Жаңалықтар

Шымкентте жылу желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі

Шымкентте жылу желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі
Фото: rostechsteel-spb.ru 07.03.2023 09:46 1044

Үкіметте өткен кеңесте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың 27 қаңтарда Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Кеңеске қатысушылар «Сайрам» елді мекенінде сумен жабдықтау объектілерін, Алматы тас жолы бойындағы «Тұран» магистральдық кәріз коллекторын салу және қаланың көлік инфрақұрылымын жаңғырту мәселелерін талқылады. Мәселен, осы жылдың өзінде 11 шақырымнан астам автожолдарды жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Инженерлік инфрақұрылымды жаңарту бойынша 2023 жылы ұзындығы 9 шақырым жылумен жабдықтау желілерінің әбден тозығы жеткен жерлерін реконструкциялау басталады. Бұдан басқа әкімдік Спортивный шағын ауданындағы қазандықты реконструкциялауды және жаңа сорғы станциясының құрылысын жоспарлап отыр.

Алдағы екі жылда көп қабатты тұрғын үйлер салу  бойынша да қажетті шаралар қабылданады. Олардың қатарында Бозарық (1 640 пәтер) және Ақжайық (780 пәтер) шағын аудандары бар.

Сонымен қатар осы жылдың соңына дейін «Отбасы банкі» желісі бойынша тиімді мөлшерлемемен кредиттік тұрғын үй беру жалғасады, атап айтқанда, жыл соңына дейін 1 мыңнан астам пәтер тапсырылмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға