Жаңалықтар

СІМ-де БҰҰ Даму бағдарламасының өкілін қабылдады

СІМ-де БҰҰ Даму бағдарламасының өкілін қабылдады
Фото: СІМ 23.02.2023 16:02 1269

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының жаңадан тағайындалған Тұрақты өкілі Катаржина Вавьернианмен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы СІМ мәлімдеді.

Қ. Омаров сұхбаттасушыны осындай маңызды лауазымға тағайындалуымен құттықтап, «ҚР мен БҰҰДБ арасындағы 2021-2025 жылдарға арналған әріптестіктің негіздемелік бағдарламасына» сәйкес жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үміт білдірді. «Біздің еліміз 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттарына және Париж келісімінің қағидаттарына берік болып келеді», – деді қазақстандық дипломат.

Келіссөздер барысында тараптар адами капиталды дамыту, әлеуметтік-экономикалық даму, климаттың өзгеруі және ҚР-дағы білім беру саласындағы БҰҰДБ жобалық қызметін қоса алғанда, ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. «Қазақстан БҰҰ-ның мультилатерализм қағидатына жан-жақты қолдау көрсететін сенімді серіктесі болып табылады», – деп атап өтті Тұрақты өкіл.

К. Вавьерниа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған одан әрі демократияландыруға, құқық үстемдігін нығайтуға және адам құқықтарын қорғауға, инклюзивті экономикалық өсуге бағытталған кешенді реформалар туралы жоғары пікір білдіріп, БҰҰДБ мандатына сәйкес қойылған міндеттерді іске асыруға өз үлесін қосуға дайын екенін растады.

Бірінші кездесу аясында БҰҰ Даму бағдарламасының Әкімшісі Ахим Штайнердің ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің атына жолданған сенім хатының тапсыру рәсімі өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға