Жаңалықтар

Сыр  өңіріндегі тележурналистиканың тарихы

Жиырма төрт жылдан астам тарихы бар Қызылорда облыстық теледидары ұлттық идеологияның көшін бастап келеді десек, артық айтқандық емес
Сыр  өңіріндегі тележурналистиканың тарихы
26.09.2017 15:53 6494

Жиырма төрт жылдан астам тарихы бар Қызылорда облыстық теледидары ұлттық идеологияның көшін бастап келеді десек, артық айтқандық емес. Біз неғұрлым өткенге үңіліп, тарихты, тарихи бастауларды, тәжірибені ынта қойып зерделесек қоғамның қазіргі жағдайын соғұрлым тереңірек ұғынатын боламыз. Мұның өзі тарихтан тағылым алып, болашаққа сеніммен қарауға жол ашады. Өткен күнді ой елегінен өткізіп сабақ алу бүгінгі күннің еншісі болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда Сыр өңіріндегі тележурналистиканың тарихына тоқталып кетпеуге әсте болмайды. Себебі Сыр елінің телеарнасы тәуелсіз еліміздің тарихымен тел түлеп келе жатқан ұжым. Егемендіктің уығы мен керегесін бірге қаласып, шаңырағын көтерген шығармашылық ордасы бүгінде мемлекетіміздің даму қарқынынан қалыспауда. Қызылорданың ақпарат айдынында облыстық телеарнаның шаңырақ көтергеніне де жиырма төрт жылдан астам уақыт болып отыр. Тарих таразысына тартқанда аз болып көрінгенмен, бір ұжымның қалыптасу кезеңі үшін бұл аз уақыт емес.

Қазақ теледидарының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан Совет Масғұтовтың «Көгілдір экран – өмір айнасы» кітабында сиқырлы көксандыққа: «Көгілдір экран – өмір айнасы, расында да өмірімізге ентелей енген теледидариндустриясы газет пен радионы ақпараттар айдынынан сәл ығыстырғандай»,- деп атап көрсетуі өте орынды болып табылады. Себебі елдегі қоғамдық-саяси үдерістердің барысында 1989 жылы Сыр өңірінде де теледидар құру туралы мәселе көтеріліп, алғашқы шаралар қолға алынды. Мерзімді басылым беттерінде облыстық телеарнаны құру төңірегінде қызу пікірталастар жүргізіліп, бірден бұқара халықтың қолдауына ие болды. «1990 жылдан бастап Қызылорда облтелерадиокомпаниясының төрағасы Жақсылық Асқарұлы Бекқожаев сол кездегі облыстық атқару комитетінің төрағасы В.А.Брынкиннен көмек сұрайды. Сонымен қатар республиканың телевизия және радиохабары Мемлекеттік комитетіндегі жанашыр азаматтар қолдап, үлкен күш-қайрат көрсетті. Аталмыш комитет өз есебінен 3,5 миллион сомның техникалық жабдықтарын берсе, облыс қазынасынан 1,8 миллион сом бөлінді».

Осы уақыттан бастап қызу жұмыс қолға алынды. Кәсіби инженерлер мен техниктер Ю.В.Ефанов, Б.Шөкенов, М.Абылаев, М.Шалабаев, Ж.Жұмановтар облыстық телеарнаны өз қолдарымен құрып, оның құрал-жабдықтарын жан-жақтан жинақтап, алғашқы сигналын халыққа жеткізе білді. Студияны Саяси ағарту үйінің (Дом политпроса) үлкен залының сахнасында құрастырды. Шығармашылық бригаданың құрамында журналистер А.Шалғынбаева, Б.Исламбаева, режиссер Х.Темір, дыбыс режиссері Б.Әлжанов, операторлар Т.Әлжанов пен А.Оспанов, суретші Г.Нұрмаханова болды. Ж.Бекқожаев телерадиохабардың құрылуына белсене қатысты. Алматыдан қолдау мақсатымен А.Бапишев бастаған техникалық және шығармашылық қызметкерлер де дер кезінде жетеді. Дәл осы кезде дикторлардың конкурсы жарияланды. Оған жүздеген үміткерлер қатысады. Кастинг үш турдан тұрып, нәтижесінде төрт адам қалады. Оның бірі Айгүл Оразова еді. Айгүл Оразова бүгінге дейін  осы арнада жемісте еңбек етіп келеді.

1991 жылы 30 сәуірде жергілікті уақыт бойынша 21 сағат 15 минутта Қызылорда облыстық телеарнасы эфирге шықты. 30 минуттік бағдарлама берілді. Бағдарлама бірнеше сюжеттерден тұрды. Сюжеттің басты кейіпкері еңбек адамы, Жамбыл атындағы совхоздың өндірістік бригадасының бригадирі Жанбырбай Қожауов болды. Ал келесі күні, яғни 11 мамыр күні қаланың орталық алаңында болған еңбекшілер шеруінен жылжымалы телевизиялық станция арқылы бір жарым сағаттық тікелей репортажды Ж.Бекқожаев, А.Шалғынбаева, Б.Исламбаева  көпшілік назарына ұсынды. Б.Исламбаева облыстық телевиденияның құрылуына үлес қосқан В.А.Брынкиннен сұхбат алып, облыстық атқару комитетінің төрағасы барлық қызылордалықтарды мерекемен және жергілікті телевиденияның ашылуымен құттықтап, журналистерге әділетті, объективті болуды тіледі.

Бұл Сыр топырағындағы тұңғыш  теледидар еді. Ол кезде Қазақ КСР-і телевизия және радиохабары жөніндегі Мемлекеттік комитетке қарасты Қызылорды облыстық телерадио комитеті деп аталды. Ал қарашадан бастап Қазақ КСР-і баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігіне қарасты Қызылорда облыстық телерадиокомпаниясы болып өзгертілді.

Күнделікті тыныс-тіршілігімізді көгілдір экрансыз көзге елестету мүмкін емес. Өйткені дүние жүзінің түкпір-түкпірінде туындаған сан алуан жаңалықтарды үйде отырып-ақ көгілдір экраннан тыңдап, көріп, білеміз. Қазіргі таңда бұл адамзат баласының қол жеткізген ең құдіретті жетістіктерінің бірі. Өркениетіміздің генеалогиялық ақпараттық шежіресі тарихтың тереңінде, ақпараттық байланыс пен ақпараттық қарым-қатынастың қарапайым формаларында жатыр. Адамзат баласының пайда болуынан қазіргі таңға дейінгі ақпараттық революциялар ағынын шартты түрде бес сатыға бөлсек, төртінші ақпараттық революция теледидар сияқты коммуникация құралдарының пайда болуымен, бұл жаңалықтардың іс-тәжірибеде қолданысқа енуімен байланысты. Бұл білімді жинақтауға берілетін мүмкіншілік пен есте сақтау зердесі көлемінің ақпаратты беру жылдамдығы көзқарасы тұрғысынан орасан зор өзгерістерді білдірді.  

 Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жаңалықтың жаршысындай ақпарат айдынына шыққан Сыр тұңғыш телеарна ретінде арнаның  көтерер жүгі ауыр болды. Ұлттық болмыс, тіл, дін, діл мәселелерін көтеруі, қазақ салты мен дәстүрлері туралы ел ауызындағы әңгімелермен таныстырды. Осы істің басы-қасында болған бүгінгі тәжірибелі мамандар облыстық теледидардың алғашқы техникалық жабдығы «Останкино» телеорталығынан әкелінген «Кадр» 3 Пм маркалы магнитофоны болғанын еске алады. Бұрын пайдаланылған осы магнитафонның өзі жаңа телеарна үшін қисапсыз байлық еді.

Осы жылдың соңына таман АСБ, Ленинград (Санкт-Петербург)  қаласынан жылжымалы телевизиялық станция әкелінді. Теледидардың алғашқы режиссері Хұсейін Әмір-Темір, тұңғыш дикторы Айгүл Оразова болды. Сол кездегі жалғыз Панасоник MS-1 маркалы бейнекамера «иесі» барлық жаңалықты түсіруге үлгеретін оператор Айтбай Оспанов еді. Алғашқылардың қатарына төраға Жақсылық Бекқожаев, журналситер Баян Исламбаева, Айткүл Шалғынбаева, инженерлер Бақытжан Шөкенов, Марат Шалабаев, Жәнібек Жұбанов, Юрий Ефановтар болды. Осындай қиындықпен облыстық теледидар құрылып, 1991 жылдың 30 сәуірінде 30 минуттық хабармен тұңғыш рет эфирге шықты.

Телеарна ғимараты қала орталығында орналасқан. Аумағы 2720 ш.м. алып жатқан 3 және 4 қабатты екі блоктан тұрады. Үш арнайы студия жұмыс істейді. Біріншісі – ақпараттық бағдарламаларға және тікелей эфирге, екіншісі – 625 орындық концерттік-телевизиялық студия – қойылымдық хабарларға арнап жасақталған, үшіншісі – тақырыптық хабарлар үшін жасақталған, аумағы 186 ш.м.

«Қазақстан- Қызылорда» телеарнасының қазіргі эмблемасы

Қазіргі «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының тарихы осылай басталды. 1991 жылдың наурызынан бастап көркемдік-шығармашылық топ қызметкерлері – бас режиссер Хұсейін Теміров, аға редактор Айткүл Шалғынбаева, дыбыс режиссері Болат Әлжанов, диктор Айгүл Оразова, телеоператорлар Төремұрат Әлжанов, Еркін Тыныштықбаев, қоюшы-суретші Гүлзия Нұрмаханова, аға әкімші Миуа Байназарова, әкімші Аян Бәйімбетова қабылданып, радиодан Есенгелді Шілдебаев телеарнаның бас редакторы, Баян Исламбаева орыс редакциясының бас редакторы қызметіне бекітіледі.

Жаңа саладағы тәжірибенің жоқтығынан алғашқыда қиындықтар көп болды. Қызметкерлер басқа қалаларға тәжірибе алмасуға жіберілді. Арнадағы ең қажетті мамандық иесі болуға тиісті – телеоператор Төремұрат Әлжанов Москва қаласындағы Бүкілодақтық Мемлекеттік киноматография институтының (ВГИК) біліктілігін арттыру курсында оқып, инженерлер Бақытжан Шөкенов, Әмірхан Жұмабаев Останкино телестудиясында тәжірибеден өтіп келді. Бұлар өзі көріп, білгендерін басқа мамандарға үйретті.

Телеарнаның ашылуына байланысты экономист штаты беріліп, 1991 жылдың наурыз айында Нұрсұлу Қасымова жұмысқа қабылданды. Кадрдың шаруасы тікелей есеп-қисап бөлімімен байланысты болғандықтан бас бухгалтер Анна Куварина, кассир Шынар Жақыпова, бухгалтер Күләш Есетова, кейінірек бас бухгалтер Граня Цой, Әмина Қыпшақовалар жұмысқа қабылданды.

1991 жылдық 1 шілдесінде компаниядан бөлініп шаруашылық есептегі облыстық радиотелеорталығы құрылды. «Телеарна әуелгі уақытта аптасына 1 рет, онан кейін аптасына 2-3 рет бір сағат, онан соң үш жарым, төрт жарым сағат хабар таратты. Эфир Сырдария, Тереңөзек, Жалағаш аудандары мен Қызылорда қаласын қамтыды». Осы іспеттес бірқатар жұмыстар жүргізілді. Оны нақты деректерге сүйеніп айта аламыз. Біртіндеп хабарлардың көлемі ұлғайып, құрал-жабдықтар жаңарып, техникалық және шығармашылық ұжымның штаты толықтырылды. Облыстық телевиденияның құрылуы біздің мемлекетіміздің егемендік алуымен тұспа-тұс келді. Еліміздегі барлық саяси өзгерістер телевидение хабарларында бұқара халыққа дер кезінде жеткізілір отырды. Экономикалық дағдарыс, өндірістің құлдырауы, дүкендердегі бос сөрелер – сол кездің шындығы еді. Соған қарамастан позитивті көңіл-күй, жас тәуелсіз Қазақстанның болашағына деген сенім телеканалдың хабарлары мен ақпараттық бағдарламаларында үнемі беріліп отырды.  Сыр өңірінің бас арнасы облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының  тарихы – елдің тарихымен біте қайнаған десе де болады. Бүгінде көрермендер арасында «Аймақпен аттас ата арна» деген атауға берік иеленген облыс телеарнасының қара шаңырағы – «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы өзі өмірге келген жылдардың барлық бедерлі белестерінен бері өлкенің түрлі тыныс-тіршілігінен хабар беретін нағыз соққан тамырына айналып келеді.

Алғашқы ақпараттық бағдарлама «Ақмешіт» деп аталды. Жаңалықтар форматы эфирлік уақыттың 20 минутын құрады және екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде шығып отырды. Біршама уақыттан кейін телевидениеге облыстық радионың журналистері Дана Рысммұхамедова, Бексейіт Шайланов, Есенгелді Шілдебаев, Жалғасбек Аманов, Оразбек Мақсұтов, Гүлнар Қалмұратова, Баян Құлтанова, режиссерлер Гүлсара Мамбетова, Зина Есмаханова, Нағима Жұмабаева, дикторлар Гүләйім Жанұзақова, Несібелі Рахметова, Арсен Дүйсенов, Бақыт Қалдыбаевалар ауысады.

Арнаның алғашқы режиссерлерінің бірі Алматы Республикалық телеарнасынан келген Ертай Ақмағанбетов радиодан келген мамандарға тікелей эфирде қалай жұмыс жасау керектігін, режиссерлік түйсіктің қыр-сырын үйретіп қана қоймай, арнада алғаш кәсіби маман ретінде телережиссураны дамытуға зор үлес қосты. Тікелей репортаждар жүргізу, тікелей эфирде жұмыс жасау, хабарлардың берілу формасын жолға қою көп еңбекті қажет етті. Әйтсе де табиғатынан кәсіби түйсігі жоғары ұжым «Жаңалықтар» қызметін, ақпаратты сараптау бағдарламасын, көптеген қойылымдық телехабарларды көрермендер назарына жоғары деңгейде жеткізе білді. «Жаңалықтарды» қазіргі дәрежеге көтеруде осы редакцияны 7 жыл басқарған журналист, жазушы Несібелі Рахмет пен орыс бөлімінің жетекшісі Бақыт Қалдыбаеваның, режиссер Нағима Жұмабаеваның еңбектері өлшеусіз.

1992 жылы қараша айында Қазақстан мемлекеттік теледидар және радиохабарлары компаниясына қарасты Қызылорда облыстық телерадиокомпаниясы болып аталды. Осы жылдан бастап облыстық деңгейдегі «Әнші балапан», «Таңшолпан» телебайқаулары ұйымдастырылды.  Бұл байқауларға жүздеген талантты жастар қатысты. Олардың көпшілігі кәсіби өнердің жолын қуды. Атап айтар болсақ, Тахауи Рахметов бүгінде Абай атындағы опера және балет театрының әншісі. Алмас Кішкенбаев, Мәдина Сәдуақасова, Гұлнұр Оразымбетовалар республикаға танымал эстрада жұлдыздарына айналды. Сонымен қатар телеарна ел аузында жүрген, бірақ шығармашылығы халыққа беймәлім жекелеген өнер иелерін насихаттауға да бет бұрды. Елге танымал сазгерлер Бексұлтан Байкенжеев пен Тәңірберген Қалауовтың ән кешін, Сыр шайырларының ұрпағы Шәмшат Төлепованың жыр кешін өткізді. Олардың бай мұрасы телеарнаның алтын қорында сақталып қалды.

1993 жылы 1 сәуірде Қызылорда облыстық телерадиокомпаниясы мен облыстық радиотеле орталығы біріктірілді. Сол жылы телеарнаның хабар тарату ауқымы 3 сағатқа көбейді. Көрермен алдындағы жауапкершілік арта түсті. Күнделікті жаңалықтарға қоса тікелей эфир форматындағы «Жүздесу», «Көкейтесті», «Темірқазық» хабарлары эфирге шықты. Журналистер Баян Исламбаева мен Айткүл Шалғынбаева қазақ редакциясының бас редакторы Есенгелді Шілдебаеттың ықпалымен көрермен көңілін дөп басатын дүниелер дайындау жолында үнемі ізденіс үстінде болды. Бүгінде телеарнаның қалыптасуы мен дамуының 20 жылдан астам тарихына үңілер болсақ, осы азаматтардың өлшеусіз еңбегін, қайталанбас қолтаңбасын көреміз.

Нарықтық экономиканың қысылтаяң  кезеңінің өзінде де телеарна қаржы табуға үйрене бастады. Нарыққа бейімделу үшін теледидар базасында «Асар ТВ», «Дидар» атты коммерциялық телеарналар жұмыс жасады.

Арнаның алғашқы елеулі оқиғасының бірі – ұжымның екі жылдан кейінгі тұсаукесер рәсімінің жасалуы болды. Бұл шара облыс көрермендері алдындағы есеп ретінде өтті. Тұсаукесерге Ақтөбе, Жезқазған, Торғай, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары телеарналарының төрағалары келді. Ең мәртебелі қонақ Республика телерадио комитетінің төрағасы, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза еді. Төраға өзімен бірге аса қажетті техникалық жабдықтар мен аппаратура ала келді. Тұсаукесерге облыста теледидарды ашуға ерекше еңбек сіңірген Қазақстан Республикасы Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрінің орынбасары Кеңесбай Әбенов арнайы шақырылды.

1994 жылы 18 сәуірде Қызылорда облыстық телерадиокомпаниясы облыстық радиотелеорталығы біріктірілді.

1994 жылы 18 сәуірде жалпы алаңы 3 мың шаршы метр болатын бұрынғы Саяси ағарту үйінің ғимараты Қызылорда облыстық телерадиокомпаниясының балансына өткізілді. 8 маусымда телекомпания «Қазақстан теледидары мен радиосы» Телерадиокорпорациясының құрамына енді. Осы жылы хабар тарату S-VHS форматы бойынша жүргізіле бастады.

1995 жылы телеарнада тұңғыш рет «Сыр саңлақтары» тележобасын ұйымдастырылды. Бұл шын мәнінде ғаламат жоба болды және облыстық теледидар тарихында айрықша орын алды. КСРО Халық әртісі Роза Бағланова, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Иран-Ғайып, ақын Шөмішбай Сариев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Дүйсекеев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мәдина Ералиева бастаған өнер иелері Сыр өлкесін ән мен жырға көмкеріп, халықтың ықыласына бөленді. Бұл екі күнді тарихи күн десек те болады. Жиырмаға жуық өнер иесі, ақын-жазушылар, жыршы-термешілер мен әншілер қатысқан кеш телеарнаның 620 орындық концерттік студиясында өтті. Хронометражы 2 сағатқа созылған бұл хабар әлі күнге дейін телеарна эфирінен түспей келеді. Түпнұсқасы «Қазақстан» Ұлттық арнасы мен облыстық теледидардың алтын қорында сақтаулы тұр .

1997 жылы облыстық телеарна ақпаратты-сараптамалық бағдарламасын ашып, 10 жыл тікелей эфирді А.Шалғынбаева жүргізді. Облысымыз бен еліміздің даму қадамдарын саралап отыратын бұл бағдарламаның 10 жыл ішінде шықпай қалған уақыты болған емес. Сондай-ақ «Апта айырық» авторлық ақпаратты-сараптамалық бағдарламасы бірнеше рет жылдың үздік хабары атанды. «Сөз анық» сараптау бағдарламасы өңіріміздегі күрмеуі қиын проблемалардың жоғары деңгейде шешілуіне салмақты септігін тигізіп келе жатқан бағдарлама екенін айтпай кетпеуге болмайды. Бұл бағдарламамен аймақтан сайланған сенаторлар да, мәжілісмендер де, елімізге белгілі бірқатар саясаткерлер де таныс екенін мақтан тұтуға болады. Сыр еліне сапарлап келген саясаткерлер мен саясаттанушылардың, ғалымдардың, журналистердің «Сөз анық» сараптау бағдарламасы мен «Ой мінбер», «Ашық әңгіме» хабарына қатыспай кететіндері кемде кем. Сондай-ақ бұл бағдарламада министрліктің департамент басшылары мен мамандарынан телефон арқылы сұхбат алу жолға қойылған.

2007 жылдан бастап 1 сағат көлемінде «Кателко» спутниктік жүйесі арқылы телеарна хабарларын тарату жүзеге асырылды. Іске қосылған ғарыштық спутниктік қабылдау-тарату станциясы облыстық телевизиялық хабарларды спутниктік және жерүсті байланыс желілері арқылы, «Қазақстандық телекоммуникация» АҚ (Кателко) және «Қазтелерадиомен» келісілген келісім-шарттар негізінде табысты жүзеге асырылды. Нәтижесінде, облыс тұрғындарына телерадиохабарламаларды тарату мүмкіндігі 77 пайыздан 91,0 пайызға дейін артуына қол жеткізілді, кабельді және спутниктік телевидениенің мүмкіндіктерін кеңінен қолдануға жағдай жасалды. Осындай бірқатар ұмтылыстар мен жетістіктердің арқасында «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы 2008 жылы «Облыстың үздік телеарнасы» атанды.

Бұл телеарнаның өзге телеарналардан бір айырмашалығы сұхбат жанрындағы бағдарламалардың көптігі. Және ескі сұқбаттарды арна басшылығы алтын қордан өшірген емес. Мысалы: «Ашық әңгіме» хабарына қатысқан қазақтың біртуар жарық жұлдызы марқұм Ақселеу Сейдімбековтың бүкіл Қазақстан бойынша екінші телесұхбаты телеарнаның алтын қорында тұр.

Бірнеше жыл экраннан түспеген «Алқа» саяси телеклубы, «Ой мінбер», «Ашық әңгіме» қоғамдық – саяси, «Сәті түскен сұхбат» сынды танымдық хабардың іздеп көрер өз көрермендері болды.

Аймақтың даму қадамдарымен бірге өскен, әр жылда әр түрлі «Аптадағы Ақмешіт», «Ой таразы», «Апта айырық» деп аталған сараптау бағдарламалары халықтың жүрегіне жол тауып, көңілден шығып отырды.

1999 жылы қаңтар айында телеарнаға Мәскеу қаласынан жаңа техникалар әкелінді. Оның құрамында Жапонияның Panasonic маркалы монтаждау бейнемагнитафондары, бейнекамералар, микшерлі пульт болды. Осы кезден бастап «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы - қаржылық-экономикалық тұрғыдан дамыған, телевизияның соңғы озық техникаларымен жабдықталған және журналистикадағы жаңа тенденцияларды өндіріске батыл енгізген,  бәсекеге қабілетті телеарна қатарында орын алды. Бұл жылдары телеарна облыстың тыныс-тіршілігін, саяси бағытын, әлеуметтік-экономикалық өсу белестерін, жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесін дер уақытында дөп басып, халыққа жариялап отырды. Салауатты өмір салтын қалыптастыру, спорт пен дене шынықтырудың бұқаралылығын арттыру, мәдени мұралар мен ескерткіштерді қорғау, мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктету, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру, экологиялық ахуалды сауықтыру сияқты өзекті мәселелер телеарнаның қозғаған, зерттеген, ой тудырған, шешім қабылдауға түрткі болған көптеген мәселелердің бастылары болғандығын жоққа шығара алмайсын. Жұмыстары күнделікті ізденіске, қарбаласқа толы телеарна журналистері өз қызметтерін абыроймен атқарып келеді. Телеарнаның басқа облыстағы арналардан бір артықшылығы – концерттік залы бар. Осы залда Роза Бағланова, Роза Рымбаева, Әлібек Дінішев, Вахтанг Кикабидзе, Мәдина Ералиева, Батырхан Шөкеновтер ән шырқады.

2003 жылы 3 маусымда Қызылорда облыстық телерадиокомпаниясы «Қазақстан Республикалық Телерадиокорпорациясы» ЖАҚ Қызылорда облыстық филиалы болып өзгертілді. Ал 2004 жылы тәуліктік эфир уақыты 14 сағатқа жетті. Хабар тарату S-VHS-тен DVCAM форматына ауыстырылды. Осы жылдың маусымынан «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Қызылорда облыстық филиалы деп аталды. 2005 жылдан бері телеарна қаржылық әлеуетін көтеріп, жаңа заманғы техникамен жабдықталды. Жаңа бағыттағы ұйымдастыру жұмыстарымен дүниеге кең тынысты бағдарламалар келді. Телеарна қызметі жаңа көзқараспен тың серпін алды. Жаһандық көшке ілескен «Қазақстан-Қызылорда» аймақтағы электронды ақпарат құралдары арасында белді де беделдісі. 2004-2005 жылдары арна ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимарат мүлде жаңа кейіпке енді.

2006 жылы спутниктік қабылдау-тарату станциясы ашылып, ол телеарна ғимаратының үстіне орнатылды. Жасанды жер серігі арқылы спутниктік жүйе бойынша эфирге шығу жүзеге асырылды.

2007 жылы 1 қаңтардан бастап телеарна хабарлары 1 сағат көлемінде «Кателко» спутниктік жүйесі арқылы таратыла бастады.

Телеарна әсіресе Сыр елінің жыраулық дәстүрін өлтірмей, Сырдың жыршы-термешілерінің ізбасар ұрпақтарын насихаттау, халыққа таныту мақсатында 2008 жылдан бері «Жыр-керуен» байқауын ұйымдастырды.

«Ұлттық болмысымыздың ұйытқысы, атадан балаға мирас болған өміршең өлең ол – дәстүрлі музыка. Көне дәуірден бастау алған бұл кәсіби өнерді көздің қарашығындай сақтау  бүгінгі ұрпақ парызы» деген журналист Шолпан Исабекова «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалінің салтанатты ашылуының куәсі болып қайтқан. Сол кездегі облыс әкімі Болатбек Қуандықовтан, филология ғылымдарының докторы Тынысбек Қоңыратбаевтан, Қырғызстаннан келген дастаншы Майрам Шадыбековалардан сұқбат алады. Фестивальдің ортасында тұрып стендап жасап, сюжетіне әр беретін интершумдар келтіреді.

«Өнер фестивалінің алғашқы күнінде елімізге танымал әнші-жыршылар, күйші-термешілер ауылдың алты ауызын ұсынса, шет елден келген өнер иелері қонақ кәделерін тарту етті»,- деп жаңалық аяқталады. Бұл жаңалықтан арнаның мәдениет пен өнерге қосқан өлшеусіз үлесін аңғарамыз. Түркі дүниесінің бай мұрасын жинақтап «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық өнер фестивалінің телевизиялық нұсқасын жазып, Сыр сүлейлерінің бірегейі Көшенейдің шығармашылығынан «Күміс көмей Көшеней» атты тележоба дайындалды. Мұның бәрі қазір алтын қордың қоржынында. Ал жастарға арналған «Кім болам?» атты жаңа жоба жаңашылдығы, идеясының маңыздылығы, техникалық тұрғыдан көркем безендірілуі, форматы бойынша 2008 жылы халықаралық «Шабыт» фестивалінде қазылардың ерекше назарына ілігіп, «Авторлық хабарлар» номинациясында дипломант атанды. Бұл жыл жемісті жыл болды десек те болады. Себебі бағындырған белестер бұл кезде аз болмады. Республика жұртшылығын елең еткізген 2008 жылғы ақпандағы тікұшақ апаты кезінде қызметте жүріп, өзінің кәсіби біліктілігін танытқан телеоператор Ш. Қожантаев «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» атағын алды. Жаңалықтар қызметі редакциясының шеф-редакторы Н.Рахметова облыс әкімінің стипендиаты болса, жаңалықтар қызметінің редакторы Қ.Маханов журналистік шеберлігі мен тың тақырыптарды батыл қозғай білгені үшін «Астананың 10 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталды. «Телеарна редакторы А.Боранбаевтың «Көзқарас» бағдарламасы жас журналист С. Бермағамбетов атындағы облыстық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды». Аталмыш байқау жыл сайын журналистер арасында ұйымдастырылып тұрады. Бұл С.Бермағамбетовтың шығармашылығын ұмытпау, оны өскелең ұрпақта таныстыру мақсатында жолға қойылған шара.

2009 жылдың 28 тамызы – телеарна тарихындағы айтулы күн. Бұл күні телеарна облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың қолдауымен республикада алғашқылардың бірі болып тәулігіне 14 сағат хабар таратуға қол жеткізді. Көрсетілім айдынды Арал мен қарт Қаратаудың түкпір-түкпіріне жетті. Аймақтың 21 елді мекеніне қосымша хабар таратқыштар қойылып, облыстық телевидениенің дербес спутниктік жүйесі қалыптасты. Көптің көкейіндегіні дөп басып, бастаманы ел игілігіне асырған облыс басшысының байыпты қадамы көрермен көзайымына айналған телеарнаның табысты дамуына даңғыл жол ашты. Облыс тұрғындарының ақпарат алу мүмкіндігін кеңейтті. Мұны соңғы жылдарда қол жеткізген үлкен жетістік деп бағалауға болады. Ол туралы «Сыр бойы» газеті былай жазды:

«Облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың қолдауымен 2009 жылдың 28 тамызынан бастап Сыр елінің тіршілік айнасы – «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы облыс аумағына 14 сағат жиілікпен эфирге шықты. Бұл мақсаттарға облыстық бюджеттен 71,8 млн. теңге бөлінді. Бөлінген қаржыға 6 ауданға жүйе тартылып, телетаратқыш қондырғылар орнатылды. 15 елді мекенге хабар тарату құралдары қойылды».

Мақалада айтылғандай, облыстық телеарнаның бұрынғы тіршілігі одан сайын қыза түсті.  Жаңа маусым сайын жұртшылық назарына тың жобалар ұсынылып, бағдарламалар жаңашаланып отырады. Соның ішінде Қаршыға Есімсейітованың – «Көненің көзі – тарихтың өзі» және «Мирас», Алтынай Молжанованың – «Біздің ауыл», Нұрбек Әмишаның – «Руханият», Райхан Тәжібаеваның «Территория 02» бағдарламаларын атап өтуге болады.

«Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының күнделікті эфирі мемлекеттік Гимнмен ашылады. Заставка, бас шапка, имидждік роликтер өз реттілігімен беріледі. Оларды дайындау барысында сапасына, Ұлттық арна саясатымен үндесуіне үлкен мән беріледі.

Республикалық «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының филиалы ретінде облыстық телеарна жексенбіден басқа күндері күн сайын эфирде 1 сағат көлемінде Республикалық денгейде мемлекеттік ақпараттық саясат жүргізуге берілген мемлекеттік тапсырысты орындайды.

Бүгінде телеарна хабарларымен облыс аумағының 85 пайызы қамтылған. Ал «Қазақстан» ұлттық телеарна желілері арқылы өтетін хабар таратылымымен облыс 97 пайыз қамтылып отыр. Биылғы жылдан бастап Үкіметтің қолдауымен хабар таратудың ұлттық спутниктік сандық жүйесіне енді. Енді әлемнің кез келген нүктесінде отырып, телеарна тетігін бассаңыз «Қазақстан-Қызылорданы» көре аласыз. Сонымен бірге, талғампаз көрерменнің көңілін дөп басатын «Ақиқат алаңы», «Ақсарай», «Үш таған», «Айқаракөз», «Ой-дода», «Өзекжарды» секілді хабарлар бар. Жанры жағынан әр алуан бұл бағдарламаларда халықтың көкейіндегіні айтуға журналистер тырысып жатады. Төгілген тер, жасалған еңбек ескерусіз емес. Оған дәлел – жоғарыда көрсетілген журналистер жеңісі. Сондай-ақ 2009 жылы редактор Гүлшара Башарова республикалық «Шаңырақ» этножурналистика байқауының жеңімпазы болып танылды. 2010 жылы «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамы филиалдары арасында өткізілген шығармашылық байқауда бәйгеге қосқан хабарлар жүзден жүйрік шығып, жеңімпаз атанды. Редакторлар Қуат Шарабидинов пен Айнұр Тұңғышбаеваның «Серпін» экономикалық-сараптау хабары бас жүлдені, журналист Жанар Жанасылованың «Будьте здоровы» хабары екінші орынды жеңіп алды. Ресми емес командалық есепте жалпы жүлделер саны бойынша телеарна бірінші тұғырға көтерілді. Мұның бәрі талап пен ізденіс үйлесімділігінің жемісі деп білеміз. Сонымен бірге «Қазақстан» РТРК» АҚ тарапынан кадрлар біліктілігін арттыруға жасалып отырған маңызды қадамдардың нәтижесі десек те болады. Өйткені, жыл сайын мамандар Ұлттық арнада біліктілік арттыру курстарынан өтіп, алған білімі мен тәжірибесін телеарна рейтингін көтеруге жұмсауда.

«2010 жылы сандық телевизиялық таралымға көшу басталды. Арна сандық телевизиялық таралымның ұлттық жиынтығына енді. Соңғы екі жылдың көлемінде өзін-өзі қаржыландыруға көшуін шыңдалу кезеңі деуге толық негіз бар. Телевизия тек идеология құралы ғана емес, сонымен бірге табыс тетігі екенін пайдалана отырып, қосымша кіріс көздерін табудың жолдары қарастырылды» делінген арна архивінде [7]. Осы мақсатта ақылы негізде түрлі конкурстар мен тележобалар ұйымдастырып, хабарларға тұрақты демеушілер табылды. Аудандарда жарнама агенттері іске қосылды. Соның нәтижесінде өткен жылы мол табыс тауып, филиалдар бойынша алдыңғы қатардан көрінді. Бұл өз кезегінде қызметкерлердің жалақысын арттыруға септігін тигізді. Бүгінде телеарна мамандары аймақтық филиалдар бойынша ең жоғары жалақы алады. Қазіргі кезеңде «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында бірлігі мен шығармашылығы тоғысқан жүзден астам қызметкер жұмыс жасайды. Көзі қарақты көрерменнің көңілінен шығатын дүниелер әзірлеу – «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының алдағы мақсаты.

Қаламгерлер еңбегін бағалау мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде журналистер күні аталып өтеді. Облысымызда бұл мереке үлкен көлемде тойланады және қаламгерлерімізге бағалы сыйлықтар да табысталады. «Қазақстан-Қызылорда» журналистері жыл сайын осындай құрметтен құр қалған емес. Баспа, телевидение және радио күніне арналған «Қанатты қалам-2011» облыстық фестивалінде марапаттауға лайықталған журналистердің қатарында облыстық арнаның да қызметкерлері баршылық. «Облыстың Құрмет грамотасымен телеарнаның бас редакторы Қасымова Айсұлу Жұмабайқызы, облыс әкімінің Алғыс хатымен арнаның редактор-жүргізушісі Бисекенова Ляззат Исламқызы марапатталды. «Үздік телережиссер» номинациясын облыстық телеарнаның бас режиссері Ноғайбаев Сәбит Орынбасарұлы мен жетекші инженер Түркпенбаев Азамат иеленді» - деп жаңалықты қорытындылайды [8].  Арқалаған алтын, жегені жантақ журналистерге осындай дәреже беруі қуантарлық жағдай.

Жалпы, жаңалықтар жалауы саналатын Сыр телеарнасының шығармашылық ұжымы, жаңалықтарды қоспағанда, көрермендермен аптасына 26 хабары арқылы жүздеседі. Олар телеарнаның апталық бағдарламасын толығымен қамтиды. Тақырыптық хабарлар: ақпараттық-сараптамалық («Түйін», «Кызылорда за неделю», «Сөз анық», «Үш таған»), экономикалық, сараптамалық («Салық және халық»), әлеуметтік-қоғамдық («Көзқарас»), танымдық-ақпараттық, деректі-танымдық («История в портретах», «Улицы нашего города»), өнер тақырыбында («Руханият», «Сыр өңірінің тұлғалары», «Ақсарай»), жастар мен бабаларға арналған («Кім болам?», «Марламқаш») бағдарламалар түрлері бар.

Олардың жанры, тақырыптық бағыты әр алуан. Әсіресе, балаларға арналған «Марламқаш», тікелей эфирдегі «Өзекжарды», теле-пікірсайыс форматындағы «Ой-дода», таңертеңгілік ақпаратты-сазды «Жаңа күн» хабарларына деген қызығушылық басым.

Сонымен бірге кәсібің – нәсібің екенін, әр мамандықтың қызықшылығы мен қиыншылығы қатар жүретінін үйрететін 15 минуттық «Кім болам?», жастардың ой-өрісінің жетілуіне, әлеуметтік-қоғамдық көзқарастарының қалыптасуына игі ықпал ететін ток-шоулық «Ой-дода», қоғамымызда орын алған проблемалар, бүгінгі күннің өзекті мәселелері төңірегінде туындаған сауалдарға сала басшысы немесе тиісті маманның уәжін тыңдап, студия қонағы мен телекөрермендердің байланысуына мүмкіндік жасап, көптің көкейінде жүрген түйткілді жәйттердің түйінін тарқатып, мәселенің оң шешілуіне ықпал етуге көмектесетін тікелей эфирдегі «Өзекжарды», қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелер, аймақ дамуындағы ілгерілеушілік қадамдар мен проблемалардың сарапталатын, белгілі бір түйткіл бойынша сол саланың маманын студияға қонақ етіп шақырып, олардан тиісті сұрақтарға жауап алатын «Үш таған» секілді бағдарламалар арнаның беделін асқақтатып, көрерменнің қызығушылығын тудырып отыр.

«Арнадан берілген «Сыр өңірінің тұлғалары» хабары – үздік жобалардың бірі. ХХ ғасырда Сыр елінің өнері мен мәдениетін дамытуға үлес қосқан тарландар туралы бұл 10 сериялы циклді хабардың телеарнаның алтын қорынан орын алып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болатыны даусыз. Танымал журналист, ақын, республикалық телерадиоакадемиясының "Алтын жұлдыз" байқауының лауреаты Қаршыға Есімсейітованың телетуындысы көрермен көзайымына айналды. Бұдан өзге «Таңбалы тас», «Қорқыт», «Мұстафа Шоқай» сияқты тарихи-деректі фильмдері де бар» делінген әдебиет порталының Қаршыға Есімсейітоваға арналған очеркінде.  Сондай –ақ, Қ.Есімсейітова «Жаңалықтар» қызметінде жұмыс жасап, кейіннен телехабарлар редакциясының «Жүздесу» атты тікелей хабарын жүргізді. Ел тарихы, мәдениеті, әдебиеті жайлы бірнеше хабарлар ашты. «Жыр ошақ», «Өлең сөздің патшасы», «Руханият», «Көкжиек», «Алтын қазық», «Бизнес және орта», «Көзқарас», «Кәнеки, тілім, сөйлеші», «Мирас», «Көненің көзі тарихтың өзі» сияқты хабарлары жарық көріп, көгілдір экран арқылы көрерменге жол тартты. Өзі қызмет жасаған 10 жылдан астам уақыт ішінде тарихи тұлғаларды таныуға көңіл бөлді. Сол арқылы телеэкспедиция құрып, Өзбекстанға 3 рет барып қайтты. Жалаңтөс баһадүрдің 30 жыл әмірлік еткен Самарқан өңірінде, Әйтеке би жерленген Нұрата тауында болған. Қазіргі кезде әдеби-музыкалық «Ақсарай» танымдық хабарын жүргізеді.

Журналист қауымы қашан да ізденімпаз болады емес пе? Жан-жақтылық, ізденімпаздылық қасиеттер облыстық телеарна журналистерінің де бойынан әрдайым табыла білген. Оған куә – есірткі бизнесімен есірткіге құмарлыққа қарсы күрес бағдараламасы аясында Қызылорда облысының ішкі істер департаментімен журналистер арасында  өткізілген конкурс. «Конкурстың мақсаты аймақ тұрғындары арасында есірткіге қарсы пропагандамен айналысу, өңірдегі полиция имиджін көтеру болды. «Есірткі – қоғам дерті» деген атпен конкурс ағымдағы жылдың күз айларында өткен болатын. Сол доданың нәтижелері бойынша Нұр-Отан ХДП өкілдері, мұғалімдер және де полиция қызметкерлердің денін құраған комиссиямүшелерін "Қазақстан-Қызылорда" телеарнасының тілшісі Райхан Тажібаеваның бейне материалы қызықтыра білді. Бұл материалда автор есірткіге тәуелді жандардың тағдырлары жайлы, есірткіқұмарлық проблемасына жеке өзі анализ жасап, бұл дертке «Жоқ!» айту қажеттігін жеткізді. Кәсіби журналисттік зерттеулер жүргізген Р. Тажібаева «Үздік телерепртер» номинациясы бойынша ұсынылды». Расымен де, қалам ұстаған қауымның мұндай тәжірибені талап ететін материалдар дайындауын шеберлікке жатқызуға болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға