болып көтеріледі. Әрбір уақытта, мен Торғайға барған сайын олардың тағдырын күрсіне ойлаушы едім. Қиын жолдарда таласы мен тартысы күшті жылдарда олар туған халқының тағдыры үшін қасарысып, қан майданға қарсы шыққан қаһармандармен қатар тұратын. Ел тағдыры, жер тағдыры, ұрпағының болашағы оларды толғандырып, өз бастарын өлімге тіккен нағыз туған елдің тұлғалы азаматтары еді олар. Жүрген жерлері, оқыған мектептері көне Торғай даласындай сайрап жатыр. Сол киян түкпірдегі Торғайдан осындай асыл азаматтардың шығуы, солардың білім алып, елге сәулесін шашуы үлкен бір құбылыс сияқты. Мен Ахмет Байтұрсыновты «қазақтың Ломоносовы» дегім келеді. Ломоносов сонау Ақ теңізден арқыраған боранда Петербургке келіп, ғылымның үлкен дариясына құлаш ұрып, келешекке жол көрсетсе, туған халқының мерейін үстем етсе, біздің Ахмет Байтұрсынов та сонау алыстағы Ақкөлден сапар шегіп, білімін толықтырып, сол білімін туған еліне бағыштаған еді».

Автор Ақаңды айтқанда, Жақаңды бөліп тастауға болмайтынып айта келіп, ат басын «Оян, қазаққа!» қарай бұрады:

«Оян, қазақты!» жазу – Жақаң сияқты халқына қанын тамшылатып, көкірегінен жарып беруге әзір адамның ғана қолынан келеді. Өйткені «Оян, қазақта!» біздің халқымыздың қараңғы қапаста өмір сүріп сәулелі күнге талпынбай келе жатқаны, ғылымнан, мәденитеттен құралақан қалып, ұйқыда жатқаны қатты айтылған. Егер, шынында да, солай айтпаса, халқының кемшілігін көрмесе, ол Жақаң да болмас еді. Өйткені халықтың кемшілігін көзіне шұқып, батыра айтпаса нағыз үлкен жүректі, үлкен ойлы, биік мақсатты адамның асқар таудай тұлғасы айқындалғанын көреміз».

Сырбай Мәуленов әр мақаласына теңеу, кейіптеу, метафора сияқты көркемдегіш құралдарды ұтымды пайдалана білген. Мәселен: Ахмет Байтұрсынов – қазақтың Ломоносовы; Торғай – қазақтың Ленинграды; «Диқандардың дала – үйі», «Поэзияның аты – жастық», «Бірінші кітап –емтихан», «Бірінші кітап – баспалдақ», «Әдебиет – шындық», «Абайдың кабинеті – дала», «Алматы күзетшісі – Алатау» және  т.б

Мақаланың тілдік, стильдік ерекшелігін танытатын көркемдеуіш құралдардың бірі – теңеу. Қажым Жұмалиев өзінің «Әдебиет теориясы» атты кітабында теңеуге былай деп анықтама береді: «Теңеу (оырсша-сравнение). Теңеудің өзіне тән ерекшелігі – белгісіз нәрсені белгілі  нәрсеге салыстыру арқылы көзге елестету. Бір қарағанда метафора мен теңеу өте ұқсас. Алайда екеуінің атқаратын қызметі мен беретін мағынасы бөлек. Жалпы алғанда, метафора – сыртқы не ішкі ұқсастығына қарап, бір нәрсені екінші нәрсеге балау, мағынасын ауыстырып қолдану дедік. Сонымен қатар мағына жағынан алғанды, метафорада балайтын нәрсе мен баланатын нәрсенің арасына тепе-теңдік белгісін қоюға болады. Теңеуде де, метафорада да екі нәрсе алынады. Теңеуде екі сөздің арасына тепе-теңдік белгісін қоюға болмайды.

С. Мәуленов әуелгі абзацтарын Абайша айтсақ «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін, жұп-жұмыр» сөйлемдер қоршаған ортасын әсем суреттеумен бастайды. Автор өзінің табиғатпен етене байланысын былай түсіндіреді:

«Қай ақын-жазушы болмасын өзін табиғаттың перзентімін деп санаған. Табиғаттың бояуларынан нәр алған, күркіреген күнінен үн алған, сылдырап аққан өзендерінен сыр алған. Табиғат ақынның жүрегін оятатын, сұлу сезімге бөлейтін, қиял құсын қияға ұшыратын шабыттың шақпақ оттарының бірі.Бірақ адамсыз жалаң табиғат жалаң дене секілді. Жақында біздің үйге өлеңді жаңа жаза бастаған бір ақын келді. Сәл дамылдап отырғаннан кейін демалыс алып ауылында болып келгенін, жарты айдай ағасына болысып, жапан түзде жалғыз өзі қой бағып, құм бұйраттарының шоқысында отырып, жиырма өлең жазғанын айтты».

Ел аралап, жер көріп өмірмен тығыз байланыста болу – шығармашылық адамы үшін басты шарт. Шығармашылық сапалар тақырып шеңберін кеңейтеді, ой дүниесін, сезім өрісін байытады, жаңа бір тақырыптардың жағалауына алып барады.

Әрбір шығармашылық адамы туған жерінің табиғатынан шабыт алатыны рас. Сол сияқты Сырбай шығармашылығында туған жер, отан тақырыбы да ерекеше орын алады.

«Осы ортада мен табиғаттың сан түрлі құстарынан бастап, жергілікті ақын-әншілердің жырларын тыңдап өстім. Жасымнан дастандарды жаттадым. Біздің үйге менің дастан оқығанымды қызық көріп, жанымыздағы ағайын-туғандар, көрші-қолаңдар жиі жиналатын. Солардың қошаметі мені қолтығымнан демеп, қиял аспанына шырқатып, сонау бұлттардың арғы жағына алып кететіндей көрінетін», – деген жазбаларында Сырбай өмірінің рухани әлемге талпынған бір кезеңі байқалады. Міне, дәл осылай Сырбай өзін шабыттандыратын күштерді үнемі естеліктерінде жазып отыратын болған:

«Әр адамның жанына жақын тартып тұратын, жүрегіне ыстық жері болады. Ол – туған, өскен жер. Сол жерде сен алғашқы рет айналаңа қарайсың. Ашық аспан, қалың тоғай, құм, қырат, шық көмген шалғын, толқынды өзен көз алдыңнан көлбеңдеп өтіп жатады. Алғашқы рет сол жерде сен қуанышытң не екенін, қауіп-қатердің не екенін сезгендей боласың. Ол жердің табиғатының таңғажайып болуы да шарт емес. Жұпыны болса да, сол мекенеге әлемде ешбір жер тең келмейді. Оның суретін сенің көкірегіңнен кетпейді, өлгенше ұмытылмайы. Міне, сондықтан да болар, мен екі жағасын бірдей қызыл жыңғылдар қоршаған кішкентай Сарысу өзенін, оның қызыл бұлттармен құлпырған аласа таңғы аспанын жақсы көремін. Ол менің балалық шағымның өзі, менің балалық шағымның аспаны».

С.Мәуленовтің «Сыр бойында» атты мақаласы кез келген оқырманның жүрегін тебірентері анық. Әсіресе, бір ерекшелігі жазушы қауымның көпшілігі туған жері жайлы жазар болса, сол жердің топырағын, тау - тасын, орманын  сөз етуші еді, ал Сырбай Мәуленов туған жердің аспаны жайлы әсерлі жаза білген. Бұл да бір тың идея. Тіпі, араға ширек ғасыр салып «Балалық шағымның аспаны» деген әдемі тіркес елбасы туралы түсірілген фильмге тақырып, арқау болғаны ерекше таңданыс тудырады.

С.Мәуленов сандарды сөйлете біледі, диалогтарды ұтымды пайдаланады,бірде өз сөздері арқылы, бірде басты кейіпкері туралы өзгелердің аузына сөз сала отырып, кейіпкер образын ашуға шебер.Проблемалық очерктерінде шешуін таппай жүрген кейбір түйінді мәселелерді мамандар пікірі мен тілегі арқылы беруі де очерктің мән-мазмұнын жетілдіре түскен.Соғыс тақырыбында жазған очерктері шынайылығымен де құнды.С.Мәуленовтің «Қара ағаш», «Ажалға ажал», «Үміт», «Қызыл орамал», «Мәңгілік даңқ», «Ерлікке толы жарты жыл», «Қаһарлы қамал» сынды очерктері майдангерлер өміріне арналған. Соғыс тақырыбына жазған очерктерін баспасөз беттерінде көп жариялайды.Соғыс эпизодтарын көз алдымызға келтіре суреттей білді. Мәселен, С. Мәуленов жауынгер Естай Есжановтың майдандағы ерлігі туралы жедел жазып, тіпті, «Большевиктік жол газетінде» «Ержүрек Естайдың алып бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады» деген айдармен бірнеше материал жариялады.Сондай-ақ, «Ленинград түбінде» деп аталатын публицистикалық мақаланың оқиға орнында жазылғаны бірден көрінеді: «Бұл 1943 жылдың 12-январы. Таңғы сағат 6. Көк жүзінде қыздардың қызылды-жасылды лентасындай ракета ойнайды» – деп майдан даласын суреттейді. С. Мәуленовтің соғыс жылдары жазған шығармаларының дені – өлеңдер. Тіпті, мақала жазса да арасына ұйқасты өлең жолдарын салып отыратын болған.

С.Мәуленовтің соғыс тақырбына қатысты жазған очерктері баспасөз бетінде көп жарияланды. Ол соғыс туралы репортаждан бастап, майдангерлер өміріне дейін жазды. Оның публицист өзінің «Телтолқын» атты кітабында: «Соғыс мені күйретті де, көп нәрсеге үйретті.Тәніме мәңгі өшпейтін таңбасын түсірді.Әкемінің жақын інілерін жалмап, жаныма жазылуы қиын жара да салды. Соғыс тақырыбына айналып соға беретінім де сондықтан», – дейді. Жеңіс үшін Сырбай да үлес қосты. Ол қан майданда бір қолынан айырылды:

Мың қолдар сау болсын деп,

Мен бір қолымды бердім.

Мың жолдар жалғансын деп,

Мен бір жолымды бердім. 

Сұрапыл соғыстың жеңіспен аяқталуы С.Мәуленовтің жалынды мақалалар жазуына негіз болды.

С. Мәуленовтің журналистік шығармашылығында оның очерктерінің алатын орын бөлек. Ол өз очерктерінде мындай тақырыптарды қамтыған: 1932 жылға ашаршылық,ауыр тұрмыс; 1937 жылғы қуғын-сүргін; қарапайым шаруа адамдары; ақын-жазушылар; Ұлы Отан соғысы; майдагерлер өмірі; ауыл тұрмысы.

Қостанай облыстық, «Большевиктік жол» газетінде шыңдалып, өзіндік қолтаңбасы бар журналист ретінде қалыптасқан С.Мәуленов қайнғаған тіршілікпен тығыз байланыста болды.Соған орай оның очеркетерінің тақырыбы да ауыл шаруашылығына арналды. Тың алғаш көтерілген жылдарды көптеген публицистер бұл тақырыпта қалам тартты. С.Мәуленов те осы науқанға атсалысқан журналистердің бірі. Соғыстан кейінгі бейбіт өмірді қалпына келтіру мақсатында ауыл шаруашылығына көп көңіл бөлінді. Сол жылдары жарық көрген мақалаларына мән берсек, қоғамның тыныс тіршілігін, жұмыс еңбегін бір сәтке де назардан тыс қалдырмағананын аңғарамыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға