Жаңалықтар

«ShymQala» этноауылы – ұлтымыздың ұлағатын көрсететін жер

«ShymQala» этноауылы – ұлтымыздың ұлағатын көрсететін жер
31.08.2021 17:16 7767

Шымкент 2200 жылдан бері гүлдеп келе жатқан қызғалдақ қала. Үшінші мегаполистің тамырын тереңнен тартатынын Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев бастаған экспедиция тобы «Көне Шымкент» қалашығы тарихи кешенінен табылған жәдігер, көне заттар арқылы дәлелдеп берді. Бүгінде цитадельді музейлендіру жұмыстары қызу қарқынмен жүргізілуде. Ондағы ашық аспан астындағы музей, жер асты музейі кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық.

«ShymQala» этноауылы – ұлтымыздың ұлағатын көрсететін жер  

Ал ескі қалашықта бой көтерген «ShymQala» этноауылы – үшінші мегаполистің мақтанышы. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінде ашылды. Салтанатты іс-шараға шаһар басшысы Мұрат Әйтенов және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, зиялы қауым қатысқан-ды. Шымшаһарға ат басын бұрған қонақтардың дені бүгінде ең әуелі осы жерге табан тірегенді қош көріп тұрады. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына тарту болған алып кешенде бүгінде екі негізгі туристік бағыт бар. Екеуі оңтүстік және шығыс қақпалардан басталады. Этноауылды қала тұрғындары ерте көктемнен күзге дейін дүйсенбі мен жексенбі аралығында келіп тамашалай алады.

«ShymQala» этноауылы – ұлтымыздың ұлағатын көрсететін жер  

Этноауылдың кіреберісінің сол жағында «Kaztourism» дүңгіршегі қонақтарға Шымкент туралы кез келген ақпарат ұсынады. Ары қарай келушілерге Шығыс базарының атмосферасы ерекше сезіледі. Себебі, мұнда кәдесыйлар, ұлттық оюмен өрнектелген ұлттық қолөнер бұйымдарын сатып алуға болады. Ал «Шеберлер ауылы» бұл жердің басты сәні мен мән-маңызы.

«ShymQala» этноауылы – ұлтымыздың ұлағатын көрсететін жер

«ShymQala» этноауылындағы «Шеберлер ауылында» күндік жұмыс кестесі таң қылаң бергеннен басталады. Қала тұрғындары мен қонақтары шеберлердің ұлттық қолөнер бұйымдарын, ыдыс-аяқ, кәдесыйлардың қалай жасалатынын көзімен көреді. Сондай-ақ ұлттық қолданбалы бұйымдарды өзі жасап үйренуге мүмкіндігі бар. Қазірде мұндағы шеберлерден «үйреніп қалайықшы» деп ынта танытқан жастардың қарасы қалың. Қаламыздан өзге облыстардан қолөнер үйренуге ниетті жастар этноауылға келіп, шеберлерден сабақ алып жүр.

«Мамандығын қолөнер саласына алмастырамын дейтіндердің саны артуда. Бұрындары тоқырау заманында, өтпелі кезеңде суретшілер керісінше өзге салаларға ауысса, бүгін қолөнерге келушілер көп. Бұл жәйт ата-бабадан келе жатқан асыл өнердің ілгері басып, қанат жаюының белгісі», - дейді «Шеберлер ауылының» жетекшісі, халықаралық деңгейдегі қолөнер шебері Болат Бейісбеков.

«ShymQala» этноауылы – ұлтымыздың ұлағатын көрсететін жер  

«ShymQala»-ға кіре қалғанда «Шеберлер ауылындағы» бес бірдей ақшаңқан киіз үй көзге түседі. Алғашқы ақ қанат үйде сән-салтанаты келіскен хан тағы қойылыпты. Абылай бастаған қазақ хандары отырған орын іспетті әсерге бөлейді екен. Хан, болыстар киген бас киім, шапан, етік, басқа да ұлттық киімдерді киіп хан тағына отырып естелікке суретке түсуге болады. Бұл – туристер экзотикамен тең. Міне, бұл маң осылайша шаһардың тартымды туристік нүктесіне айналып жатыр.

«ShymQala» этноауылы – ұлтымыздың ұлағатын көрсететін жер  

Этноауылда киіз үйлерде елімізге танымал қолөнер шеберлері орналасқан. Олардың күнделікті жұмысы осы жерде. Келушілерге гобелен тоқу, киіз басу, былғары, зергерлік, ағаш бұйымдарын жасау бойынша шеберлік сағаттарын жүргізеді. Болат Бейісбеков – «Шеберлер ауылының» жетекшісі әрі алға сүйреушісі. Жалпы, елімізде және жақын шетелдерде Болат ағамызды танымайтындар кемде-кем. Ұлттық қолөнер бұйымдарын жасаудан алдына жан салмайтын кәсіби маман отбасымен ата кәсіпке берілген. Кәсібін нәсіпке айналдырғанына да біраз жыл болып қалды. Болат Бейісбековтің отбасында 8 адам шығармашылықпен айналысады. Нағыз шығармашылықтың адамдарынан тұратын үлкен әулетте Қазақстан суретшілер одағының 7 мүшесі, Қазақстан қолөнершілер одағының бес мүшесі бар. Қолөнерлік қасиет бұл әулетке ата-бабасынан дарыпты. Қолөнер – қол, көз бен қиялдың ұжымдасқан еңбегі десек, Бейісбековтер әулетінің қазақ ұлттық қолөнерінде қалыптасқан өзіндік сара жолы, өзгеше стилі, дара қолтаңбасы қалыптасқан. Атадан балаға мирас болған ұлттық өнерді жанындай жақсы көреді. Дарынды жанұяның халыққа берер пайдасы, үлгі-өнегесі көп. Отбасы мүшелерінің қолынан шыққан қайталанбас туындылар «Шеберлер ауылының» сәніне сән, көркіне көрік қосып тұрғандай.

«ShymQala» этноауылы – ұлтымыздың ұлағатын көрсететін жер  

Қолөнер шебері Қожабек Сәдібеков ұлттық музыкалық аспаптар, домбыра, қобыз, ағаштан жасалатын бұйымдармен айналысады. 20 жылдан бері домбыра жасаулы кәсіп еткен. Қожабек ағаның отбасы тек домбыра жасаумен ғана шектелмей, қазақтың байырғы уақыттан бері қолданып келе жатқан ұлттық ыдыстарын да жасайды. Сонымен қоса қобыз жасаумен де айналысады. Қазіргі кезде жары Айса, перзенттері Ниязбек пен Қарақатпен бірге ата кәсіпті дөңгелетіп отырған жайы бар. Бүгінгі таңда шебер көптеген шәкірт тәрбиелеуде. Ұлттық музыкалық аспаптарды жасап үйренемін десеңіз, сіздерді Этноауылда орналасқан Қожабек шебердің шеберханасына баруға болады.

«ShymQala» этноауылы – ұлтымыздың ұлағатын көрсететін жер  

«Ала жаздай келісімшартпен осы жерде еңбекақымызды алып, еңбек еттік. Үйімде де шағын шеберханам бар. Бірақ бұл жерге келіп, домбыра, астау жасаудың жөні бөлек. Ары-бері, өткен-кеткен адамдар қызықтап қарап тұрады. Жасалу әдіс-тәсілдерін сұрайды. Әсіресе, жастар бұрылып келіп, сұрап жатса қуанамын. Аға, үйренгім келеді, десе тіпті қуанамын. Қазір талабы мен қызығушылығы бар екі-үш жас келіп жүр» дейді қолөнер шебері Қожабек Сәдібеков.

«ShymQala» этноауылы – ұлтымыздың ұлағатын көрсететін жер  

Ал Қазақстанның суретшілер одағының мүшесі, киіз бен гобелен тоқудың шебері Мадина Ахметова киіз басу өнерінің қалыптасу кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан дәстүрлі әдіс тәсілдері, мән-маңызы, толығымен жасалу жолдарын үйретеді. Ұлттық туындыны заманауи үлгімен қайта жаңғыртқан шебердің еңбегі инемен құдық қазғандай. Келешек жастардың бойына ұлттық салт-дәстүрлерімізді сіңіру үшін ұлылығымыздың белгісіндей болған төл өнеріміздің орны ерекше.

«ShymQala» этноауылы – ұлтымыздың ұлағатын көрсететін жер  

Қазақстанның суретшілер одағының мүшесі, кілем мен гобелен тоқудың шебері Күләш Өсерқызы гобелен тоқу, киіз басу өнерінің қалыптасу кезеңінен бастап жасалу жолдарын жастарға үйретеді. Қолданбалы өнерді жаңғыртушы шығармашылығына табиғатты да, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды арқау етіп келеді. Бір суретті кілем тоқып шығу үшін суретші жарты жылға дейін бас көтермей, тоқудың түрлі тәсілдерін қолданады. Ұлттық өнердің қыр-сырын меңгерген шебердің «Күнбағыс», «Әжемнің портреті» шығармалары оңтүстік жұртына кеңінен танымал. Текеметтерінің ою-өрнегі бір әлем. Жан дүниесінен шыққан иірім мен ырғаққа толы гобелендері адамды баурап алады. Келешек жастардың бойында ұлттық салт-дәстүрімізді сіңіруге үлкен еңбек етіп келеді.

«ShymQala» этноауылы – ұлтымыздың ұлағатын көрсететін жер  

ShymQala этноауылында жақында құлынды биелерді көруге мүмкіндік туатыны туралы мекеме басшысы Бейбітжан Мүслімовтің өз аузынан естідік.

– Шетелдерде қайнаған қаланың қарбалас тірлігінен, күнделікті күйбеңінен шаршаған адамдарды, науқастарды ат терапиясы, яғни ипотерапиямен емдейді. Біз де шымкенттіктерге сондай мүмкіндік сыйлағымыз келеді. Адамдар келіп, таза ауада табиғатпен сырлассын, саумал ішсін, денсаулығын жақсартсын деген ниетпен жылқылар алдырмақшымыз, - деді Б. Мүслімов.

Ал этноауылдың ең қызық жері – садақ ататын орын дер едік. Садақтың, оқтың түр-түрін ұстап, атып үйренуге мүмкіндік бар. Алтыбақансыз, әткеншексіз этноауылды елестету мүмкін емес. Балаларға да ұлттық ойындарды ойнауына жағдай жасалған. Балалар ашық аспан астында қызықты мультфильмдер, сонымен қатар еліміздің салт-дәстүрлерімен де танысуға мүмкіндігі бар.

Этноауылда алып тайқазан, киіз үлгісіндегі концерт залы, қолөнершілер ауылы орналасқан. Этноауылдың дәл ортасына қойылған үлкен қазанда биыл бір жарым тонна Наурыз көже әзірленді. Енді әр жылы наурыз көжені осы қазанда дайындау игі дәстүрге айналмақ.

«ShymQala» этноауылы – ұлтымыздың ұлағатын көрсететін жер

Бұдан бөлек, мұнда жәрмеңке де ұйымдастырылады. Туристерді тартуға арналған орталықтың ерекшелігі мұнымен бітпейді. Театр шатыры мен ашық аспан астындағы сахнада құрылған мұнда фотосессия жасап, той ұйымдастыруға да мүмкіндіктер қарастырылған. Тұсаукесер, қыз ұзату, беташар,құдалық, қазақтың төл дәстүрлері, қуанышыңызды ұлттық нақышта өткіземін десеңіз, Шымқала этноауылы сізді құшақ жая қарсы алады. Ұлттық салт-дәстүр демекші, этноауыл есігін ашқалы бері ұлттық қүндылықтарымыз ұлықталумен келеді. Соның бір көрінісі ретінде «Дәстүрім – асыл қазынам» атты арнайы жобаны атап айтқан болар едік. Негізі этноуыл Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының теңгеріміне қарайды. Аталған орталықтың ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Дәстүрім – асыл қазынам» жобасында ұмыт қалған ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлеріміз қайта ұлықталады. Мәселен, «Қызды оң босағаға шығару», «Ерулік беру», «Қыз ұзату», т.б. дәстүрлеріміз қала тұрғындарына онлайн, оффлайн режимде көрсетіліп, жан жақты насихатталуда.

Ұлтымыздың ұлағатын ұрпағыңыздың бойынан көргіңіз келіп, тамырыңызбен терең танысқыңыз келсе, Шымқала этноауылына тартыңыз! Бұл кешен Шымкенттің туризм әлеуетін жаңа белеске көтеретініне сенім мол.

Фотосуреттерді түсірген автор

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға