Шымкентте қоғамдық орындарда тазалық сақтау игі дәстүрге айналып келеді

Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында ауқымды тазалық шаралары өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Атап айтқанда, қала тұрғындары, еріктілер мен жастар Қошқар ата өзенінің бойында өткен «Таза жағалау» атты іс-шараға қатысты. Тазалық шарасына қатысқан көпшілік өзен бойын күл-қоқыстан тазалап, ағаш бұталарын кесіп, ретке келтіріп, түбін әктеп шықты.
Қаланың орталығын кесіп ағып өтетін Қошқар ата өзені қала тұрғындарының бір сәт демалуына таптырмас орын. Алайда, кейбір жерлестеріміз осынау игіліктің, табиғаттың тамаша тартуының қадірін білмей, өзен бойында тазалық сақтамайтыны өкінішті. Сондықтан, біз қала тұрғындарын «Таза Қазақстан» бағдарламасына белсенді түрде қатысуға және қала тазалығын сақтауға шақырамыз, – дейді Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Аружан Әлжан.
Ауқымды тазалық шарасы Шымкент қаласы Қаратау ауданына қарасты Нұрсәт шағын ауданында да ұйымдастырылды. Мұнда «Таза аула» атты іс-шара аясында көпқабатты үйлердің ауласы мен шағын ауданның орталығындағы аллея тазаланды. Айтулы іс-шараға қала тұрғындары, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, еріктілер, еңбек ардагерлері мен жастар қатысты. Олар көпқабатты үйлердің аулалары мен аулаішілік көшелерді тазалап, ағаштардың түбін әктеді.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы Шымкент қаласы тұрғындарының үлкен қолдауына ие болып отыр. «Тазалық – саулық кепілі» дегендей, халқымыздың жаппай сенбіліктер ұйымдастыруды, тазалыққа ерекше назар аударуды дәстүрге айналдырып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл жас ұрпақтың бойына елге, туған жерге деген жанашырлық сезімін ұялатып, қоғамда экологиялық мәдениеттің қалыптасуына мүмкіндік береді деп ойлаймын. Сол себепті жастарға үлгі көрсетейік деген оймен бүгінгі тазалық іс-шарасына біз де атсалысып жатырмыз, – дейді Қаратау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асылбек Тоқмағамбетов.
Айта кетейік, бүгін «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы іс-шаралар Шымкент қаласының барлық аудандарында өтті.
Сонымен қатар Шымкент қаласындағы бірқатар мектептерде «Табиғатты аялайық» атты іс-шара ұйымдастырылды. Онда оқушылар экологиялық сабақтарға және тәрбие сағаттарына қатысып, қоршаған ортаны қорғау мен тазалықты сақтаудың маңызы жөнінде жан-жақты мағлұмат алды.
Адамзаттың бүкіл тыныс-тіршілігі Табиғат-Анамызбен тікелей байланысты. Дегенмен, біз кейде табиғаттың бізге берген сыйын бағаламай, қоршаған ортаны ластап, айналаны күл-қоқысқа толтырып жататынымыз өкінішті. Өзім үнемі сыныптастарыма, достарыма мектепті, ауланы, қоғамдық орындарды таза ұстау керектігін, қалдықтарды тек арнайы белгіленген орындарға тастау қажет екенін айтып жүремін. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып жатқан бүгінгі экологиялық дәрістер оқушылардың санасына тереңнен әсер етеді деп ойлаймын, – дейді №90 мектеп-гимназияның 10 сынып оқушысы Гаухар Есіркепова.
Айта кетейік, Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы тазалық іс-шаралары тұрақты түрде жалғаса береді.
