Жаңалықтар

Шымкенттік полицей интернет алаяқтарының схемалары туралы айтып берді

Шымкенттік полицей интернет алаяқтарының схемалары туралы айтып берді
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney 30.06.2024 18:00 743

Ғаламтор күн сайын біздің өмірді жеңілдеткенімен одан келер қауіп артып отыр. Алаяқтар халықты оп-оңай арбауына түсіріп, сазға отырғызып келеді. Интернеттегі әккілер уақыт өте түрлі схемаларды ойлап табуда. Осы ретте El.kz тілшісі Шымкент қалалық Полиция департаменті Киберпол арнайы тобының тергеушісі Сұлтан Сержановпен тілдесіп, ғаламтор ұрыларының қазіргі әдістері мен олардан сақтану жолдары туралы сұрап білді.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2020 жылы Қазақстанда 14 мың интернет алаяқтық қылмысы тіркелсе, 2023 жылы олардың саны 3,1 пайызға өсіп, жалпы саны 21 мыңнан астқан. Ал жәбірленушілерге келтірілген шығын 21 млрд теңгені құраған.

Алаяқтар әртүрлі амалдарды қолдану арқылы айласын асырып келеді. Статистикалық деректерге сүйенсек, еліміз бойынша киберқылмыстың 99 пайызы интернет алаяқтықты құрайды екен. Ал соңғы 7 жылда Қазақстанда интернет алаяқтық 10 есеге өскен.

Шымкент қаласы бойынша былтыр 991 интернет алаяқтық фактісі тіркеліпті. Оның 40 пайызы ашылған. Яғни, полицейлер 300-ден астам іс бойынша тергеп-тексеру әрекеттерін жүргізіп, қылмыстық іс сотқа жолданған.  Былтыр жәбірленушілерге келтірілген шығын 870 млн теңгені құраған екен. Алайда оның тек 90 млн теңгесі ғана алаяқ құрбандарына  қайтарылыпты. 

Жыл басынан бері маусым айына дейін қалада 275 интернет алаяқтық фактісі тіркелді.  Киберпол арнайы тобымен 135 қылмыстық іс ашылды. Қалғаны бойынша тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Ашылған қылмыстық істердің басым көпшілігі несие рәсімдеп, тауарды қолма-қол ақшаға айналдыру арқылы бөтен мүлікке қол жеткізу алаяқтық әрекеттеріне қатысты,-деді Абай аудандық ПБ тергеушісі Сержан Сұлтанов.   

Полиция өкілінің айтуынша, алаяқтар классикалық схема – жалған абоненттік нөмірлерден хабарласып, өзін банк қызметкері ретінде таныстыру арқылы құрбанын арбауына түсіру әдісін әлі де қолданады. Ал екінші тәсіл: Whats App, Instagram, Telegram арқылы туыстары ретінде жазып, өз құрбанын сан соқтырады.

Тағы бір тәсілі - инвестиция. Яғни, «сізге бізге белгілі бір сома көлемінде ақша салсаңыз, 70-80 пайызға дейін көбейтіп береміз» деп айтады. Интернет алаяқтың бұл тәсілі де соңғы кезде көбеюде. Алаяқтар өз құрбандарын әлеуметтік желілер арқылы табады. Түрлі жарнамалық қызметтер арқылы хабарландырулар жариялап отырады. Одан бөлек соңғы кезде ғаламтор ұрыларының тағы бір тараған түрі – белгілі бір тауарды нарықтағы бағадан төмен сатамыз деп арбауына түсіру. Бұл үшін алаяқтар Instagram, Telegram және OLX жарнамалық сайтын қолданады. Бұл жерде әккілер ғаламтор арқылы төмен бағада тауар сататынын жарнама арқылы хабарлап, тұрғындардан алдын ала төлем жасауды сұрайды. Ақшаны алған соң байланысқа шықпайды,-деді Сұлтан Сержанов.

Бұдан өзге ғаламтор алаяқтары құқық қорғау немесе ҰҚК өкілдерінің, белгілі бір лауазым иелерінің атын жамылып, жалған хабар таратып жүр.

Соңғы кездері интернет әккілер жасанды интеллектіні қолдануға көшкен. Сондықтан бейтаныс нөмірлерден, әсіресе шетелдік нөмірлерден видеоқоңырау түссе, тұтқаны көтермеген абзал. Өйткені жасанды интеллект адамның түрін, дауысын келтіре алады. Ал интернеттегі ұрылар соны пайдаланып, өз айлаларын оп-оңай асырады. Сонымен қатар алаяқтар өздерін ұялы байланыс операторларының өкілі ретінде таныстырып, SIM-картаңыздың жарамдылық мерзімі келгенін, оны создыру үшін нөміріңізге жіберген құпия кодты айтуыңызды сұрайды. Осылайша олар сіздің жеке және банк деректеріңізге қол жеткізеді.

Шымкенттік тергеуші алаяқтар хабарласқан қазақстандық байланыс операторларының нөмірлерін табуға болады деп отыр. Ал шетелдік нөмірлерді табу мүмкіншілігі жоқ екен. Себебі ондағылар шетелдік бір реттік SIM-картаны қолданып, арам пиғылын іске асырған соң оны қолданбайды.  

Интернет алаяқтарына алданбас үшін қайтпек керек? Егер сізге белгісіз адам қоңырау шалып, күмәнді ұсыныстарымен қандай да бір әрекет жасауды сұраса, тұтқаны бірден қойыңыз. Олардың телефон арқылы айтқан нұсқауын мүлдем орындамаңыз. Сонымен қатар жеке өзіңіздің деректеріңізді, банк карталарының CVV кодтары мен реквизиттерін бөтен адамға хабарламаңыз. Күдік тудырған сілтемелерге өтпеңіз. Ұялы телефоныңызда немесе өзге де гаджеттерде арнайы қосымшаларды орнататын болсаңыз, тек ресми қосымшаларды жүктеңіз. Бұдан өзге банктегі шоттарыңызды жиі тексеріп отырыңыз. Сондай-ақ белгісіз нөмірлерден келіп түскен видеоқоңырауларға жауап бермеген абзал.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға