Жаңалықтар

СІМ басшысы Анталияда бірқатар кездесу өткізді

СІМ басшысы Анталияда бірқатар кездесу өткізді
Фото: ҚР СІМ 03.03.2024 04:12 1296

Қазақстан СІМ басшысы III Анталия дипломатиялық форумы аясында бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Анталия дипломатиялық форум аясында премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен, Өзбекстан сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовпен, Әзербайжан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовпен, Словакия Сыртқы істер министрі Юрай Бланармен, Солтүстік Македония сыртқы істер министрі Буяр Османимен және Молдова Сыртқы істер министрі Михаил Попшамен бөлек келіссөздер жүргізді.

РФ СІМ басшысы С.Лавровпен кездесу барысында тараптар елдер арасындағы қарым-қатынас деңгейін жоғары бағалады, сондай-ақ қазақ-ресей ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. Министрлер сондай-ақ алдағы іс-шаралардың күнтізбесін қарап, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағаттарын теңестірді».

Өзбек әріптесі Б.Саидовпен екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жолдары талқыланды, өсудің жаңа жолдарын іздеудің және тауар айналымының көлемін ұлғайтудың маңыздылығы аталып өтті. Екі ел арасындағы жан-жақты өзара іс-қимылды одан әрі нығайту қажеттігі айтылды.

Әзербайжан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Д.Байрамовпен келіссөздер аясында екі елдің саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылының негізгі аспектілері талқыланды. Тараптар сондай-ақ тауар айналымы мен транзит-көліктік әлеуеттің көлемін ұлғайту жөнінде пікір алмасты.

Словакия, Солтүстік Македония және Молдова сыртқы істер министрлерімен М.Нұртілеу халықаралық ұйымдарда өзара қолдауды қоса алғанда, екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. Қазақ-словак ынтымақтастығының келешегі мен сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы әлеуеті аталып өтті. Солтүстік Македониямен өзара сауда көлемін ұлғайтуға және көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және туризм сияқты ынтымақтастық салаларын дамытуға баса назар аударылды. Молдовамен экономикалық байланыстарды дамытудың белсенді серпіні байқалады, тараптар өзара іс-қимылдың барлық салаларын нығайтуға ниет білдірді.

Форум аясында Қазақстан СІМ басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиевпен және Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұловамен екіжақты келіссөздер жүргізді.

Тараптар ұйымға қатысушы елдердің ынтымақтастығы мәселелерін қарастырып, түркі интеграциясын дамытуға бағытталған бірлескен жобалар мен бастамалар жөнінде пікір алмасты, сондай-ақ түркі мәдени мұрасын сақтау мен ілгерілетуге және елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға мүдделілігін растады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға