Жаңалықтар

Синтетикалық есірткіге қарсы күрес: прекурсор сатқандар қылмыстық жауапқа тартылады

Синтетикалық есірткіге қарсы күрес: прекурсор сатқандар қылмыстық жауапқа тартылады
Фото: © El.kz 02.05.2024 12:31 505

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заң жобасының негізгі ережесін Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева баяндады.

Синтетикалық есірткі, дәстүрлі есірткілер кокаин, героинге қарағанда, арзан және қолжетімді. Мұндай есірткінің өндірісі де қарапайым, ерекше бір дайындық пен дағдыны талап етпейді. Оған қоса, синтетиканың барлық компоненттері заңды және қолжетімді. Мәселен, жеке органикалық қосылыстар, ацетон, этил спирті және сірке қышқылы арқылы есірткі қоспасын жасап шығаруға болады. Елімізде, есірткі өндірушілер «синтетиканы» өнеркәсіптік ауқымда жасап жатыр, оларға керекті жабдықтар мен химикаттарды, прекурсорларды тасымалдауды пысықай дилерлер тұрақты схемаларға айналдырған, - дейді мәжілісмен.

Имашеваның сөзінше, елімізде есірткі өндірісі күннен-күнге көбеюде. Егер 2019 жылы - 3, 2020 жылы - 8 заңсыз есірткі зертханасы табылып жойылса, 2023 жылы 81 жасырын зертхана жойылған. Биылғы жыл басталғалы 31 жасырын есірткі зертханасы жойылған. 10 тоннадан астам прекурсор алынды. Осылайша, пайдалануға дайын 1 тонна есірткі жасау өндірісінің жолы кесілді, бұл 3 миллион доза және мыңдаған құтқарылған өмірлер. Екі тоннаға жуық есірткі, оның ішінде 457 кг синтетикалық есірткі тәркіленген.

Депутат сондықтан есірткі қылмысына қарсы күресті прекурсорлар мен зертханалық жабдықтарды заңсыз жеткізудің жолын кесуден бастау керек екенін айтты. Оның сөзінше, бұл – неғұрлым тиімді шара.

Бірақ қолданыстағы заңнамада олардың контрабандасы үшін ғана жауапкершілік белгіленгенде, ал прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілік қарастырылмаған. Осы мақсатта Қылмыстық кодекстің 301 және 303-баптарына прекурсорларды заңсыз дайындағаны, өңдегені, сатып алғаны, сақтағаны, тасымалдағаны және жөнелткені үшін қылмыстық жауапкершілікті, яғни олардың заңсыз айналымы үшін, сондай-ақ олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін жауаптылықты көздейтін түзетулер енгізу ұсынылады. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сәйкес күшті әсер ететін заттардың айналымындағы жағдай да осындай болып тұр, - дейді Имашева.

Сөзінше, «Трамадол», «тропикамид», «азоттың тотығы», «сомнол», «прегабалин» және тағы сол сияқты медицина препараттарын жасөспірімдер тым көп пайдаланады. Бұл заттарды есірткіге тәуелді адамдар синтетикалық есірткінің әсерін күшейту үшін пайдаланады, нәтижесінде оларға медициналық емес сұраныс айтарлықтай өсті. Мысалы, тропикамид көз тамшыларын нашақорлар мұрынға тамызады немесе көктамырға жібереді және осылайша галюциногендік әсер алады немесе синтетикалық есірткінің әсерін күшейтеді. Қазіргі уақытта осы дәрілік заттарды рецептсіз бергені және олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін тек әкімшілік жауаптылық қарастырылған.

Бұл жайт осы препараттарды медициналық емес мақсатта сататын қасқойларға тосқауыл бола алмай тұр. Мысалы, 2022 жылы бүкіл елге танымал, фармацевтикалық білімі жоқ «Король Трамадола» (Н. Карпов) күшті әсер ететін заттардың ірі партиясымен бірнеше рет ұсталды. Бірақ ол дәріхана қызметіне формальді түрде лицензиясы болғандықтан, күшті әсер ететін медициналық препараттарды заңсыз таратқаны үшін әкімшілік айыппұл төлеп құтылып кетті. Сондықтан жобада аталған медициналық препараттар құрамы бар күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы, олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны, сондай-ақ оларды ұрлағаны үшін қылмыстық жауаптылықты енгізу ұсынылады, - деді ол.

Сондықтан депутат прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттарды дайындауға немесе өңдеуге арналған құралдар мен жабдықтардың заңсыз айналымы да қылмыстық жазаға тартылуы керек екенін атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға