Жаңалықтар

Шымкенттегі бөбектер үйінде бүлдіршіндердің тұсауы кесілді

Шымкенттегі бөбектер үйінде бүлдіршіндердің тұсауы кесілді
Фото: Шымкент қ. денсаулық сақтау басқармасы 16.03.2024 11:05 742

Шымкентте бөбектер үйінде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндердің тұсауы кесілді. Бұл рәсім «Наурыз – мерекем, Наурыз берекем» атты іс-шара кезінде өткізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шымкентте наурызнама онкүндігінің екінші күнінде «Қайырымдылық күні» аясында шаһардағы бөбектер үйінде мерекелік іс-шара өтті. Аталған жиынға қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, мекеме демеушілері мен кәсіпкерлер қатысты.

Салтанатты шара кезінде бөбектер үйіндегі тәй-тәй басып келе жатқан бүлдіршіндердің тұсауы кесілді. Мұнан соң балаларға сыйлықтар тарту етіліп, мерекелік дастарқанда «Наурыз көже» берілді.  Ал өз кезегінде бөбектер үйіндегі балалар қонақтарға ән айтып, би билеп, өнерлерін көрсетті.

Жалпы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты бөбектер үйінде 41 бала тәрбиеленуде. Орталықта 4 жасқа дейінгі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сонымен қатар ақыл-ойы және дене дамуында ақаулықтар кездесетін балаларға мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі.

Бұған дейін Мемлекет басшысының ұсынуы бойынша еліміздің барлық өңірінде Наурыз мерекесі жаңа форматта өткізілетінін хабарланған болатын. Ұлыстың ұлы күні мерекесенің мән-мағынасы мен мазмұнын байытып, жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігін жариялау ұсынылды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев Орталық коммуникациялақ қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеген еді.

Наурызнама онкүндігінің қайырымдылық күніне орай Шымкентте қарттар үйі, балалар үйі мен көпбалалы отбасыларға арнайы мерекемен құттықтау іс-шарасы өткізіліп және ауызашар берілді. Ал бүгін 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай қаладағы «Наурыз» алаңында салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар насихатталып көрсетілетін музыкалық-театрландырылған қойылым болады.

Жексенбі 17 наурыз күні перзентханаларда жаңа туған нәрестелердің ата-аналарына «Наурыз базарлық» естелік кәдесыйлары табысталады деп жоспарлануда. 

Оқи отырыңыз: 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға