Жаңалықтар

Шымкенттің білім басқармасының басшысы: Баласы үшін алтындарын ломбардқа өткізген ата-аналар бар

Шымкенттің білім басқармасының басшысы:  Баласы үшін алтындарын ломбардқа өткізген ата-аналар бар
Фото: ©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ 25.05.2023 10:27 6784

Соңғы қоңырауды шымкенттіктер қалай атап өтпек? Тікұшақ, әуе шары мен қымбат автокөлік жалдап жүргендерге жүгенді кім салады? Осы және өзге де El.kz ақпарат агенттігінің сұрақтарына  қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева жауап берді.

El.kz: Жанат ханым, алғашқы сұрағымызды оқу жылын қорытындылаудан бастасақ. Биыл үшінші мегаполисте қанша бала бітіреді?

Жанат Тәжиева: Бүгінгі таңда Шымкент қаласында 246 білім беру ұйымдарында 249 544 оқушы бар. Жалпы  897 білім беру ұйымдарынан 400 мыңға жуық шәкірт түлеп ұшпақ. Оның 21 485-і  тоғызыншы сынып, ал 12196-і он бірінші сынып бітірушілері.

Шымкенттің білім басқармасының басшысы:  Баласы үшін алтындарын ломбардқа өткізген ата-аналар бар

El.kz:  Ұлттық бірыңғай тестілеуге барлығы қатыса ма? Жалпы ҰБТ тапсыруда биыл қандай өзгерісб болмақ?

Жанат Тәжиева:  Ұлттық біріңығай тестке өзгерістің енгеніне биыл төртінші жыл. Осы өзгеріс бойынша балалар 4 кезеңнен өтеді. Бірінші кезең қаңтар айында, екінші кезең наурыз айында, үшінші кезеңнің жартысы маусым-шілде аралығында, төртінші кезең тамыз айында өткелі тұр. ҰБТ 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өткізіледі. Өтініш берген оқушы саны қала бойынша 90.4 пайызды құрап отыр, яғни 10545 бала ұлттық бірыңғай тест тапсыруға барады. 316 «Алтын белгі», 1 146 «Үздік аттестат» үміткері. ҰБТ қатысушыларының деректер базасына тіркелуі өз бетінше 2023 жылғы 28 сәуір мен 14 мамыр аралығында дүргізілді. Осы аралыққа дейін тестілеуге 2 рет өтініш беруге мүмкіндік берілді. ҰБТ Шымкент қаласында орналасқан 3 «U-Study» аймақтық тестілеу орталығында өткізілуде. Барлық тестілеу өткізу орталықтары қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етілген.

El.kz:  Көптеген облыстарда соңғы қоңырау кеші қарапайым өтеді деп жатыр. Шымкентте бұл жағы қалай болмақ?

Жанат Тәжиева:  Білім реформасына байланысты биыл соңғы қоңырау 25 мамыр емес, 1 маусымға ауысып отыр. Себебі барлық білім беру ұйымдары 5 күндік оқуға толығымен көшті. Сол сағаттарды толықтыру мақсатында 31 мамыр оқу жылының аяқталуы болып табылады. Оқу-ағарту министрлігінің берген нұсқаулықтарына сәйкес 31 мамыр күні 100 пайыз сабақтар өтіліп, соңғы сабақ тәрбие сағатымен аяқталады. Ертесі 1 маусым – балаларды қорғау күні мерекесімен қатар мектеп бітіру кеші қатар тойланады. Бірақ өз ойым, соңғы қоңырау 25 мамыр күні қалу керек еді. Өзім соны қолдаймын. Артық шығын шығарып, даңғазалыққа жол бермеу үшін әлеуметтік желілерден де, жергілікті БАҚ-тар арқылы үндеу жолдап жатырмын.  

Шымкенттің білім басқармасының басшысы:  Баласы үшін алтындарын ломбардқа өткізген ата-аналар бар

Салтанатты жиын ретінде мектептің 11 сыныпты бітірушілерінің кеші ретінде өткізуге әрбір білім беру ұйымдары өздері шешім қабылдап, түрлі форматта өткізу жұмыстары жүргізіледі. Яғни қалай өткізеді, қандай форматта өткізеді оны әр мекеме басшылары өздері таңдайды. Белгілі бір жүйе болсын-болмасын, өткізсін-өткізбесін деген талаптар қалалық басқармадан, министрлік тарапынан да түсіп жатқан жоқ. 11 сынып бітірушілерге аттестатты табыстау 20-22 маусым аралығына белгіленіп отыр. Кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары бітірушілеріне дипломдар 28 маусым күні табысталады.

El.kz:  Оқушылардың мектептен тыс жерде бітіру кешін ұйымдастыруға тиым салына ма?

Жанат Тәжиева:   Оқу жылының аяқталуына байланысты, оқушылардың қауіпсіздігін, өмірін сақтау мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі жанынан қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бастамасымен арнайы комиссия құрылды. Мереке күндері барлық демалыс орындарына, сонымен қатар су тоғандарының жандарына, қауіп төндіретін түрлі ойын-сауық орындарына, қала сартына шығып кететін бекеттерге барлық жерге бақылау-қадағалау бекеттері қойылады. Білім басқармасы тарапынан арнайы бұйрық шығарылды. Мерекелік іс-шараларды сылтауратып арнайы аниматорлар жалдап, бейнежазбаға түсіріп, түрлі киім үлгілерімен шығып, тойхналарда, қала сыртында тойлау немесе осы мереке күні көліктерге мініп, шеру жасап, жол қауіпсіздігін сақтамағандар мен 18-ге толмаған балалар осындай іс-шараларды өткізіп жатқан жағдайда ата-аналарына әкімшілік айыппұл салынатын болады. Бұл бағытта бірінші кезекте балаларды шектеу, тоқтату емес, 31-мамыр болмаса да 1 маусым күні өз мектептерінде арнайы іс-шаралардың өтуіне, аттестаттық табыстау күні ата-аналарымен бірге мектеп қабырғасында бітіру кешін ұйымдастыруға рұқсат беріледі.

El.kz:Өзіңіз желіге тікұшақ жалдап жатқандар бар деп едіңіз? Ол мәселе не болды? Бұл ақпаратты қайдан білдіңіз? Бұл қандай мектептер?  

Жанат Тәжиева:  Осы бағытта өте көп сұрақтар, өтініштер түсіп жатады. Көптеген ата-ана негізсіз ақша жинауға қарсы. Мұны артық шашылу деп ойлаймын. Сондықтан мектеп бітіру кешінде бір ғана мектепке киген киімімен мектепті аяқтағанға не жетсін? Өзгеретін уақыт келді. Көптеген дамыған елдерді алып қарасақ, мектеп бітіру кештері мүлдем аталып өтілмейді. Ол – мектеп қабырғасында мектептерге капсулалар арнау, білім ұясына арнаулы хат жазып кетіп 20 жылдан кейін келіп соны ашып көреді, кейбіреулер тіпті 50 жылда сол хатты ашып оқу үшін жиналады. Міне, сондайда ерекшеленіп кездесу кешін өткізуге болады. Бұл да бір мәдениеттің, дұрыс бағыт-бағдардың нәтижесі деп білемін. Менің айтып отырғаным балаларға ұнамас. Facebook, Instagram парақшамда жазған постымды кейбір ата-аналар балаларымен бөлісіпті. 500-ге жуық мектеп бітіруші түлек маған негатив жазды. Біздің қуанышты ұрлатып неге сіз осылай айтасыз деді олар. Мектеп бітіру кеші болмайды емес, болады. Бірақ даңғойлыққа салынбау керек. Ата-аналардың түрлі сылтаумен қалтасын қағып, ақша жинау мүлдем дұрыс емес. Кейбір ата-аналардың белсенділігінен 100-200 мың теңгеге дейін жинап жатқан жағдайлар бар. Балаларының абыройы үшін алтындарын ломбардқа өткіздік деп жатқан ата-аналар қаншама. Тіпті, тікұшақ және әуеге ұшатын шарларды, қымбат көліктер жалдап жатыр. Оны маған ата-аналардың өзі ашық жазды. «Беретін ақшамыз жоқ, бірақ балаларымыз көптен қалғысы келмейді, соған барғысы келеді, ерекшеленгісі келеді» дейді олар. Көрдіңіз ба? Бланың қалағанын орындау үшін олар несие алып, қарызға батады. Тіпті өмірінің қауіпсіздігін ойлап та тұрған жоқ. Сонда не дейміз? Қанша жерден тиым салып, қайта-қайта айтып отырсам да балаларымыз үшін деп ақша жию тиылар емес. Есептеп көрсем, бір қыз баласының жай ғана шашын сәндеу мен бет әрлеуіне 50 мың теңге керек екен. Оған тағы алатын киім-кешегін қосыңыз. Ата-ананың барлығына бірдей мүмкін емес. Бір күндік қызықты емес, алдағы күндерін ойласын деген мақсатта үндеу жасадым. Бала мектеп бітірген соң-ақ еңбек етіп, нәпақа тауып, табысынан жаратып көрсе мүмкін дүние ғой әрбіріне. Оған асығудың қажеті жоқ. Сондықтан өзінің білім алған балалық шағының ұясында балғын реңімен, мектеп киімі мен адами қасиетпен парасатты түрде өткізсе, баға жетпес іс-шара сол болған болар еді. Соңғы қоңырау күні міндеттеу, қалта қағу дұрыс емес. Осы ретте тағы бір еске салғым келіп отыр. Қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асыловтың хаттамалық тапсырмасына сәйкес 31 мамыр – 1 маусым күндері блалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету іс-шаралары бекітіліп, аудан әкімдері, құрылымдық басқармалар мен құзырлы органдарға тиісті тапсырмалар берілді. Қатаң бақылауда болады.

El.kz:  Тіпті, мұғалімдердің ұзақ жылғы еңбегі деп, құрмет, сый-сияпат ретінде де қаржы жиналмай ма? Бастауыш сынып бітірушілердің де қоштасу кеші болады дегендей...

Жанат Тәжиева:  Мүлде жиналмайды. Мұны жемқорлыққа жол ашудың бастауы деп білемін. Белсенді ата-аналар да осы сөзімді қабылдап, заңға бағынса екен деймін.

El.kz:  Қаржыны сый-сияпатқа жинау дегеннен шығады. Шымкент қаласының білім саласында сыбайлас жемқорлыққа жол беру фактілері азаймай тұр. Жыл басынан бері 16 қылмыстық іс қозғалған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің мәліметінше білім мекемелерінен 67 млн теңге қаржы қолды болған. Бұған қандай уәж айтар едіңіз?

Жанат Тәжиева:  38 жыл білім саласында қызмет атқарсам, оның 18 жылында ұстаз болдым, 20 жылында басшылық қызметті атқарып келемін. Сыбайлас жемқорлықтың білім саласында орын алуы көңілге кірбің ұялатады. 2022 жылдың 13 қыркүйегінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің атына сыртқы талдау жүргізу туралы арнайы ұсыныс тастаған болатынмын. Нәтижесінде біраз жайт анықталды. Жеке азаматтардың банк картарлары арқылы ақша аударып отырғандары да кездесті. Бір қиыны жеке меншіктегі балабақшаларды тексере алмаймыз, мараторий бар. Тіркелген 36 фактінің ішінде 2018 жылдан бері тексеріліп, енді шешім шыққан қылмыстар бар, сонымен қатар мектеп бухгалтеріне қатысты тергеулер де қосылып отыр.  Қазіргі кезде есепшілердің айлығы 80 мың теңге. Ал мұғалімдердікі ең алды 400-450 мың теңге. Осыларды шығарып беру үшін есепші педагогтардан белгілі бір суммада ақша алып отырған. Бізге ашықтық керек. Өзім бірінші кезекте соны қалаймын. Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында елімізде алғашқы болып цифрландыру жүйесін жүзеге асырдым. Жемқорлықтың алдын алу үшін барынша күресіп жатыр. Кейде әлеуметтік желіде елдің бәріне күйе жағып, сыбайлас деп ешқандай дерек-дәйексіз айқайлап жатқандардың жазуын көріп, ренжимін. Олар шын жаны ашыса, сондай кемшіліктерді анонимді болса да жұмыстар жүргізіп, 1424 агенттік желісіне хабарлап айтса болар еді, бірақ жоқ. Ауызбен су алдыртып, халықтың болашаққа деген үмітін сөндіріп, мемлекеттің өзін жиіркенішті етіп көрсететін адамдарды сынағыштар емес, көптің жауы деп айтқан болар едім. Идеологиялық тұрғыда шын жаны ашыса, жемқорларды анықтауға мемлекетке көмектессін, фактімен жұмыс істеуге белсенділік танытып нәтижесін көрсетсе ондай адамдарға тек алғыстан басқа айтарым жоқ.

El.kz:  Құқық бұзушылық демекші, Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстарындағы мектептерде әлімжеттік туралы көп ақпарат тарады. Шымкентте жағдай қандай?

Жанат Тәжиева:  Шымкентте 30-ға жуық құқықбұзушылық болды, былтырғы жылмен салыстырғанда 8 балаға артып отыр. Әлімжеттіктің алдын алу мақсатында оқу жылы соңына қарай бір айлық акция бастадық. «Мейірім жүректен» акция аясында мектебім буллингке қарсы, құқық бұзушылыққа қарсы іс-шаралар бектілді. Ата-аналармен бірігіп үштік одақты күшейттік, арнакйы семинар-тренингтер өткізілді. Оқушыларға  нормативтік құқықтық актілерді жаттаттық. Әр күнге әртүрлі тақырып қойып, әлі өткізіп келеміз. Аналар, әкелер, әжелер клубының жұмысын жандандырдық. «Әжемнің ертегісі» деген жоба алып жатырмыз. Зейнеткер жасындағы бүкіл ата-апаларымызды мектепке шақырып, балаларға ақыл-кеңесін беруде. Барынша жұмысты күшейтіп отырмыз. 

El.kz:  Соңғы кезде Шымкентте жеке меншік мектептердің саны артып отыр. Олардағы білім сапасы жалпы қала рейтингіне іліне ме? Сапаны  кім қадағалайды?

Жанат Тәжиева:  Жекеменшік білім беру ұйымдары стандартпен қамтамасыз етілген. Арнайы арыз түскен жағдайда білім сапасын бақылау департаментімен арқылы тексеріледі. Соңғы үш жылда 81 мектептің ашылуы үш ауысымды және орын тығыздығы бар мектептер санын азайтты. Келесі жаңа оқу жылында тағы 18 мектеп пайдалануға беріледі. Оның 4 қосымша құрылыс, қалғаны жеке кәсіпкер есебінен болмақ. Мемлекет жеке кәсіпкерлерге мектеп ашуына жан басына қаржыландыру жүйесі арқылы өтеуге мүмкіндіктер беріп отыр. Барлық жеке меншік білім беру мекемелерін нашар деп айтудан аулақпын. Себебі жекеменшік болсын, мемлекеттік болсын екеуі де мемлекеттен дотация алып отыр.  Екеуінде де білім беру стандарты бірдей. Қосымша үйірмелер ғана ақылы қызмет көрсетеді, оның өзі ата-аналар қалауымен. Жекеменшік оқу орындары үшін арнайы білім сапасын бақылау департаменті арқылы арнайы лицензия алады. Лицензия алуға талаптар толығымен қаралады. Екіншіден, білім сапасы сұралады. Егер білім сапасы төмен болса, мұағлімдердің айлық жалақысы қысқартылып, тіптен жабылып қалуы да мүмкін. Бұл дегеніміз - бәсекеге қабілетті білім беру ұйымдарын қамтамасыз ету. Алдағы уақытта катигориямен, тәжірибе мен ақшаның рөлі ойнамайды. Тек қана білім беруімен, икемділігімен, балаларды тәрбиелеу деңгейімен ғана айлық жалақы берілетін реформа келе жатыр. Бұл талап барлық педагогқа қойылатын талап болмақ.

El.kz:  Жекеменшік мектепте жаңадан жұмыс бастаған жастар мемлекеттік мекемеге ауысқанда, еңбек өтілі есепке алынбайды деген шағымдар бар. Сол рас па?

Жанат Тәжиева:   Ол мүмкін емес. Себебі ол жерде барлығы білім беру ұымдарына жатады. Мемлекеттік немесе жекеменшік түріне қарамай алық жалақы алады, салық төлейді, зейнетақы қорына жарна аударылады. Сондықтан бұл еңбек өтілі болып саналады.

El.kz:  Жаңа оқу жылынан бастап оқушылар өздері тұратын аймақтағы мектепке бару керек деген шарт қойылмақ. Бұл ата-ана таңдауына немесе оқығысы келетін мектепті еркін таңдауына кедергі келтірмей ме?

Жанат Тәжиева:  Кез келген ата-ана кез келген мектепті таңдай алады, бірақ қандай жағдайда? Бірінші кезекте әр мөлтекауданның мектептері бар. Ол мөлтекаудан өз аймағындағы оқушыларды қамтамасыз етуі керек. Орын саны толып қалған жағдайда өзінің мөлтекауданы болса да ол жерге балаларын оқыта алмайды. Себебі ол мектепте басқа орын саны жоқ. Басқа балалардың құқығы тапталмау керек. Орын санына сәйкес білім береді. Шымкент қаласында білім беру ұйымдарының саны да, оқушылардың саны да өте көп. Салынып жатқан мектептердің саны да аз емес.

El.kz:   Шалғай жатқан немесе іргелес ықшам аудандардағы мектептерде білім деңгейі төмен деп жатады. Осы үшін де ата-аналар орталықтағы рейтінгі бар мектепке апарғысы келеді. Бұл сонда қалай болмақ?

Жанат Тәжиева:   Жаңа оқу жылынан бастап мектептерге рейтинг шығарылып отыратын болады. Рейтингі төмен мектеп басшыларына қатаң талаптар қойылып, педагогтармен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Оқу-ағарту министрлігінің тарапынан бүгінгі таңда талап қойылуда. Жаңа реформаға сәйкес, алдағы уақатты Н.Назарбаев сынды зияткерлік мектептердің тәжірибесі жай мектептерге де енгізілетін болады. 

Шымкенттің білім басқармасының басшысы:  Баласы үшін алтындарын ломбардқа өткізген ата-аналар бар

El.kz:   Ақылы мектептер мен мемлекеттік мектептердің айырмашылығы неде?

Жанат Тәжиева:   Мемлекеттік мекемелерде ұстаздар тек сабақ оқытады. Әсіресе, бастауыш сынып оқушыларының ата-анасына оңай емес. Жұмыста болады. Үйде қарайтын адам керек, міне сондай кезде ақылы мектептерде қосымша уақыт қосылады. Яғни түске дейін бала сабақ оқыса, түстен кейін қосымша үйірмелерге барады. Негізінде сол үйірмелерге ақы төленеді. Қазіргі кезде екеуінде де жағдай теңесіп келеді деуге болады. Барлық білім ошақтарында қосымша үйірме сыныптарының жұмысын жандарудамыз.

El.kz:   Балалардың жазғы каникулға шығуына да санаулы күн қалды. Биыл лагерьлер жұмысы қалай ұйымдастырылады?

Жанат Тәжиева:   Шымкент қаласында жазғы сауықтыру лагерімен қамту бойынша біршама жұмыстар атқарылды. Жалпы Шымкент қаласында  215-ке жуық жзғы демалыс легарьлері жұмыс істейтін болады. Оның ішінде 10-ы қала сыртындағы, қалған 205-і мектеп жанындағы лагерьлер. 1 ай уақыт болса да ата-аналарға көмегі тиері рас. Балалар демалысқа шыққаннан кейін бір уақыт мектепке келіп, қаланың ішінде саяхат жасайды, түрлі іс-шараларға тартылады, балалармен қосымша жұмыстар жүргізіліп, интеллектуалды қабілеттерін дамыту бойынша іс-шаралары өткізіледі. Жалпы мемлекет тарапынан осы бағыттағы жұмыстарға 308 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Оған 7 241 бала тегін лагерьлермен қамтылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға