Жаңалықтар

Шымкентте жаңа өрт сөндіру депосы ашылды

Шымкентте жаңа өрт сөндіру депосы ашылды
Фото: gov.kz 23.11.2023 06:34 751

2023 жылғы 22 қарашада Шымкент қаласындағы Әкімшілік іскерлік орталығында жаңадан салынған өрт сөндіру депосы мен әкімшілік ғимараттың ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Салтанатты іс-шараға  ҚР Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері және басқа да қонақтар қатысты.

Іс-шара барысында қызмет ету кезінде ерлік көрсетіп, ерекше көзге түскен Шымкент қаласы ТЖД қызметкерлері марапатталды. Азаматтық қорғау органдарының еңбегі сіңген ардагері Уалихан Мелдебекұлы Ережеповке қаланы дамытуда үлес қосқаны және белсенді азаматтық қызметі үшін «Қаланың құрметті азаматы» атағы табыс етілді.

ТЖ министрі жаңа ғимаратпен танысып, өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамымен кездесті.

Жергілікті атқарушы органның және республикалық бюджет есебінен салынған нысан әкімшілік ғимараттан және 4 автокөлікке арналған өрт сөндіру депо ғимаратынан тұрады.

Шымкент қаласы ТЖД және Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қызметкелеріне арналған үш қабаттан тұратын әкімшілік ғимаратта дағдарыс және ахуалдық орталықтары, бірыңғай диспетчерлік қызмет, оқу сыныптары, жұмыс кабинеттері бар.

Екі қабатты өрт сөндіру депосында өрт сөндірушілер үшін барлық жағдай жасалған: өрт сөндірушілер үшін оқу сыныбы, демалыс, жатын, ас бөлмелері,  спорт және мәжіліс залы, техникалық үй-жайлар, сондай-ақ жеке құрамның кәсіби даярлығын арттыру үшін оқу-жаттығу мұнарасы қарастырылған.

Жаңа өрт сөндіру бөлімінде 108 өрт сөндіруші қызмет атқарады. Аталған өрт сөндіру бөлімі заманауи өрт сөндіру техникаларымен қамтамасыз етілген және 18  шағын аудан мен тұрғын алап  тұрғындарын өрт қауіпсіздігімен  қамтамасыз етеді.

Жаңа өрт сөндіру депосы оқиға орнына жету уақытын қысқартуға және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Шымкент қаласының 1 млн. астам тұрғыны және 117 мың га жері бар, ол инфрақұрылымы жақсы дамыған, еліміздің жетекші өнеркәсіп және экономикалық орталықтарының бірі болып табылады. Қазіргі таңда өрт қауіпсіздігін 10 өрт сөндіру бөлімі  қамтамасыз етеді. Сайрам тұрғын алабы мен Түркістан көшесінде жаңа өрт сөндіру деполарының құрылысы жүргізілуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға