Шымкенттегі Дендросаябақ орналасқан жер мемлекет меншігіне қайтарылды
Шымкентте «AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының араласуымен дендросаябақтың 0,29 гектар аумағы мемлекет меншігіне қайтарылды. Таяуда тағы 0,6 гектар жерді қайтару жоспарлануда. Бұл туралы комиссия мүшелерінің мегаполис тұрғындарымен кездесуі барысында белгілі болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
«AMANAT» партиясы жанындағы республикалық «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері Шымкент қаласына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Олардың қатарында «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының бірінші орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов, комиссия төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек және комиссия мүшесі, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан бар.
А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақ – Шымкент тұрғындары мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орны. «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары Бақытжан Базарбек атап өткендей, бұған дейін саябақтың кейбір аумағы заңсыз иеліктен шығарылған еді. 2005 жылы желтоқсанда қала әкімі 0,2430 гектар жер учаскесін үшінші тұлғаға беру туралы қаулы шығарды. 2022 жылы мамырда халық қалаулысы дендросаябақ орналасқан жерді иеліктен шығарудың заңдылығын тексеру қажет екенін айтып, АШМ Жер ресурстарын басқару комитетіне өтініш жолдады.
Шымкент қаласының Жер ресурстарын басқару департаменті Жер телімін беру және дендросаябақ аумағының конфигурациясын өзгерту кезінде заң бұзушылықтарды анықтады. Дендросаябақ әкімшілігіне иеліктен заңсыз шығарылған жер учаскелерін талап ете отырып Шымкент қаласы әкімдігі шығарған шешімінің күшін жою туралы талап арыз беру қажет екені туралы ұсыныс жолданды. Дендроcаябақ барлық сот отырысын жеңіп, заңсыз иеліктен шығарылған жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұрынғы әкімдер қабылдаған барлық заңсыз қаулылардың күшін жоямыз. Біз саябақтардың, гүлзарлардың және басқа да қоғамдық орындардың жерлерін иеліктен шығаруға жол бермейміз, – деді ол.
«Жер аманаты» төрағасының орынбасары комиссия алдағы уақытта 0,6 гектардан астам жерді мемлекет меншігіне және дендробақ балансына қайтару үшін саябақ әкімшілігіне сот ісі барысында жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді.
Бұдан соң, комиссия мүшелері 2,641 гектар жер аумағы жеке меншікке заңсыз берілген «Кең баба» қалалық саябағына барды. Партиялықтар Шымкент қаласы әкімдігінің осы жер учаскесін жеке меншікке беру туралы қаулысының күшін жою туралы Жер ресурстарын басқару жөніндегі комитетке тексеру іс-шараларын жүргізу бойынша өтініш жіберілетінін атап өтті.
Осы күні «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері үйлері әуежайдың санитарлық аймағында орналасқан Абай ауданының Қызылжар тұрғын алабының тұрғындарымен кездесті. Қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер бойынша нысанның күзет аймағы 100 метрге дейінгі қашықтықта болуы тиіс. Оған әуежай маңындағы 139 гектар жер кіреді. Бүгінде мұнда 307 тұрғын үй орналасқан. Алайда, аталған учаскелерді мемлекет меншігіне алу қала бюджеті үшін үлкен ауыртпалық болмақ. Осыған байланысты Шымкент әуежайында санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жаңа ұшу-қону жолағын салу туралы шешім қабылданды. Алайда, жаңа жолақ салынатын ауданда 50 үйді бұзу қаупі бар. Комиссия мүшелері халыққа түсіндіру жұмысын жүргізді.
Әуежай маңындағы қарапайым халықтың баспаналары бұзылмайды. Біз осы мәселе бойынша тұрғындардың пікірін тыңдау үшін Шымкентке арнайы келдік. Ортақ шешімге келу жолдарын қарастырып жатырмыз, – деді комиссия төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Теміржанов.
Былтыр Шымкенттегі «Жер аманаты» комиссиясы жұмысының арқасында Көкбұлақ тұрғын алабында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 603 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар, қала шегіндегі жалпы аумағы 1,33 гектарды құрайтын екі жер учаскесі де мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұған дейін бұл жерлер коммерциялық компанияға шаруашылық мақсатта берілген еді. Алайда жерді пайдалану мерзімі өтіп кетті.
Еске сала кетейік, бір жарым жылда ел аумағында 10 млн гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жерді әділ бөлу мәселесіне ерекше назар аударатынын атап өткен жөн. «AMANAT» партиясы Президенттің қоғамдық тірегі ретінде осы міндеттің жүзеге асуына қоғамдық мониторингі жүргізіп келеді.
Бұған дейін республикалық «Жер аманаты» комиссиясының бастамасымен әрбір ауылдық елді мекендегі жайылым тапшылығы мен мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелерінің тізбесі көрсетілген jerkarta.gharysh.kz интерактивті картасы әзірленген болатын.
Еске сала кетейік, жер мәселелерін жедел шешу үшін қазақстандықтар «AMANAT» партиясының 8 800 080 44 41 «Сенім телефоны» арқылы заң бұзушылықтың барлық фактісі туралы хабарлай алады. Өтінімдер WhatsApp арқылы да +7 700 800 44 41 нөмірі бойынша қабылданады.