Жаңалықтар

Шымкенттік таксиші 7 жылдан бері Рамазан айының әр жұмасында жолаушыларды тегін тасиды

Шымкенттік таксиші 7 жылдан бері Рамазан айының әр жұмасында жолаушыларды тегін тасиды
Фото: otyrar.kz 02.04.2024 07:28 717

Шымкенттік азамат соңғы 7 жылдан бері Рамазан айында қайырымдылықпен айналысып келеді. Сәтжан Аймұрзаев әр жұмада суы мен құрмасын алып, қала тұрғындарын діттеген жеріне ақысыз жеткізіп салады, деп хабарлайды Otyrar.kz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Шымкент тұрғыны 20 жылдан бері темір тұлпарды тізгіндеп келеді. Ол 2017 жылдан бастап Рамазан айында қала тұрғындарына тегін такси қызметін көрсетеді. Яғни, әр жұма таң атысымен көшеге шығатын ол қара кешке дейін қайырымдылықпен айналысады. Сәтжан Аймұрзаев соның арқасында өзіне керемет күш жинап қайтатынын айтады.

Мәселе ақшаға келіп тірелмейді. Бұл ақша, дүние біте береді. Бензинің бар, тапқан табысың бар. Оның бәрі қолдың кірі. Қосымша арқылы тапсырыс қабылдаймын, бірақ 1 тиын ақша алмай үйіне жеткізіп саламын. Жолдан да мінгізіп аламын. Мұқтаж жандарды, үлкен кісілер бар, студенттер бар бәрін көлігіме мінгізіп аламын. Тегін жеткізген соң жылап, рақметін айтып кететіндер де болады, – дейді Шымкент тұрғыны.

Қайырымды жан тек тегін тасымалмен айналысып қана қоймай, әр жолаушыға су мен құрма сыйлауды әдетке айналдырған. Сәті түсіп, Сәтжан Аймұрзаевтың көлігіне отырған Барысхан Шынтасов қатты таң қалып, эмоциясын жасыра алмады.

Өзім студентпін. Таксидің тегін екенін көріп, қуанып жатырмын. Жолдас балалармен бірге ауызашар жасап жатыр едік. Ауызашарға асығып тұрмын деген соң тегін жеткізіп тастады, – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Барысхан Шынтасов.

Жасы 50-ден асқан такси жүргізушісі әр жұма күнгі қызметіне ерекше дайындалатынын айтады. Тіпті соңғы кездері су мен құрманы арнайы орауға қызы мен құдай қосқан жары да білек сыбана кірісетін болыпты. Қайырымды жан соның арқасында отбасының несібесі арта түскенін айтады.

Үйде кіші қызым анасы екеуі осы суға қаптама жасап, «Рамазан құтты болсын», «Оразаңыз қабыл болсын» деген қағазды жабыстырады. Қасына 2 құрманы салып дайындап, қызым мен анасы сапарыңыз сәтті болсын деп шығарып салады. "Әке, ертең жұма ғой. Суыңызды әкелмедіңіз бе?" деп сұрайтын кездері де болады. Бұл іске отбасымның көзқарасы түзу, -дейді Сәтжан Аймұрзаев.

Қазірше қайырымды істі қасиетті айда ғана қолға алатын такси жүргізушісі бар қарызын төлеп бітсе, келешекте толықтай тегін қызмет көрсетуді қолға алуды көздеп отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға