Шымкентте мүгедектігі бар 38 мыңға жуық адамның өтініші орындалды

Шымкентте жыл басынан бері мүгедектігі бар адамдардың қажетті құрылғысы үшін 45 681 өтінім түсіп, оның 37 970-і (82,5%) қамтамасыз етілген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қала әкімдігінің мәліметінше, протездік-ортопедиялық көмек құралы үшін 8 203 өтінім қабылданып, 6 147 құрал үлестірілген. Сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдарға 20 779 өтінім түсіп, 19 012 ерекше жанның қажеттілігі өтелген. Ал тірек-қимыл функциясында бұзылысы бар азаматтарға арналған қоларба құралына 1 347 өтінім қабылданып, 1 197 адамға арнайы арба берілген. Сонымен қатар жеке көмекші, ымдау тілі мамандарының қызметіне 2 901 азамат мұқтаж болса, жыл басынан бері 2 863 адамға қызмет көрсетілген. Шипажайда сауықтыру емі үшін 8 471 адамға жолдама берілді.
Мүгедектігі бар адамдар мұндай қажетті құралдарды әлеуметтік портал арқылы тапсырыс беріп ала алады. Ол үшін С.Бәйтереков 89 мекенжайында басқарма ғимаратында өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылған.
Айта кетейік, Шымкентте бүгінгі таңда 41 544 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 4 614 адам – бірінші топ, 15 455 адам – екінші топ, 13 505 адам – үшінші топ және 18 жасқа дейінгі 7 970 бала бар.
