Шымкентте жыл сайын мектеп жасындағы бала саны 8-9 %-ға артады
Шымкентте үш ауысымды мектеп мәселесі шешілгенімен, жыл сайын мектеп жасындағы бала санының артуынан мұндай білім ұялар қатары көбеюі мүмкін. Өйткені қалада демографиялық өсім жоғары, оның үстіне кәсіпорындар мен жұмыс беретін мекемелер санының көп болуынан ішкі миграциялық процесс өте белсенді жүруде. Нәтижесінде жыл сайын шаһарда оқушылар саны 8-9 пайызға өсіп отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қаланың бас ұстазы Нұргүл Шәмшиеваның айтуынша, қазіргі уақытта Шымкенттегі 21 мектепте әлі күнге дейін оқушы толымдығы жоғары болып отыр. Сондықтан да болашақта бұл мектептер үш ауысымды білім беру жүйесіне көшуі мүмкін.
Қалалық білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, бүгінгі таңда Шымкентте 982 білім беру мекемесі жұмыс істейді. Ондағы тәрбиеленуші және білім алушы бала саны - 415 908.
Білім беру ұйымдарының 275-сі орта білім беретін мектептер болып табылады. Оның 150-і мемлекеттік, 125-і жекеменшік білім ұялары. Ал қаладағы жалпы оқушы саны 260 мыңға жуық.
2024-2025 оқу жылында 1-сыныпқа 26 979 оқушыны қабылдау жоспарланған. Биыл 1 сәуірден бастап 21 тамызға дейін жалпы 25 270 өтініш тіркеліп, 25 201-нің құжаттары қабылданған (99,7%). Мемлекеттік мектептерге – 17 640 (70%), жекеменшікте – 7 561 (30%).
Шымкенттегі балабақша саны – 611. Онда 76 мыңнан астам бала тәрбиеленіп отыр. Оның 540-ы жекеменшік, қалған 71-і мемлекеттік балабақшалар.
Қалада арнайы білім беретін 25 мекеме болса, онда білім алатындар саны – 1651. Ал 31 қосымша білім беру ұйымының 12-сі мемлекеттік, қалған 19-ы жекеменшік мекемелер. Ондағы бала саны - 31 848.
Колледжерге тоқталсақ, 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша қалада техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының желісі 38 колледжді құрады. 38 колледжде 47 020 студент білім алды. Оның 23 587-і бюджет шеңберінде мемлекеттік тапсырыс негізінде, 23 433-і ақылы оқыған. 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша 13 693 бітіруші колледжді бітірді. Ал 2024-2025 оқу жылынан бастап Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті жанындағы Ж.Аймауытов колледжі мен Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі қосылып, қаладағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдар саны 40-қа жетті. Оның 12-і мемлекеттік және 28-і жекеменшік.
Білім басқармасындағылар 2024-2025 оқу жылына еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлау мақсатында 11 500 талапкерді мемлекеттік тапсырыс негізінде қабылдау шаралары жүзеге асырылғанын атап өтті. Атап айтар болсақ, 11 500 орынның техникалық мамандықтарға – 7700-і (68%), педагогикалық мамандықтарға – 2000-ы (17,5%), мәдениет және өнер – 515-і (4,5%), медициналық мамандықтарға 1285-і (9,5%) қаралған. Ал ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін сұранысқа сәйкес 5 мамандық бойынша биыл 75 орын бөлініп отыр («Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі» МКҚК, «Энергетика және байланыс колледжі» МКҚК, «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» КММ).
Бүгінгі таңда колледждерге 2024-2025 оқу жылына талапкерлерді қабылдау шаралары жүзеге асырылып, 12 мыңнан астам талапкердің құжаты қабылданды. Қабылдау шарасын жүзеге асыру барысында колледждердің қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлықты болдырмау және алдын алу шараларын қатаң сақтау және құқық бұзушылық фактілеріне жол бермеу мәселелері бойынша профилактикалық жиналыс өткізіліп, тиісті хаттама жолданды» делінген басқарма мәліметінде.
Бұдан бөлек білім басқармасының мәліметінше, қаладағы 22 колледж жатақханасында (7 мемлекеттік, 15 жекеменшік колледж) 2393 студент орналастырылған. Оның ішінде 1 160 орындық 7 мемлекеттік жатақханада - 800 студент, 1799 орындық 15 жекеменшік колледждердің жатақханаларында 1 593 студент бар.
Жатақханалардағы орындармен бірінші кезекте колледждерде білім алушы – әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасы балалары, мүгедектігі бар және жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы студенттер қамтамасыз етіледі. Ведомстводағылар колледж студенттерінің негізгі контингенті Шымкент қаласының және көлік инфрақұрылымы дамыған іргелес аудандардың тұрғындары болғандықтан, қаладағы колледж жатақханаларында орын тапшылығы мәселесі жоқ деп сендірді.
Ерекше атап өтерлігі, Шымкенттегі үш колледж халықаралық аккредитациядан өтуде. Мұндай аккредиттеуден өткен білім ұяларының дипломы халықаралық деңгейде мойындалатын болады. Бұл дегенміз егер қаладағы бұл колледждер халықаралық аккредитациядан өткен жағдайда оқу орнының жас мамандары алған дипломдарымен Еуропа, Азия мемлекеттеріне жұмыс істеу мүмкіндігіне ие бола алады.
Айта кетсек, Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте қалалық білім басқармасының басшысы Нүргүл Шәмшиева орта білім беру бағытындағы жұмыстарға тоқталып өткен болатын.
Орта білім беру бағытындағы негізгі мақсатымыз - білім сапасын арттыру. Бұл жерде мақтанатын жетістігіміз бар. Өткен оқу жылымен салыстырғанда бізде білім сапасы 5 пайызға көтерілді. Одан бөлек халықаралық олимпиадаларда орын алып жатқан балаларымыз да бар. Орта білім бойынша биылғы жылдың тағы бір жаңалығы - осыған дейін қабылданған «Біртұтас тәрбие бағдарламасы». Президенттің тапсырмасы бойынша аталған бағдарлама қайтадан жаңартылды. Бұл бағдарлама білім беру ұйымдарының оқу процесіне тікелей енгізілетін болады. Ол үшін тиісті тренерлер дайындалып, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, психолог мамандарымыз арнайы сабақтардан өтті,-деді қаланың бас ұстазы Нұргүл Шәмшиева.
Бұдан өзге Нұргүл Ақылбекқызы суицид, балалар арасындағы буллинг, ерте жүктілік сияқты өте өзекті мәселер көп екенін алға тартты.
Бұның түп-тамыры - әрбір баламен тәрбие жұмыстарын жүргізумен қатар, баланың эмоционалдық жай-күйін зерттеп, алдын алу үшін психологиялық қызметті жақсарту деп білеміз. Сондықтан да қалада психолгиялық қолдау орталығын ашу жөнінде әкім қаулысына қол қойылды. Қазіргі уақытта психологиялық орталықтың штаттық кестесін бекіту, қызметкерлер құрамын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде,-деді ол.
Басқарма басшысы өз сөзінде инфрақұрылымды дамыту мәселесін шешу жұмыстары ары қарай жалғаса беретінін атап өтті. Атап айтқанда, өткен жылы қаладағы 26 мектеп күрделі жөндеуді қажет еткен болса, биыл оның саны 22-і болып отыр. Соның ішінде №7, №9 және №82 білім ошақтары бірінші кезекте күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал №33 мектеп апатты жағдайда деп танылғандықтан, ондағы балалар жалға алынған және өзге білім ұйымдарының босаған ғимараттарында білім алатын болады.
Айта кетерлігі, қалада білім беру сапасында олқылықтары бар 40 мектеп айқындалған. Аталған білім ұяларында жаңа оқу жылынан бастап «Мақсатты мектеп» жобасы аясында арнайы жұмыстар жүргізілетін болады. Яғни, бұл жұмыстар республика бойынша «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық жобасының шеңберінде жүзеге асырылмақ.