Жаңалықтар

ШЫҰ саммитінде 20-дан астам маңызды құжатқа қол қойылады – саяси сарапшы

ШЫҰ саммитінде 20-дан астам маңызды құжатқа қол қойылады – саяси сарапшы
Фото: ©El.kz/Артем Чурсинов 02.07.2024 11:00 356

Бір күннен соң Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті басталады. Елорда қонақтарды күтуге әзір отыр. Елге Еуразия континентінің түкпір-түкпірінен делегациялар келеді. Осы ретте El.kz ақпараттық агенттігі Философия саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері, саяси сарапшы Юрий Булуктаевтың пікірін білген еді.

Саммиттен  саясаткерлер, сарапшылар мен 10 мыңнан астам шетелдік делегацияның күтері мол. Тақырып айқын. Шанхай ынтымақтастық ұйымының 65%-ы Еуразия құрылығында орналасқан мемлекеттердің территориясын қамтиды. Сол себепті ШЫҰ аз уақытта әлемдік масштабтағы халықаралық ұйымдардың арасынан ойып тұрып орын алды деуге болады. Оны Астанаға БҰҰ бас хатшысы мен өзге да алпауыт ұйым басшыларының келуінен-ақ аңғаруға болады. Саммитте 20-дан астам әртүрлі саланы қамтитын құжатқа қол қойылады. Солардың арасындағы маңызды саяси құжат – Астана декларациясы, - деді Юрий Булуктаев.

Оның пікірінше, мұндай декларацияда өткен кезеңдердің қорытындысы жарияланып, болашақтағы бағыт-бағдарлар айқындалады. Сондай-ақ Беларусь Республикасының ШЫҰ-ға бақылаушы мемлекет мәртебесінен мүше мемлекет ретінде қабылдау рәсімі болады. Саммите 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы мен 2030 жылға дейін энергетика серіктестігінің даму стратегиясы бекітіледі.

Бүгінгідей турбулентті халықаралық жағдайда әр мемлекетте энергетика, экологиялық мәселелер алдыңғы шепке ығысады. Егер осындай стратегия жасақталса, ол бірінші кезекте ШЫҰ-ға мүше елдер арасында энергетикалық орталықтың дамуына септігін тигізеді. ШЫҰ-ның негізгі мағынасы қандай? Ынтымақтастық! Сол себепті саммит барысында мұнай және газ, электр энергетика саласындағы өзара серіктестікке қосымша серпіліс беріледі. Кейбір азаматтар ШЫҰ-ның пайдасы қандай деп жатады? Ұйым жұмысының нәтижесінде терроризм, сепаратизм, экстремизм салаларындағы мәселелер шешімін тапты дер едім. Нашақорлықпен күрес мәселесі - маңыздылардың қатарында. 2024-2025 жылдарға ШЫҰ-ның есірткіге қарсы стратегиясы қабылданады. Сол себепті саммит ұйым құрамына кіретін мемлекеттердің саясатына оң әсерін тигізеді деген үміт бар, - деп түсіндірді сарапшы.

Спикер бүгінде жаңа стратегияны жасау мақсатында жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Себебі жаңа мақсаттар мен жаңа жобалар көп.

Қазақстанда осындай маңызды іс-шараның ұйымдастырылуы еліміздің геосаяси маңызын аңғартады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев астаналық саммиттің ұйым тарихында ойып тұрып орын алатынына сенім білдірді, - деп қорытындылады Юрий Булуктаев.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саммиттің «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» тақырыбында өтетінін айтты.

Іс-шара барысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ауқымды мәселелерді ортаға салады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға