Жаңалықтар

СІМ өкілі «Визасыз режимнен соң Қазақстанда қытайлар қаптайды» дегенге жауап берді

СІМ өкілі «Визасыз режимнен соң Қазақстанда қытайлар қаптайды» дегенге жауап берді
Фото: facebook.com/aibek.aibekov.9 15.05.2023 21:48 1065

Осыдан бір ай бұрын Қазақстанның Қытаймен өзара визасыз режим туралы келісімге қол қою үшін тиісті жұмыс жүргізіп жатқаны мәлім болды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл мәселеге қатысты қоғамда біраз талқылау болғаны жасырын емес. Тіпті әлеуметтік желілерде бір топ белсенді бұл құжатқа қол қоюға қарсы пікір білдірді. Осыған орай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров визасыз режимнің қандай пайдалы тұстары барын түсіндіріп өтті.

Бұл келісім екі ел арасындағы қарым-қатынастардың дамуына, азаматтар арасындағы байланыстарға, сауда саттықты кеңейтуге айтарлықтай қолдау болатыны сөзсіз. Оны барлығымыз түсініп отырмыз. Қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан үшін неғұрлым көп елдермен тығыз қатынас орнату ұтымды екеніне күмән жоқ. Өздеріңіз білетіндей, біз сыртқы саясатта көпвекторлы бағытты таңдап, осы күнге дейін оны табысты жүзеге асырып келеміз, - деді Смадияров.

Ресми өкіл енді Қытай азаматтары елімізге жапа-тармағай кіреді деп қауіптенетіндерге де жауап берді. Ол бұл шараның еліміздің инвестициялық климатын және туристік әлеуетін арттыруда үлесі зор екенін алға тартты.

Былтыр шілде айынан бастап Қазақстан Иран, Үндістан және Қытайдың азаматтарына елімізге 14 күнге дейін визасыз кіруге рұқсат берген. Өздеріңіз көріп отырғандай, аталған елдердің, әсіресе Қытай азаматтарының біздің көшелерде қаптап жүргенін көріп отырған жоқпыз. Бұл шара республикамыздың инвестициялық климатын және туристік әлеуетін арттыру, сондай-ақ іскерлік байланыстарды дамыту үшін жасалған. Экономикалық тұрғыдан бұл бастама өзінің оң нәтижесін беруде, - деді ол.

Смадияров визасыз режимнің Қазақстан азаматтарына тиімдірек екен айтады. Яғни енді 30 күн бойы Қытайда тек паспортпен жүруге болады, ешкім виза сұрамайды.

Егер бұрын тек Қытай азаматтары бізге визасыз 14 күнге кіре алатын болса, бұл келісімнен кейін олар да, біз де бір-бірімізге 30 күнге дейін визасыз бара алатын боламыз. Мысалы, Қазақстан азаматтары бүгінде визасыз, лезде Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктеріне қыдырып барып қайтып жатыр. Енді дәл солай Қытайға да бір ғана паспортпен барып келуге болады, - дейді ресми өкіл.

Айбек Смадияров көпшілік арасында айтылып жатқан қытайлықтар жұмыс орындарын тартып алады деген пікірді де жоққа шығарды. Себебі визасыз режим тек туристік және іскерлік сапарларға арналады және жұмыс істеуге рұқсат бермейді. Қазақстанда қызмет ету үшін арнайы жұмыс визасын алдын ала рәсімдеу қажет.

Одан қалды Қытайға виза алу үшін бұрынғыдай айлап кезекке тұрудың да, виза рәсімдейтін арнайы компаниялардың қызметіне қомақты ақша төлеудің қажеті жоқ. СІМ өкілі бұл жайт туристер санын арттыруға ықпал етеді деп санайды.

Визасыз режим қай елде болсын шетелден келетін туристердің санын арттыруға бағытталған. Бұл экономикаға оң әсер етеді, өйткені елге келген турист міндетті түрде қонақ үйде тұрады, кафе мен мейрамханаларда тамақтанады, көлік қолданады, жалпы айтқанда елде біраз ақша жұмсайды. Ал қытайлық туристер әлемде қалталы туристер санына жатады. Әлемнің екінші экономикасы саналатын Қытаймен өзара тиімді саясатты жүргізу еліміздің ұлттық мүддесіне толық сай келеді, - деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға