Жаңалықтар

Шымкенттік дәрігерлер 4 айлық сәбидің бүйрегін сақтап қалды

Шымкенттік дәрігерлер 4 айлық сәбидің бүйрегін сақтап қалды
Фото: Шымкент қ. денсаулық сақтау басқармасы 19.02.2025 08:42 902

Шымкентте қалалық балалар клиникалық ауруханасында 4 айлық сәбиге бірегей ота жасалды. Нәресте ауыр жағдайда тума сол жақты гидронефроз 3 дәрежесімен ауруханаға түскен, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Антенаталды кезеңнен бақылауда болған балаға толық тексеруден кейін күрделі отаға дайындық жүргізілген. Сәбиде бүйректің зәр шығару жолдары айтарлықтай тарылып, сол бүйректің қызметі нашарлағаны анықталған.

Балаға жоспарлы түрде сол жақты люмботомия және несепағар- түбекше сегментінің резекциясы, Хайнц-Андерсон бойынша зәр жолдары пластикасы жасалды. Ота сәтті өтті, сәби үйіне қанағаттанарлық жағдайда шығарылды,-деп атап өтті денсаулық сақтау басқармасындағылар.

Айта кетсек, бұған дейін балалар мұндай оталарға Астана, Алматы қалаларындағы республикалық орталықтарға жолданатын. Бір жылдан бері қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері урологиялық оталарды сәтті жасап, балаларға сапалы медициналық көмек көрсетуде. Ауруханада бүгінге дейін урологиялық 60-қа жуық операция жасалған.

Мамандардың айтуынша, қазір балалар арасында жоғарғы зәр жолдарының тума ақауы жиі кездеседі. Ерте жаста қалыпқа келтіру шаралары баланың бүйрегін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға