Жаңалықтар

Шымкенттің бас дәрігері: «Медицина қызметкерлерінің еңбегі қоғам үшін әрқашан маңызды»

Шымкенттің бас дәрігері: «Медицина қызметкерлерінің еңбегі қоғам үшін әрқашан маңызды»
Фото: facebook/Нұрлыбек Асылбеков 16.06.2024 17:00 505

Еліміздің үшінші мегаполисі Шымкентте халық саны 1 млн 234 мыңнан асады. Ал 18 жасқа дейінгі балалар саны 470 мыңға жуық. Былтырғы ресми дерекке сүйенсек, денсаулық сақтау саласындағы медицина қызметкерлерінің саны 15 мыңнан астам адамды құрайды. Оның 5 мыңға жуығы дәрігер, 10 мыңнан астамы орта медицина қызметкерлері. Шымкенттің медицина қызметкерлерінің жеткен жетістіктері қандай? Дәрігерлер біліктілігін арттыруда нендей шаралар жүргізілуде? Денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстары қалай жүріп жатыр? El.kz тілшісі осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбековпен сұхбаттасты.  

El.kz: Нұрлыбек Абибуллаұлы, сұхбатымызды бастамас бұрын өзіңізді және барша әріптестеріңізді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтағымыз келіп отыр. Алғашқы сұрақ – жыл ортасына да келіп жеттік. Жарты жылда Шымкенттің денсаулық сақтау саласында айтарлықтай қол жеткізген нәтижелері қандай болып отыр?

Нұрлыбек Асылбеков: Шыны керек, біз соңғы 2-3 жылдан бері саланы жүйелеуге тырысып жатырмыз. Бүгінде Шымкент қаласының медицина саласы айтарлықтай жүйеленіп келеді. Емхана немесе аурухана болсын қызмет сапасын жан-жақты көтеруге тырысып отырмыз. Тек биыл емес, бұған дейін де балалардың, аналардың өмірін сақтап қалу бойынша, жалпы өлім-жітім көрсеткішін азайтуға аса қатты көңіл бөліп келеміз. Бұл тұрғыда статистикалық көрсеткіштеріміз де жақсарып келеді. Бүгінде өлім-жітім бізде 9,3 пайызға азайып отыр. Сонымен қатар онкологиялық аурумен ауыратындардың өмір сүру ұзақтығы ел бойынша 47 болатын болса, біз он бүгінде 51-ге жеткізіп отырмыз. Тағы бір айта кетерлігі, былтыр қалада ана өлімі тіркелмеді. Ал биыл өкінішке қарай ондай қайғылы бір жағдай болды. Әрине, оны жасырмаймыз. Өйткені мұндай жағдайды болдырмау үшін жұмысты жалғастыру керекпіз. Бұл ретте басқарма, дәрігерлеріміз, орта буынды медицина қызметкерлеріміз бар, барлығымыз жауапкершілікті сезіне отырып арнайы алгоритм аясында жүйелі жұмыстарды жүргізуіміз қажет. 

Ең бастысы, медииналық қызмет көрсетуде ол стационарлық немесе емханалық болсын, халықтың сұранысына сай жұмыстар жасалынып жатыр. Мысал ретінде айтар болсам, аутизм, ДЦП-мен ауыратын балаларға стоматологиялық қызмет көрсету жағы балалар ауруханасында бұрын проблема болатын. Ол проблеманы шештік. Олар ересектер қатарына қосылып, 18 жастан асқан соң да мұндай балалардың тісін жай ғана емдеу мүмкін емес. Оларға анестизия керек. Реаниматолог мамандары бақылауы қажет. Бұл бойынша №1 қалалық ауруханада жұмыстар жүргізілуде.

Осы ретте №1 қалалық ауруханаға ерекше тоқталғым келіп отыр. Жасыратыны жоқ, бұған дейінгі жылдары бұл медицина мекемесіне қатысты арыз-шағымдар өте көп болды. Сол шағымдарды азайту, жұмыс сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Ребрендинг деп айтамыз ғой, халықтың сенімінен шығу мәселесі ерекше назарға алынып отыр. Яғни, біздің мамандар өз деңгейінде медициналық қызмет көрсетіп, келген адамды жылы жүзбен қабылдап, тиісті көмекті уақыты әлі сапалы беру қажет. Бұл бойынша тиісті жұмыстар істеп жатырмыз.

Қалалық мәслихаттың қолдауымен аталған ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы күрделі жөндеу жұмыстарымен қатар біліктілікті арттыру, сапа, стандарттау, қаражат үнемдеу, дәріні уақытылы беру деген сияқты жайттарды қоссақ, біз ойлаймыз медицина мекемесіне деген халықтың сенімі еселене түсетіні анық. 

Осы жақында қалалық периниталдық орталық базасында «Бір күндік клиника» деген бірегей жоба іске қосылды. Бұл жоба еліміз бойынша 4-5 өңірде іске қосылған. Ол жүкті әйелдер ерте кезеңде диагностикалық тексеруден өтіп, туа біткен ақауларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Бір күндік клиника жобасы арқылы бір жерде, бір күнде перинаталдық диагностиканың барлық тексерулерінің жиынтығын өткізіп, нәтижелерін жылдам және нақты алуға мүмкіндік бар.

Одан бөлек өздеріңіз білесіздер, халық бірінші кезекте жедел жәрдем мен емханаға жүгінеді. Сол жедел жәрдем жұмысын жақсарту мақсатында жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп жатырмыз. Қалалық әкімшіліктің қолдауымен биыл жыл соңына дейін 24-25 көлік алынады деп жоспарланып отыр. Бұл көліктерді емханаларға беретін боламыз. Ары қарай да жедел жәрдем стансаларында бригадаларды көбейту, көліктерді жаңарту бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Өздеріңіз білесіздер, бізде елімізге белгілі алтын қолды хирург Мәди Хожаұлы Бегалиев қаншама жыл аурухананы басқарған болатын. Өкінішке қарай, ол кісі қазір өмірден өтті. Одан кейін Иманәлі Оспанұлы деген ағамыз бар. Ол кісі денсаулық сақтау басқармасында, әкімшілікте талай жыл еңбек еткен. Ауруханалардың аяқтан тұрып кетуіне еңбегі сіңген. Иманәлі Байдәулетов ағамыз әлі күнге дейін бізге ақылын беріп отырады. Сәуле Райымбекқызы деген ардагер дәрігеріміз де бар. Бұл ретте айтқым келгені, медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында бірінші кезекте мамандардың біліктілігі назарға алынары сөзсіз.  

Былтыр үш мыңнан астам маманымызды аурухана мен емхана өз қаражаттарынан оқытты. Олар елімізге белгілі медициналық орталықтарда тәжірибе жинап келді. Одан бөлек былтыр біз 48 маманымызды Израиль, Түркия елдерінде біліктілігін арттыру бойынша оқуға жібердік. Әрине, бірінші кезекте ана мен бала денсааулығына мән беріп келеміз. Акушер-гинеколог, неонатолог, реабилитолог, невропатолог-эпилептолог және де хирург, нейрохируг мамандары тәжірибелерін шыңдап келді. Биыл да қызметкерлеріміздің тәжірибесін шыңдау мақсатында қаражат бөлінді. Біліктілікті арттыру шаралары биыл да жалғасын табатын болады.   

Мен өзім қаланың бас дәрігері қызметіне келген кезде бірінші кезекте сапаны көтеру деген мақсат қойдым. Бізде қаншама мықты, белді медициналық мекемелеріміз бар. Жүрек орталығы, онкологиялық орталықтарымызда және де өзге де медициналық мекемелерде білікті мамандар сапаға жұмыс істеп жүр. Одан бөлек бізде өрттен зардап шеккендер мен газдан және басқадан уланғандарға қолжетімді көмек жасалынады. Оны комбустиология дейді. Ол жақта да білікті мамандар жетерлік.

Осы ретте онкологиялық аурулар туралы айта кетейін. Жылдан жылға бұл сала бойынша жұмыстар мықтап қолға алынып отыр. Дәрілерді тиімді пайдалану, скринигтердің сапасы да назарға алынған. Бізде көлемнен сапаға өту тұрғысында ситуациялық орталығымыз бар. Онда ай сайын онкологиялық аурулар, вакцинация және арыз-шағымдар бойынша динамиканы қадағалап отырамыз.

(Фото: facebook/Нұрлыбек Асылбеков)

El.kz: Онколоигя демекші, Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен онкологиялық ауруларды емдеуге бюджеттен бөлінетін ақша орта есеппен 20%-ға қысқартылғаны қоғамда қызу талқыланды. Бұл мәселені алғашқылардың бірі болып Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов көтерді. Шымкентте те онкологиялық орталық бар екенін ескерсек, қаланың бас дәрігері ретінде бұл мәселеге қатысты не айтар едіңіз?

Нұрлыбек Асылбеков: Өздеріңіз білесіздер, бізде Астана мен Алматыда онкологиялық ұлттық орталықтар бар. Сондағы мамандар, яғни формулярлық комиссия деп аталады. Солар барлығын көріп тексеріп, Денсаулық сақтау министрлігіне өз ұсыныстарын берген. Қаражатты қысқарту мәселесін сол комиссия ұсынған. 

El.kz: Көп ұзамай Денсаулық сақтау министрлігі мұндай шешімнің неліктен қабылданғанын түсіндіріп бергендей болды. Ондағы мәліметке сүйенсек, іріктеп тексерілген алты ұйымда медициналық көмек көрсетудің бекітілген стандарттары мен қағидаларының көптеген бұзушылықтары анықталған. Онкологиялық ұйымдар 30 млрд теңгеден астам негізсіз пайда алған. Бұл ұйымдар ішінде Шымкенттегі онкологиялық орталық бар ма? 

Нұрлыбек Асылбеков: Тексеру жүргізілген медицина мекемелерінің ішінде Шымкент те бар. Бірақ бізге негізсіз қаражат алу бойынша айтылған жоқ. Онколгиялық көмек көрсету жүйесінде «Жасыл коридор» дегенді естігеніңіз бар шығар?... Соның жұмысын күшейту, скринигтің тиімділігін көтеру мәселелері айтылды. Мысал ретінде айтар болсам, онкологиялық ауруларды бірінші және екінші деңгейінде анықтау аурудан айығуға үлкен мүмкіндік береді. Ал үшінші және төртінші деңгейде анықталып жатса, оған уақыт та, шығын да көп кетеді. Былайша айтқанда, оны емдеуде тәуекелі көп болады. Сондықтан Шымкенттегі онкологиялық орталыққа берілген ескертулер бойынша жоспар жасап қойдық қазір. Жоғарыда айтып өткенімдей, ситуациялық орталық арқылы онкологиялық ауруларды, вакцинация және арыз-шағым бойынша ай сайын динамиканы қадағалап отырмыз. 

El.kz: Өзіңіз айтып өткен ескертулерден кейін қалалық онкологиялық орталықтағыларға қандай шара көрілді? 

Нұрлыбек Асылбеков: Орталыққа жалпылама тексеру жүргізілген. Соның нәтижесі бойынша орталықтың бірінші басшысына қатаң сөгіс берілді. Бұл жерде айтуым керек, методикалық жұмысты, медициналық-санитарлық алғашқы көмек жұмысын күшейту мәселесі бойынша шара көріліп отыр.  

El.kz: Жақында қалада алғаш рет нейрохирургиялық орталық ашылғанын білеміз. Бұл орталықтың ерекшелігі неде?

Нұрлыбек Асылбеков: Иә, жақында №2 қалалық аурухана базасында нейрохирургиялық орталық ашылды. Бұған дейін мұндай орталық №1 қалалық ауруханада ашылған болатын. Бұл орталықтар ауыр нейрохирургиялық дертке шалдыққан науқастарға стационарлық көмек көрсетуге бағытталған. Бұған дейін пациенттер тиісті қызметтерді алу үшін еліміздің өзге аймақтарына, қаладағы медициналық ұйымдарға барып, уақыт создырып келген болатын. Енді бас-ми жарақаты бар, түрлі ауыр дертке шалдыққан нейрохирургиялық көмекті қажет ететін науқастар осында жедел түрде қабылданады. Эндовоскулярлық деп айтаймыз ғой, сондай күрделі оталар жасалынады.

№2 қалалық аурухана базасында ашылған нейрохирургиялық орталықта медицина ғылымдарының докторы, белгілі нейрохирург, тек қала емес, Қазақстанға мақтанарлық дәрігеріміз Еркін Медетов сияқты өте білікті мамандарымыз бар. Қазірдің өзінде бұл орталықта тек Шымкент емес, Түркістан облысынан және қаламызға жақын басқа да өңірлерден келген науқастарға операциялар жасалынуда.

El.kz: Естуімізше, орталықта тек отандық емес, шетелдік нейрохиругтері де білімін шыңдайды екен....

Нұрлыбек Асылбеков: Иә, ол рас. Қазір мұнда оқу орталығы ашылып, резиденттер, отандық және шет елдердің нейрохирургтері оқытылуда. Түрлі шеберлік сабақтары өткізілуде. Біздің қалада тек нейрохирургия емес, онкология және басқа да бағыттар бойынша білікті мамандарымыз жетерлік. Олар өзге өңірлерге барып, операция жасап жүр. Бізге жоғары деңгейлі күрделі операцияларды көбірек беріңіздер деп Денсаулық сақтау министрлігі алдында мәселе де көтергенбіз. Өйткені ем іздеген халық басқа жаққа бармаса, бізге келсе, білікті мамандар оларға операция жасауға әрқашан дайын.  

El.kz: «Үздік тәжірибелік орталықтар» әдісі туралы да сұрағым келіп отыр. Естуімізше, аталған орталықтағы бір топта медбике, әлеуметтік қызметкер, психолог мамандардан құралған мультидициплинарлық команда жұмыс істейді екен. Яғни, пациенттің денсаулығын ғана емес, оның әлеуметтік тұрмыс жағдайы да назарға алынады. Жалпы орталық жұмысы туралы тоқталып өтіңізші...

Нұрлыбек Асылбеков: Мұндай орталық еліміздің 17 өңірінде бар. Ең алғашқысы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында, кейін Жамбыл облысында құрылды. Былтыр біз №1, №3, №6, №7 емханалар базасында үздік тәжірибелік орталықты аштық. Қазіргі таңда бұл медицина мекемелерінде қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Мұндай орталықтардың ерекшелігі тек пациентпен емес, оның әлеуметтік жағдайын да назарға алып отырмыз. Бұл жерде әлеуметтік қызметкерлердің рөлі маңызды.

Өзіңіз айтып өткеніңіздей, мультидициплинарлық команда құрылады. Ол жерде гинеколог, жалпы тәжірибелік дәрігер, әлеуметтік психиатр секілді тағы да басқа мамандар бар. Сол команда мәселені жан-жақты қарай отырып, түпікілікті шешу жолдарына қол жеткізеді. №6 емханамызды ерекше мақтана айтуға болады. Ондағы үздік тәжірибелік орталық еліміз бойынша алдыңғы қатарлы болып отыр. Күні бүгінге дейін емханаға еліміздің өзге өңірлерінен 200-ден астам маман келіп, тәжірибе жинап кетті. Жақында ғана Маңғыстау өңірінен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының бастауымен 30 шақты адам келді. Оған дейін біздегі емхананың бас дәрігері сонда арнайы барып, дәріс беріп келген болатын. Жақын күндері Ұлытау облысымен қатар тағы 2-3 өңірден мамандар тәжірибе алуға келеміз деп отыр. Бұл жобаны ары қарай да жалғастыра береміз. Сонымен қатар учаскелік дәрігерлер мен медбикелердің үй-үйді аралау дегені бар ғой. Осы жұмыстардың сапасын арттыру мақсатында еліміз бойынша бірінші болып «видеотрекер» енгіздік. Ол кәдімгі видеотіркегіш сияқты. Бұл құрылғы мамандарымызға берілді. Мамандарымыз ол үйге қашан барды, қанша уақыт болды, жалпы жұмыс процесі жазылып, уақыттарына дейін көрсетіліп тұрады. Егер ол жерге бас дәрігер немесе басқа да мамандар араласу керек болса, жедел түрде сонда барып отырады. Бізде 38 учаскеміз болса, соның бәрі осы жүйеге қосылған. 

(Фото: facebook/Шымкент қ. денсаулық сақтау басқармасы)

El.kz: Медицина саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жолдары туралы айтып беріңізші...

Нұрлыбек Асылбеков: Өздеріңіз білесіздер, біздің саламыз бойынша мемлекет қаржысын тиімді жұмсау және үнемдеу бойынша талаптар өте қатаң. Қала әкімі Ғабит Әбдімажитұлы қызметке келген сәтте мемлекеттен бөлінген қаржының бір тиыны ысырап болмау керек деген талап қойды. Денсаулық сақтау министрі қызметіне келген басшымыз Ақмарал Шәріпбайқызы да күн тәртібіне осы мәселені қойып, қаржының мақсатты жұмсалуын өте қатаң қолға алып отырмыз. Бұған дейін кредиторлы қарызбен шыққан мекемелер болған. Солардың санын азайту бойынша жұмыстар жүргізіліп отыр. Мәселен, былтырғы жылмен салыстырғанда олардың саны 29 пайызға дейін төмендеді. Қазір дәріні артық алмау, үнемдеу жұмыстары қолға алынған. Одан кейін консультативтік-диагностикалық көмек деген бар. Емхана немесе аурухана болсын осы көмектерді өздерінде көрсету, лаборатиялық тексерулерді өздерінде өткізу бойынша қатаң жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қаржыны үнемдеу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу  және болдырмау мақсатында 1С бухгалтерлік жүйесі мен біріктірілген медициналық ақпарат жүйесін интеграцияладық. Ол арқылы барлығы ашық көрініп тұрады. Жалпы ашықтық мәселесін бұған дейін де айтып келеміз. Бірнеше брифингтер болды. Онда емхана мен ауруханалардың бас дәрігерлерін шақырдық. Халықпен кері байланысуына мүмкіндік бар. Егер халықтың бір сұрағы болса, бас дәрігерге немесе біздің басқармаға келіп, сол мәселені шешу және болдырмау үшін жүйелі жұмыстар жүргізіліп отыр. Шыны керек, кейде пациенттер ашынғанда шындыққа сай келмейтін әртүрлі әңгімелер айтады. Бірақ бұл ретте менің позициям - бәрін заңмен реттеу.  Егер біздің ар-ұятымызға тиетіндей жайттар болса, сотқа шағымданамыз. Неге? Себебі дәрігерге немесе басқармаға болсын, жала жауып, абыройына нұқсат келтіруге болмайды. Біз бәріміз Қазақстан Республикасының Конституциясын сақтауымыз керек деп ойлаймын. 

El.kz: Денсаулық сақтау саласы – өте күрделі әрі жауапты мамандық. Бұл салаға бет бұрғандарға үлкен жүрек пен махаббат керек екені белгілі. Сұхбат соңында әрітестеріңізге айтар ұсыныс-тілектеріңіз болса...

Нұрлыбек Асылбеков: Иә, медицина саласы, әрине, күрделі әрі жауапты мамандық. Адамның денсаулығы, өмірімен тікелей байланысты. Медицина қызметкерлерінің ұлт саулығын жақсартудағы еңбегі қоғам үшін әрқашан маңызды. Халық саулығын күзетіп жүрген ақ халатты абзал жандарға ерекше алғыс айтамын. Сондай-ақ әріптестеріме әрдайым халықтың алғысына бөленіп жүре беріңіздер дегім келеді. Ол үшін қолдан келген көмекті аямау керек. Медицина маманы үшін адам өмірін сақтап қалу – ең маңызды міндет екені белгілі. Барша ақ халаттылардың еңбектері жана берсін. Дендеріңіз сау болсын.  Кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, қажырлы қызметтеріңізге табыс, отбастарыңызға бақ-береке тілеймін!

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға