СІМ өкілдері Иран дипломаттарымен кездесті
Экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ЭЫҰ) Жоғары деңгейдегі комитетінің 1-ші отырысының аясында еліміздің сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Иран Ислам Республикасының сыртқы істер министрі Аббас Арагчимен, сондай-ақ ИИР Сыртқы істер министрінің құқықтық пен халықаралық мәселелер жөніндегі орынбасары Казем Гарибабади және экономикалық дипломатия жөніндегі орынбасары Саид Абдол Расул Мохаджермен екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Иран Сыртқы істер министрімен кездесуде тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, өңірлік қауіпсіздікке, экономикалық әріптестікке және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара ықпалдастыққа ерекше назар аударды. Сондай-ақ әртүрлі деңгейдегі алдағы ресми екіжақты сапарлардың егжей-тегжейлері қарастырылды.
Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Мохаджермен өткен кездесуде сауда-экономикалық серіктестік мәселелері талқыланды. Қазақстан мен Иран 2023 жылғы желтоқсанда қол қойылған екіжақты тауар айналымын арттыру, көлік-логистикалық және инвестициялық мүмкіндіктерді дамыту жөніндегі Жол картасын іске асыруға дайын екенін растады.
Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары К. Гарибабадимен кездесуде тараптар БҰҰ, АӨСШК, ШЫҰ, ИЫҰ, ЭЫҰ және басқа да халықаралық құрылымдар аясындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылап, әлемдік саяси күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша, оның ішінде Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік шеңберіндегі серіктестікке қатысты пікір алмасты.
Барлық екіжақты кездесулердің қорытындысы бойынша тараптар белсенді саяси диалогты жалғастыруға және екіжақты әрі көпжақты өзара мүдделі барлық мәселелер бойынша ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты.