Шымкентте теннистен жасөспірімдер арасында әлем чемпионатына іріктеу турнирі басталды
Шымкент қаласында жасөспірімдер арасында Asia/Oceania Final Qualifying Juniors Davis Cup және Juniors Billie Jean King Cup іріктеу турнирі басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Olympic.kz-ке сілтеме жасап.
Осы айдың 25-іне дейін созылатын жарысқа 16 жасқа дейінгілер арасында Азия – Тынық мұхит аймағының жасөспірімдер командалары қатысып жатыр. Жасөспірімдер арасында әлем чемпионатына жолдама алу үшін бірінші болып қыздар сайысқа түседі. Мұнда Қазақстан, Аустралия, қытайлық Тайбэй, Гонконг, Үндістан, Индонезия, Малайзия, Иран, Жапония, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Моңғолия, Жаңа Зеландия, Таиланд, Өзбекстан, Вьетнам елдерінің теннисшілері бақ сынайды.
Шымкент қаласындағы Belline Arena ұлттық теннис орталығында өткізілген жеребеге сәйкес қазақстандықтар А тобында Жапония, Индонезия және Вьетнам құрамаларымен ойнайды.
Бүгін Ярослава Шведованың шәкірттері Вьетнам қыздарымен шеберлік байқасады.
Қазақстан намысын мына спортшылар қорғайды:
1. Ариана Гогулина (Астана),
2. Альбина Кәкенова (Астана),
3. Ева Корышева (Ақтөбе),
4. Сәтима Төреген, қосалқы ойыншы (Алматы).
Капитан: Ярослава Шведова.
Өткен жылы 16 жасқа дейінгілер арасында Қазақстан жасөспірімдер құрамалары Дэвис және Билли Джин Кинг кубогінің іріктеу сайыстарын сәтті өткізіп, Қазақстан теннисі тарихында алғаш рет әлем чемпионатына жолдама алған еді.