Жаңалықтар

Шымкенттің бас ұстазы: «Мұғалімдер өздері қорқып отыра берсе, олардың құқығын қалай қорғаймыз?»

Шымкенттің бас ұстазы: «Мұғалімдер өздері қорқып отыра берсе, олардың құқығын қалай қорғаймыз?»
Фото: Шымкент қалалық білім басқармасы 25.05.2024 13:42 35937

Еліміздің үшінші мегаполисі Шымкентте биыл 260 мыңға жуық бала оқу жылын аяқтап отыр. Оның 13 мыңнан астамы 11-сыныпты тәмамдаса, 22 мыңға жуығы 9-сыныпты бітірді. 2023-2024 оқу жылы шымкенттік оқушылар мен ұстаздар үшін қандай жыл болды? Білім саласында нендей жетістіктерге қол жеткізіліп, қандай кемшіліктер әлі де бар? Жалпы білім саласындағы жемқорлықпен күрес қалай жүзеге асуда? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін El.kz тілшісі қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиевамен сұхбаттасты.

El.kz: Нұргүл Ақылбекқызы, басшылыққа келгеніңізге көп болған жоқ. Аз уақыттың ішінде қандай жұмыстарға мән бердіңіз? Алғашқы қадамыңыз қандай болды?

Нұргүл Ақылбекқызы: Бұл қызметке кірісе сала ең бірінші міндетім статистиканы туралау болды. Кез келген салада жоспармен жұмыс жүргізу керек. Ал жоспар түзу үшін бірінші кезекте ағымдағы жағдайға талдау жасау қажет. Статистика - жоспардың негізі. Сондықтан басқарма басшысы ретіде бұйрық шығарып, білім саласына қатысты барлық негізгі көрсеткішті туралау бойынш статистикаға мән бердім.

Бізде өздеріңіз білесіздер, ұлттық білім берудің деректер қоры бар. Сол деректер қорындағы ақпараттар жыл сайы толтырылады. Кейде сондағы ақпарат дұрыс толтырылмай, қате ақпарат кетіп жатады. Сондықтан білім басқармасы жанынан арнайы әдістемелік топ құрылып, қалада мемлекеттік және жекеменшік 275 мектеп болса, соның 273-індегі қате көрсеткіштерді туралап шықтық. Тек екі мектеп жекеменшік болғандықтан, мораториді пайдаланып, кіруге тыйым салды. 

Екінші қолға алынған жұмыс білім сапасына қатысты болды. Әрбір білім беру мекемесінде Оқу-ағарту министрінің №130 бұйрығына сәйкес мектепішілік бақылау рәсімі бар. Мектепішілік бақылау жүргізу үшін арнайы жоспар түзіледі. Жоспарға сәйкес білім беру мекемесінің әкімшілігі, директоры, оқу ісі  және әдістемелік жөніндегі орынбасаралары, әртүрлі пән секцияның жетекшілері әрбір пәннің оқытылу жағдайына, сапасына талдау жасау керек. Ол үшін пән апталықтар ұйымдастырылады, арнайы ашық сабақтар беріледі. Соған талдау жасалынып, қорытындысы айқындалады. Яғни, мұғалімнің жалпы оқыту әдістемесіне баға беріледі. Оқыту кезінде қай әдістемені қаншалықты пайдаланады, соның бәріне талдау жасалынады. Бізде өкінішке қарай осы жұмыс ақсап тұрған болатын.

Одан бөлек бүкіл білім беру мекемелерінде даму жоспарларын қайта қарауға ұсыныс бердік. Қайтадан талдау жасалынып, даму жоспарларын жасап шықты. Сондай-ақ  әрбір білім беру мекемесінің басшысына, сондай-ақ қызметкерлеріне жеке KPI (Key Performance Indicators/ негізгі өнімділік көрсектіштері: авт) жазып шығуды ұсындым. Оған мысал келтірсек, сен басшы ретінде медаль алатындар санын екеуге көбейтуге сенімдісің бе? Сенімді болсаң, солай жаз. 10 немесе 20 пайызға көбейтемін деме, нақты қолдан келетін істі көрсетіңдер деп талап қойдым. Соған сәйкес әріптестердің барлығы KPI жазып шықты. Ал оның есебін соңғы қоңырау мерекесін өткізіп алған соң тыңдай бастаймыз. Шынымды айтсам, бұл KPI әдісін өзіміздің қала әкімінен үйрендім. Ол кісі «Күнде бір жұмыс бітіп тұру керек» деп үнемі айтады. Шартты түрде айтар болсам, мына бір көшеде 3 жарықшам жанбай тұр ма, бүгін соның біреуі, ертең екіншісі, ал үшіншісін қосуға бір апта қажет болса, тура бір аптадан соң ол да жану керек. Сонда нақты нәтиже көрінеді.

Бұдан өзге бұл қызметке келген соң бүкіл білім беру ұйымдары топтасып жұмыс жүргізе бастады. Балабақшалар өз алдына топтасып, мектеп пен колледждер де дәл солай күнделікті қордаланып қалған ағымдағы мәселелер мен жалпы неше  жылдан бері созылып келе жатқан жүйелі проблемалардың тізбесін жасадық.

Жазғы демалысқа байланысты бізде балабақша басшылары 15 маусымнан, мектеп директорлары 20 маусымнан, колледж басшылары 1 шілдеден еңбек демалысына шығады. Соған дейін арнайы кесте түзіп, жинақталған проблемалардың шешу жолдарын көрсете отырып жоспар жасайтын боламыз.

(Фото: Шымкент қалалық білім басқармасы)

El.kz: Ал егер KPI-де көрсетілген жұмыс орындалмаса қандай шара көріледі?

Нұргүл Ақылбекқызы: О баста менің әріптестеріме ең алдымен тексеретінімді, ешқандай шара көрмейтінімді айттым. Ұсыныс беріп, бірлесе отырып жұмыс істейтінімізді ескерттім. Сосын қайтадан тексереміз. Егер кемшіліктер боп жатса, қайта үйретеміз. Осылайша екі рет мүмкіндік беріледі. Үшінші ретте нәтиже болмаса, үйренгісі келмесе немесе жай ғана  болмашы субъективті себепке бола нәтижеге қол жеткізе алмаса,  онда әңгіме басқаша болады. Яғни, тәртіптік шара көреміз. Егер жұмысқа тіптен икемің, қабілетің, ниетің болмаса, басқа жұмыс іздеуге тура келетіні туралы да ескертілді. 

Кезінде Білім министрі болған Ерлан Сағадиев солай жасайтын. Мен ол кісімен жұмыс істегенге дейін авторитарлық режимде жұмыс істейтін басшылардың бірі болғанмын. Мен үшін жұмыс бар немесе жоқ. Сол сияқты адам білімді немесе білімсіз. Ал Ерлан Кенжеғалиұлы «Қолда бар маманмен жұмыс істейік, үйретейік, көрейік. Мынаны жазалаймын, жұмыстан кетіремін» деп ешқашан айтпайтын. Кейін түсінгенім, адамды қайта-қайта жазалағаннан гөрі ешнәрсе айтпаған ауыр тиеді екен. Егер командамен бірге жұмыс істей алмай жатсаң, демек сенің біліктілігің жетпейді. Намысы бар адам, алға ұмтылады, үйренуге тырысады. Ал қолынан келмей жатса, ешқандай дау-дамайсыз өзі-ақ басқа жерден жұмыс іздейді. 

El.kz: Оқу жылының соңғы нүктесі – ҰБТ. Биыл үшінші мегаполисте қанша бала сынақ тапсырады?

Нұргүл Ақылбекқызы: 11-сыныпты бітіретін 13 286 оқушының 12 066-сы ҰБТ тапсырады деп жоспарланып отыр. Түлектердің 458-і «Алтын белгіге» үміткер санатында. Ал «Үздік аттестатқа» 11 сынып бойынша 641 оқушы, 9 сыныптар бойынша  1158 оқушы үміткер болып отыр.

El.kz: Әлбетте, ешқандай басшы жаман деп айтпайды ғой. Бірақ 2023-2024 оқу жылындағы жеткен жетістік пен кеткен кемшілікті де айтсақ...

Нұргүл Ақылбекқызы: Білім сапасы бойынша ресми түрде өсім бар. Оқушыларымыздың жеткен жетістіктері өте жақсы. Тіпті кейде біз күтпеген жүлделерді әкеліп жатыр. Мәселен, робототехникадан өткен халықаралық чемпионатта, Азия чемпионатында жетістіктерге жетті. Халықаралық пәндік олимпиадаларда да өте жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, ағылшын, физика, математикадан жүлделі орындарды еншіледі. Ғылыми жұмыспен де, пәндік олимпиадалармен де, спорттық жарыстармен де қамтылған балалардың жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Шынымды айтсам, біздің Шымкенттегі балалардың әлеуеті зор.

Ал әттеген-ай дейтін жайттарға келсем, өкінішке қарай ондай тұстар жоқ емес. Өткенде алқа мәжілісінің отырысы өтіп, сонда қала әкімінің орынбасары сұрақ қойды. Бізде мұғалімдердің сапалық құрамы 74 пайызды құрайды, ал білім сапасы - 56,1%. Неге?

Экономикалық ынтымақстастық және даму ұйымы деген бар. Ол ұйым PISA, PIRLS, TIMS деген халықаралық зерттеулер жүргізеді. Сол ұйымның білім бойынша директорат  басшысының «Білім беру жүйесінің сапасы ондағы ұстаздардың сапасынан жоғары болуы мүмкін емес» деген қанатты сөзі бар. Ал бізде жоғарыда айтып өткенімдей, мұғалімдердің сапасы жоғары болып тұр. Әдістемелік және ғылыми тұрғыда ол екеуі деңгейлес болу керек.

Тағы бір әттеген-ай дейтін тұсымыз, қаншама өткізіліп жатқан іс-шараларамызға қарамастан суицид, құқық бұзушылық өсіп отыр. Ерте жүктілік бойынша өсім бар деп айта алмаймын. Себебі биыл жыл басынан бері ресми ондай факт тіркелген жоқ.

Бізде қаншама психолог, сынып жетекші, білім беру ұйымдарының өзге де қызметкерлері бұл бойынша жұмыс істеп отыр. Қаншама қаржы да бөлінуде. Бірақ соған қарамастан нәтиже біз ойлағандай болмаса, құқық бұзушылық пен суицид көбейіп жатса, демек біз бір нәрсені жасай алмай отырмыз деген сөз. Меніңше тәрбие жұмысын, балалармен жұмыс істеудің әдіс-тәсілін өзгертетін кез келген сияқты.

El.kz: Оқу жылы аяқталғанда кортеж ұйымдастырып, көңіл көтеретін түлектер толастар емес. Өкінішке қарай, кей жағдайда оның  соңы қайғылы оқиғамен аяқталып жатқанына куәміз...  

Нұргүл Ақылбекқызы: Бұл бойынша бізде Полиция департаментімен бірлескен жұмыс жоспары бар. Кортеж анықталса, міндетті түрде тоқтатып, баланың ата-анасына шара көріледі. Біз сол білім мекемесінің педагогтерімен сөйлесіп, егер шынымен жұмыс жеткіліксіз болса, ұстазға шара көреміз. Негізі кортеж деген түлектердің өздері ұйымдастырып жатқаны ғой. Сондықтан бұл жерде негізгі ауыртпашылық ата-ананың өзіне түседі. Балаға рұқсат берді ме, өздері жауапқа тартылады.

Мен негізі осы уақытқа дейін түсінгенім, біз балалардың бойына белгілі бір құндылықтарды сіңіре білуіміз қажет. Қарапайым мысал, қазір бұрынғыдай көліктеріне қымбат нөмерді көбі іздемейді. Баяғыда көлігінде VIP-нөмер болса, демек оның органда мықты қызметте істейтін туысы бар деген ұғым қалыптасатын. Ал қазір барлығы заңдастырылған. Тіпті ондай нөмерлердің бағасына дейін ашық. Кейде қоғам арасында қымбат нөмерге сонша ақшасын жұмсаған адамды ақымаққа санап жататындар жоқ емес. Бұны не үшін айтып отырмын? Кейбір түлек ата-анасының соңғы ақшасын сол кортежге жұмсайды. Тіпті несие алдыртып жататындар бар екен. Меніңше бір реттік серуенге сонша ақша жұмсау – ақымақтық деген ұғымға көшу керек.

El.kz: Брифингтердің бірінде жасөспірімдердің суицидке бару деректерінің артқанын айтқан болатынсыз. Жыл басынан бері неше факт тіркелді? Зерттеп көрдіңіздер ме, оқушылардың өз-өзіне қол салуына әсер ететін негізгі фактор қандай? Профилактикалық қандай іс-шаралар жүргізіліп отыр?

Нұргүл Ақылбекқызы:  Өкінішке қарай, биылғы оқу жылында суицидтің 10 фактісі тіркелді. Оның 8-і аяқталған. Біз әрбір жағдайда тиісті зерделеу-зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Бірінші кезекте «Сыныптастарымен қарым-қатынасы қандай болды?» деген сұрақты қойдық. Суицид деректерінің ешбірінде әлімжеттік дәлелденбеді. Психологиялық-эмоционалдық жағдайын анықтау бойынша балалардан тест алынып отырады. Ол тест нәтижесі бойынша қайтыс болған 8 баланың төртеуінде ешқандай эмоционалдық күйзеліс, өз-өзіне қол жұмсау деген сияқты белгілер байқалмаған. Қайта керісінше ақжарқын, көңілді, сыныптастарының алдында беделі бар, көшбасшы боп жүрген балалар. Неге ондай қадамға барғаны бізге де түсініксіз болды. Арасында тұрмыс жағдайы жақсы, ата-анасы бар толыққанды отбасының балалары да бар. Қайтыс болған 8 оқушының үшеуі тұрмысы орташа және орташадан төмен отбасыдан екені анықталды. 

Профилактикалық шаралар ретінде әрбір сыныпта аптасына бір рет сынып сағаты деген болады. Тоқсанына бір рет міндетті түрде тек суицид емес, буллинг, ерте жыныстық қатынасқа түспеу, өзін, денсаулығын күту бойынша міндетті түрде семинарлар өткізіледі. Оған арнайы мамандар шақырылады, әңгімелесу жүргізіледі. Одан бөлек бейнероликтер көрсетіледі.

Ерте жүктіліктің алдын алу бойынша өзінің тиімділігін көрсеткен әдісті қолданысқа енгіздік. «Бала күнделігі» деп аталады. Күнделікті қыздарға да, ұлдарға да оқып береміз. Онда бала ананың жатырына біткен сәттен бастап іштегі шарананың тілімен айтылғандай мәтін жазылған. Соңында «Ата-анам мені қаламайды. Мұнда тас қараңғы боп жатыр, қорқынышты» деген сөздерді естіген балдар көздеріне жас алып, бұл әдістің мағынасын түсінгенін көресің. Бұл сенің мың сан рет оқып берген лекцияңнан артық. Одан кейін акушер-гинекологтар, инфекционист мамандарымен кездесулер өткізіледі. Олар егер ерте жыныстық қатынасқа түссең, жүкті болсаң немесе жүктілікті үзгенде оның салдары қандай болуы мүмкін, осының барлығын мысал ретінде келтіріп түсіндіріп отырады. Тек жүкті болу емес, жалпы ерте жыныстық қатынасқа түсу, оның салдары қандай болады, біріншіден өз денсаулығына, екіншіден абыройына, арына, беделіне нұқсан келетіні туралы жалпы түсіндіріледі. 

El.kz: Кейбір психолог мамандары әлімжеттікті көбіне бетінен қақпай өсірген балалар жасайды деген пікірде. Келісесіз бе? 

Нұргүл Ақылбекқызы:  Бұл пікірмен келіспеймін. Бетін қақпай, махабаттқа қанып өскен, тұрмыста жетіспеушілікті сезінбеген балалар қайта бірқалыпты дамиды. Ал тұрмысы төмен, үйде зорлық-зомбылықты немесе қиындықты көріп өскен бала сол агрессияны өзі оқитын ортаға кеп шығарады. Өзінен әлсіз адамды таңдап, ызасын соған бағыттайды. Біз зерделей келе мынандай бір құбылысты байқадық. Сыныпта бір бала өзінен әлсізді таңдап алып, соған әлімжеттік көрсете бастағанда қалған балалардың жартысы шынымен де әлгі оқушыны әлсіз санаса, қалған жартысы «Мені ұрғанша, мейлі соны ұрсын. Соны мазақ ете берсін» деген қорқыныш оймен соларға қосылады. Бұл жерде үлкен мәселе бар. Мектептегі мамандар олар педагог-психологтар. Мұндай жағдайда кәсіби, тәжірибесі бар нағыз психолог  маманы қосылу керек. Сол кезде жаңағы баланы шығарып алады. Тек баланың өзімен жұмыс істеу жеткіліксіз. Міндетті түрде сынып жетекшісімен, ата-анасымен де жұмыс істеу керек. Себебі бала үйіне барып қайтадан сол зорлық-зомбылықты, агрессияны көрсе, іштей күйреп, кете қалсам, бәрінен құтылам деген ой тууы мүмкін.

(Фото: Шымкент қалалық білім басқармасы)

El.kz: Шымкентте ювеналды полиция есебінде неше бала тұр? Олардың басым бөлігі нендей себептермен бұл тізімге енген? Жалпы «қиын балалармен»  жұмыс қалай жүргізілуде?

Нұргүл Ақылбекқызы: Бүгінгі таңда қалада 104 оқушы ювеналды полиция есебіне алынған. Оларды есепке алуға баланың бұзықтығы, түнгі мезгілде заңды өкілінсіз бірнеше рет жүруі, әр түрлі қылмыс жасауі себеп болған. Осы ретте ювеналды инспекция қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді.

Шымкент қаласының білім саласында еңбек етіп жүргеніме 3 жылдан асты. Бұрын Білім саласында сапаны бақылау департаментінде  жұмыс істедім. Ол кезде де мектептерді жиі аралайтынбыз. Полиция қызметкерлерімен бірге жұмыс жасайсың. Сол кезде түсінгенім және сүйсінгенім, полиция қызметкерлері кейде өздерінің өкілеттіліктерінен тыс жеке уақытын және өз қаражатын жұмсап,  балаларға көмектесіп жатады. Жанашырлық танытады.

Жалпы «қиын балалармен» жұмыс істеудің формуласына келетін болсақ, олармен де  суицидтің, ерте жүктіліктің, буллингтің  алдын алу сияқты сондай мазмұндас іс-шаралар бар. Бірінші кезекте неге сондай балаға айналды? Өзін ғана емес, айналасын, отбасын зерттейміз. Бұрын баланың әлеуметтік картасы жылына бір-ақ рет жасалатын. Мен білім басқармасына келгелі барлық білім беру ұйымдарына әлеуметтік картаны ай сайын жаңалап отыру туралы тапсырма бердім. Өйткені оқу жылының ішінде баланың ата-анасы ажырасуы мүмкін. Болмаса ата-анасының бірі, жақыны, досы қайтыс болса, балада психоэмоционалды өзгерістер басталады. Сондықтан осы әлеуметтік картаны жаңалап, егер өзгеріс болса, сол балаға көбірек көңіл бөлу керектігі қолға алынды.

Психологтардың көбі ата-ана ажырасса, көп жағдайда өзін кінәлі сезінетінін жиі айтады. Тығырыққа тірелген бала тұйықталып, өзін сыныптастарынан төмен санап, не істерін білмеуі мүмкін. Көбіне бұзықтық жасап жүргендерге қосылып, сол ортаны өзіне лайық санайды.  

El.kz: Шыны керек, мектептегі ыстық тамақ сапасына қатысты көп сын естиміз. Әсіресе әлеуметтік желілерде жиі жазылып жүр. Тіпті кейбір ата-ана мектептегі тамақты «жуындыға» теңеп жатады. Неліктен? 

Нұргүл Ақылбекқызы: Бұл пікірмен өз басым келіспеймін. Себебі біз біріншіден ата-анаға мүмкіндік бердік. Әр мектепте бракеражды комиссия деген бар. Оның құрамына ата-ана кіреді. Қоғамдық бірлестік өкілдерінің де кіруіне рұқсат берілген. Олар аптасына бір рет кез келген күні ескертпестен барып тексере алады. Осы сәрсенбіде таңертең №25 мектепке бардым. Ешкімге ескертпедім. Негізі ара-тұра солай мектептерді тексеріп тұрамын. Асханада тыйым салынған заттар балаларға сатылып жатыр ма, жоқ па? Соны білгім келді. Сөреден таппадым. Қоймасына кіріп, қарап шықтым. Табылған жоқ. Асханада бастауыш сынып балалары тамақтанып отыр. Сұлы мен күріш ботқасы берілген. Бірақ балалар жемейді. Үстел үстінде шамамен барлығы-дерлік түртілмеген. Балалардың қолында шағын пицца, ірімшік қосылған нан, бірі печенье, енді бірі нанды шайға батырып жеп отыр. Бірден ойыма демек тамақ дәмсіз болғаны ғой деген ой келді. Дәмін таттым. Қант қосылған тәтті емес, бірақ дәмді. Сүті де, майы да нормаға сай қосылған. Қарап отырсаңыз, аспаздар таңғы 6-дан бастап асты әзірлеуге кіріседі. Олар менің келетінімді білген жоқ. Бұдан шығатын қорытынды қандай? Бала үйде мектептегідей емес, басқа тағам жеп дағдыланған. Оларыдң жеп отырған пицца, ірімшік қосылған нанында глутамат натрия бар. Яғни, сол қоспаға тіл тітіркеніп, дәмді болып тұрады және тәуелділік пайда болады. Сол себептен баланың тамақтану әдеті маңызды рөл атқарады.

Сіз өзіңіз балалар арасында «Үйде таңғы, түскі, кешкі асқа қандай тамақ жейсің?» деп сауалнама жүргізіп, зерттеу жүргізіп көріңізші. Мен білетін көп отбасы таңғы асқа кешеден қалған тамақты жылытып береді. Бұл қуырылған, майлы тамақ бала ағзасы үшін ауыр. Кейбір отбасы шұжық пен нанға май жағып береді. Бірақ қазір дүкендердегі шұжық еттен емес, соя өнімі ғой. Ал енді сұрақ? Үйдегі таңғы асқа басқа тағам жеп дағдыланған бала ботқа жей ала ма? Сондықтан біз ата-анаға бракеражды комиссия құрамына кіріп, тексеруге мүмкіндік барын айттық. Негізі әр ата-ана баласының тамақтану дағдысына қарағаны дұрыс.

Мектептегі ыстық тамаққа қатысты маған да шағымдар түсіп жатады. Нақты факті сұрасақ, көрсете алмайды. 

El.kz: Еліміз жемқорлықпен күресті күшейтіп-ақ келеді. Алайда дәл білім саласындағы жемқорлық өршіп тұр деуге келеді. Әсіресе Шымкентте бұл туралы көп айтылады. Мәселен, жуырда ғана №44 мектеп басшысы, орынбасары және бас бухгалтер сотты болды. Қаланың бас ұстазы ретінде өзіңіз анализ жасап көрдіңіз бе? Неге тыйылмай тұр?

Нұргүл Ақылбекқызы: Қазір жемқорлық кішкене басқаша сипат алды. Біз бұрын жемқорлық дегенде жұмысқа тұру, сағат алу, категория мен тестілеуден өткізу үшін бірінші басшыға ақша берді дегенді еститін едік. Қазір жымқыру деректері. Өз тарапымыздан басқарманың бухгалтерлік қызметі 4-5 мектепке тексеру жүргізіп, бірқатар жымқыру фактілерін анықтадық. Бірақ біз құзырлы орган емеспіз, тиісті бақылау функциялары жоқ. Сондықтан өзіміз жүргізген тексеру нәтижесін құзырлы органға бердік.

Бұл жерде айналып келгенде мектептегі бірінші басшылардың айтуынша, қаржылық сауаттылықтың жоқтығы.  Сондықтан біз әлі де директорлардың қаржылық сауаттылығын арттыру керекпіз. 5-15 А деген форма бар. Сол бойынша тексеруді енгіздік. Анықтап қарасақ, бухгалтерлер соның өзін жөндеп, PDF нұсқасын басшысына ұсынады екен.  

Айлық кешіктіріліп немесе жалақымды жеп қойды, міндетті төлемдер түспеді деген шағым жоқ. Артық ақша қайдан шығып отыр? Бұл бойынша басқарма тарапынан тағы да тексеру жұмыстарын жүргізу керекпіз. Мүмкін барлығының категориясын, тарификацияны тексеру керек пе? Бұл бір ғана басқарма емес, мемлекет деңгейінде шешілетін нәрсе. Заңды барынша қатаңдатып, бюджеттік немесе қағаздық рәсімдер, төлемдер болсын, бәрін бір нақтылап, ақпараттық жүйелерді жасап қана тоқтата аламыз.

Ал №44 мектеп келсем, ол жерде директор айлықты тікелей өзіне немесе туыстарына аударып отырмаған. Оның кінәсі бірінші басшы ретінде дұрыс қадағалай алмаған және мемлекет қаржысының жымқырылуына жол берген, қаржылай сауаттылық болмаған. Ал директор орынбасары, бухгалтер бірнеше айлар бойы саналы түрде алдын ала сөз байласып, қасақана ақша жымқырылған. Әрине, бұл - қылмыс. 

El.kz: Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Шымкент пен Қызылорданың білім саласы жемқорлық өршіп тұрған аймақ деп айтты. Сіз екі өңірді де жақсы білесіз. Бұған келісесіз бе?

Нұргүл Ақылбекқызы: Бұл жерде келісемін не келіспеймін деп нақты айта алмаймын. Мәжілісмен ондай сөзді айтса, мүмкін ресми деректерге сүйенген болар. Бірақ менің қолымда өңірлер арасындағы салыстырмалы кесте жоқ. 

El.kz: Өткен апта соңында әлеуметтік желіде қаладағы №65 мектеп-гимназиясына қатысты ақпарат шықты. Ондағы мәліметте білім ұясында ұстаздардан жиі ақша жиналатыны жазылған. Тіпті жазба авторы мектеп директорының туған күніне дейін мұғалімдер ақша жинап бергенін алға тартқан. Бұл жазбаға қатысты не айтасыз? Білім басқармасы назарға алынды, зерделеу жүргізіледі деп пікір қалдырды. Нәтижесі бар ма?

Нұргүл Ақылбекқызы: Желіде ақпарат шыққан соң бірден зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Білім ұясында 3 мыңға жуық адам анонимді сауалнамадан өтті. Оған тек ұстаздар емес, өзге де қызметкерлер, ата-аналар, оқушылар қатысты. Анонимді сауалнама болған соң нақты факті жоқ. Дегенмен қаржы жинауды растағандар да болды. Жұмысқа орналасу үшін пара бердім, директор мен орынбасарлар жұмыс барысында қысым жасайды деп көрсеткен адамдар болған. Сондай-ақ бала күтімінен кейін жұмысқа келу үшін басшылық тарапынан пара талап ету, ағымдағы жөндеу жұмысына ақша жинау фактісін көрсеткендер бар.  Желіде тараған ақпаратта нақты екі қызметкердің аты-жөні көрсетілген. Сауалнамада оны ешкім растамады. Комиссия қорытындысы бойынша мектеп директорына ұжымның психологиялық ахуалын қалыптастыру бойынша тапсырма берілді. Мектеп әкімшілігінің педагогтер арасында ашықтық пен жариялылықты орнату және алқалық принциптерін жүзеге асыру бойынша, өздеріне жүктелген лауазымдық міндеттерді талапқа сай орындау барысында академиялық адалдықты сақтап, тиісті дәрежеде орындалуын қадағалау ескертілді. Бұл жерде атап өтетін жайт, жазба желіде  жарияланған соң сол білім мекемесінің барлық ұстазы қол қойылған ресми хабарлама түсті. Онда мектеп  педагогтері ақша жиналмағанын алға тартып, жаза авторына наразылық білдірген. Егер шынымен ондай факті орын алған болса, онда қалайша мектептің бүкіл қызметкері наразылыққа қол қояды деген сұрақ туындайды.

El.kz: Бәлкім басшылықтан қысым көрген шығар?

Нұргүл Ақылбекқызы: Осы жерде қарсы сұрақ қояйын. Соншалықты мүсәпір ме мұғалім? Соншалықты ынжық боп кеткен бе? Шынымен ақша жинап, үзіп беріп отырса, неге ол жинап отырғанын айтуға қорқады? Баяғы заман емес қой. Ашықтық бар, құқығыңды қорғайды. Мен үнемі мысал келтіремін. Мысалға, полиция қызметкері көшеде келе жатып, ұры бір келіншектің сөмкесін тартып алып жатқанын көрді делік. Полиция заң қызметкері, жүгіріп барады. Әлгі әйел қорыққанынан «Жоқ, ол менің танысым. Жай әзілдеп жатыр» деп айтса, полиция не істей алады?

El.kz: Әлбетте, арыз жазылмаса, ешнәрсе істей алмайды...

Нұргүл Ақылбекқызы: Бұл жерде де тура солай. Егер қорқып отыра берсе, біз мұғалімнің құқығын қалай қорғаймыз? Қолымызда ресми мәлімет жоқ. Елімізде бәрінің құқығы тең, кінәлі деп тек сот шешімімен танылады. Ал сот шешім шығару үшін іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіледі. Тергеу жүру үшін арыз түсу керек. 

Өткенде өзіме қатысты әңгіме естіп қалдым. «Шәмшиева үш қабатты коттедж соғып жатыр екен, 3 мектебі, 5-6 балабақшасы бар екен» дейді. Қатты таң қалдым. Адал жолмен Құдай сондай күнге жетуді нәсіп етсін, әрине. «500 мың айлықпен қалай аштың?» десе, мен де алдымен дәлел сұрап, құқығымды қорғаймын ғой. Сол сияқты кез келген мұғалім қиянат көріп, ақшасын мәжбүрлі түрде беріп отыр ма, құқығын қорғай білуі керек. 

El.kz: Олар жұмыстан айырылып қаламын ба деп қорқады емес пе?

Нұргүл Ақылбекқызы: Неге қорқады?  Қоғамды қалай жөндейміз? Егер қорқа беретін болса, қысым көрсеткендер «маған ешкім ешнәрсе істей алмайды» деп тайраңдап жүре береді. Жауапкершілікке тартылатынын білген кезде заң бұзуды қояды.

El.kz: Ақша жинау немесе басқа да қысым көрген ұстаздар тікелей өзіңізбен байланыса ала ма? Кейде басқарма басшысы үнемі жиналыста болғандықтан орнынан табу қиын деген пікірлерді естіп қалып жатамыз...

Нұргүл Ақылбекқызы:  Әрине, маған келіп шағым айта алады. Әр сәрсенбіде сағат түскі 3-тен кешкі 7-ге дейін азаматтарды қабылдау уақыты белгіленген. Бірақ кейде аяқ астынан жиналыс шығып қалады. Әкімдіктегі жиналыс болса, қабылдау екенін айтып ескертіп қоямын. Ал Үкімет басшысының орынбасары өткізетін жиналыстарға өзім қатысуға міндеттімін. Мұндай жиын күн тәртібіне байланысты аптасына 2-3 қатарынан өтуі мүмкін. Сол күндер қабылдау уақытына тура келсе, жиналыстан соң түнгі сағат 12-1-ге дейін соңғы жазылған адамды қабылдай беремін. Өйткені оларға менің белгіленген уақытта жиналыста болғаным қызық емес. Заң тұрғысында жұмыс уақытым бітті деп кетіп қалуыма болады. Бірақ мен алдыма келген әр адамның мәселесін шешуге тырысамын. Маған рұқсатын беріп, түсіністік танытып отырған жолдасыма рахмет. Ал басқа күндері кей адамдар біз келдік, қабылдай қалсын дейді. Бірақ менде саланың басқа да маңызды мәселелері жетерлік. Әріптестеріммен талқылап, шешу жолдарын қарастыру керекпіз. Кейде қабылдауыма келгендер 1-2 сағат отырып, мәселесін шешіп беруімді сұрайды. Дәлел сұрасаң, қорқады. Тәжиева (Жанат Тәжиева – қалалық білім басқармасының бұрынғы басшысы: авт) шешетін дейді. Ол дереу мектепке хабарласып, ұрысып, мәселесін шешіп береді екен. Мен де солай жасауыма болады. Бірақ менің мақсатым – мәдениетті қалыптастыру. Өзін-өзі қорғай білуді үйрету керек. Мен бір қоңырау арқылы 2 адамның мәселесін шешуім мүмкін, қалған 200 адамның мәселесі қалай шешіледі? Кейде орынсыз шағымдарды көріп жүрміз.

(Фото: Шымкент қалалық білім басқармасы)

El.kz: Бір сұхбатыңызда демалыс күндері автобуспен жүремін деп едіңіз. Сол туралы айтып беріңізші...  

Нұргүл Ақылбекқызы:  Мүмкін болса, жиі жүруге тырысамын. Бірақ өзімді басқарма басшысы ретінде таныстырмаймын. Көбі тани бермесе де көзіме көзілдірік, бетіме бетперде киіп, тұрғынның бірі ретінде халықпен тілдесемін. Мектептегі білім, оқу тәртібін сұраймын. Кейде өзімнен «Сен кімсің?» деп сұрайды. «Мұғаліммін, жұмыс таппай жүрмін, жолдары бар ма екен?» деп әңгімеге тартамын. Айта бастайды. Қызық негізі...

Менің бір мамандығым – психолог. Адамдарды зерттеген ұнайды. Ал автобуспен жүруімнің екінші себебі – жолды есте сақтауға көмектеседі. Көлікпен жүрсем, қаланы жақсы жаттай алмаймын. Ал автобуспен, жаяу жүріп өткен жол есте сақталып қалады.

El.kz: Қоғамдық көліктерде сөйлескен халық жұмысқа тұрудың қандай жолдарын ұсынады?

Нұргүл Ақылбекқызы:  Әртүрлі пікірлерді естимін. Бірақ нақты ақпарат айтпайды. Көбінде «Директорға ақша бермесең, жұмысқа тұра алмайсың» деген стереотип қалыптасқан. Кейде мектеп басшысы үйтіпті-бүйтіпті деп жатады. Әрине, оның рас-өтірігін білмейсің, анализ жасауға тура келеді. Жақында өзіңіз де естіген шығарыз, бір мектеп директоры зейнеткерлікке шығып, орны босады. Жаңа директорды кадрлық резервтен таңдап, ұжымға таныстырдық. Сол кезде директор орынбасарларының бірі сырқаттанып қалған. Сөйтсе ол директор болу үшін органда істейтін біреумен келісіп, тіпті ақшасын да беріп қойыпты. Қазір өздеріңіз білесіз, параны алған емес, берген де жазаланады.

Біз өткен жолы бес мектепке кадрлық резерв арқылы директор тағайындадық. Сол кезде журналистер шақырдық. Теледидардан көрсетілді. Мақсат – басшы конкурс емес, кадрлық резервтен тағайындалатынын түсіндіру. Бұған дейін де қаншама сұхбатымда ол туралы айтып жүрмін. Бірақ әлгі директор орынбасары сөйте тұра ақшамен директор болғысы келген болып тұр. 

El.kz: Педагогтердің жалақысы көбейіп отырғанымен, ара-тұра кей ұстаздан алып отырған жалақы жүктелген міндетке лайық емес деген пікірлерді естиміз. Сіздіңше жалпы педагогтердің жалақы мәселесі көңіл көншітеді ме?

Нұргүл Ақылбекқызы:  Ұстаздар өзіне жүктелген міндеті шеңберінде өте жақсы жалақы алады. Пән мұғалімі ретінде жүктемеңе жалақы алып отырсаң, біліктілік санатыңды жоғарылатқаның, сынып жетекші болғаның, дәптер тексергенің үшін тағы төленеді. Тәжірибелі ұстаз болып жас маманға тәлімгер болсаң, оған да төленеді. Ал егер күнделік толтырса, ол оның пән мұғалімі ретінде міндетіне кіреді. Әлеуметтік, психологиялық картаны толтыру - сынып жетекші ретінде міндеті. 

El.kz: Сөз соңында алдағы оқу жылындағы жоспарларыңыз туралы айтсаңыз?

Нұргүл Ақылбекқызы: Бірінші жоспарымыз - сапаны арттыру. Ол үшін түрлі ақпараттық жүйелерді енгізуді жоспарлап отырмыз. Одан бөлек мүмкіндігімізге қарай мектеп директорынан бастап шаруашылық ісіне жауапты қызметкерге дейін жаңа жұмыс форматын үйренетін арнайы семинарлар өткіземіз.  Одан кейін жаңа оқу жылынан бастап 1-сыныпқа келген балалардың білімін тексеру арқылы арқылы балабақшадағы оқыту жағдайын тексермекпіз. Бұл жұмыстар бұған дейін де жүргізілген. Бірақ жүйелі түрде тоқсан сайын тексеріп, әр балабақшаның рейтингін шығарамыз.

Сонымен қатар барлық білім беру ұйымдарына мүмкіндігінше биометрикалық тексеру арқылы тиісті құрылғыларды орнатамыз.  Мектеп оқушысы немесе мектептің кез келген қызметкері кірген бойда биометрикалық идентификация жүргізіледі. Ол Face ID, саусақ немесе алақан арқылы тексеру жүйесі болуы мүмкін.

Тағы бір атап өтерлігі, біз 1С компаниясымен келіссөздер жүргіздік. Мұғалімдердің жүктемесін автоматты түрде бөлу жүйесін ойластырып жатырмыз. Мысалға, мектепте географиядан 200 сағат болса, сол пән мұғалімдерінің жұмыс өтілі, біліктілік санаты бойынша тізімі тұрады. Бірінші көрсеткіш - біліктілік санаты. Баяғыдай сағат бөлуді мектеп басшысы шешеді деген нәрсе болмайды. Оны база автоматты түрде өзі жүйелеп тұрады. Бірақ бұны бірден бастап кетеміз дей алмаймын. Өйткені ол – қаржылық құжат, қате кетуге болмайды. 

Бізде мұғалімдердің жұмыс көрсеткішінің бірі – оқушының нәтижесі. Мәселен, педагог баламен бастауыш сыныптан бастап  жұмыс істеп, мектепішілік олимпиадада жеңді делік. Қалалық жарысқа баратын кезде оқушыны басқа мұғалімге тіркеп жібереді екен. Оқушының ол жақта жеткен жетістігі әлгі мұғалімге өтіп кетеді. Оны директор өз адамына алып береді деген шағым түскен болатын. Демек мектепте ақпараттық жүйеге соны енгізу керек. Мұғалім біліктілік санатын аларда портфолио жазып беретіндер бар екен. Онда бірінші ұстаздың, кейін оқушысының жетістігі болу керек. Кәсіби сертификатты, тіпті  баланың көрсеткіші ретінде мүлдем басқа оқушының мақтау қағаздарының көшірмесін қоя салатындар да бар көрінеді. Ол бәлкім басқа қалада оқитын бала болуы мүмкін. Себебі бізде белгілі бір жүйе жоқ.  Осының барлығын Оқу-ағарту министрлігі қолға алып отыр.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға