Шымкентте мүгедектігі бар 4 739 тұрғынға протездік-ортопедиялық құрал берілді
Шымкент қаласында 41 479 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Биыл ерекше күтімді қажет ететін жандардың қажетті құрал жабдықтармен қамтылуы ұлғайып отыр. Жыл басынан бері қалада мүгедектігі бар 4 739 тұрғынға протездік-ортопедиялық құрал берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мүгедектігі бар азаматтарға қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс беру әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылады. Яғни, ерекше жандар өзінің электрондық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалана отырып, жеке оңалту парағында бекітілген қызметтерді қолдана алады.
Былтыр протездік-ортопедиялық құрал 1 176 адамға берілген болатын. Өткен жылы сурдо-техникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдармен 5 190 мүгедектігі бар адам қамтылса, биыл 15 700 адамға жетті.
Тірек-қимыл апаратында бұзылысы бар ерекше жандарға жыл басынан бері 1 017 қол арба берілді. 2023 жылы мұндай қол арба 445 адамға үлестірілген. Сонымен қатар, жеке көмекші, ымдау тілі маманы қызметін осы жылы 2 785 адам пайдаланып отыр. Ал өткен жылы мұндай қызмет түрі 1 963 адамға көрсетілген еді.
Өткен жылы 2 150 мүгедектігі бар азамат сауықтыру-шипажайы жолданса, биыл 7 166 ерекше жанға шипажай жолдамасы берілді. Сондай-ақ арнайы жабдықталған «Инватакси» қызметіндегі 28 көлік 453 мүгедектігі бар жанға қызмет көрсетуде. Ал 2023 жылы 350 адам арнаулы көліктің қызметін қолданған.