Жаңалықтар

Шымкентте тарихи жеңіске жеткен спортшыларға құрмет көрсетілді

Шымкентте тарихи жеңіске жеткен спортшыларға құрмет көрсетілді
Фото: Шымкент қаласы әкімдігі 06.03.2025 20:00 197

Шымкентте ІХ Қысқы Азия ойындарында спорттың фристайл-акробатика түрінен тарихи жеңіске жеткен және жүлдегер атанған спортшыларға құрмет көрсетілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Спорт саңлақтарын қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қабылдап, жеңімпаз және жүлдегер атанған жерлестерімізді тарихи жеңісімен құттықтады. Сондай-ақ шаһар басшысы спортшыларды және олардың жаттықтырушыларын Алғыс хаттар және қаржылай сертификаттармен марапаттап, қалада спортшыларды қолдау, оларға қажетті жағдайлар жасау одан әрі жалғаса беретінін атап өтті.

Айта кетсек, Харбинде (Қытай) өткен ІХ Қысқы Азия ойындарында фристайл-акробатика өкілдері тарихи жеңіске қол жеткізген еді. Ұлттық құрама сапында Шымкент қаласының спортшылары 1 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде жеңіп алды. Сондай-ақ, фристайл-акробатикадан жастар арасында әлем чемпионатында, Дүниежүзілік Универсиада ойындарында шымкенттік спортшылар жүлдегер атанды.

Атап айтар болсақ, Қысқы Азия ойындарында ерлер арасында командалық сайыста Шерзод Хаширбаев чемпион болды. Аралас командалар арасындағы сайыста Аяна Жолдас, Шерзод Хаширбаев және Асылхан Асан екінші орын алды. Сонымен қатар, Аяна Жолдас жекелей сында қола жүлде жеңіп алған болатын. Аяна Жолдас пен Ардана Маханова синхронды секіруде қола жүлдеге қол жеткізді.

Фристайл-акробатикадан Дінмұхамед Райымқұлов жастар арасында әлем чемпионатында топ жарды. Италияда өткен Дүниежүзілік Универсиада ойындарында шорт-трекші Айбек Темірхан қола жүлдегер атанды. Осылайша қысқы спорт өкілдері жыл басынан бері жастар арасында әлем чемпионаты, Дүниежүзілік Универсиада және Қысқы Азия ойындарында жүлдегерлер қатарынан көрінді.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға