Жаңалықтар

Шымкентте мектеп медиациясы дамуда, ал Талдықорғанда студенттер этносаралық даулар мен жанжалдарды шешуді игеруде

Шымкентте мектеп медиациясы дамуда, ал Талдықорғанда студенттер этносаралық даулар мен жанжалдарды шешуді игеруде
28.01.2019 11:37 2056

Бұл туралы Шымкентте өткен қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің отырысында сөз болды.

Қалалық соттың қызметкерлері, медиация орталықтарының басшылары, медиаторлар және ассамблея мүшелерінің қатысуымен өткен басқосуда медиация желісін ілгерілету жайы қаралып, алда атқарылатын жұмыстар пысықталды.

Жиында медиация институтын дамыту Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының басым бағыты екенін айтқан Шымкент қалалық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ербол Байқонақов алдағы міндеттерге тоқталды.   

«Бітімгершілікке негізделген халқымыздың дәстүрлі билер тағылымымен сабақтасып жатқан бүгінгі медиация желісін дамыту, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты пайымды парасаттылықпен іске асыру – басты міндетіміз. Дауласушы тараптарды өзара келісімге келтіріп, ортақ пайым жасауға жетелеуде қоғамдық медиаторлардың біліктілігін арттыру маңызды. Олар үшін арнайы оқу семинарларын ұйымдастыру кеңес жұмысының басты бағыты болуы тиіс», - де п атап өтті Е. Байқонақов. 

Мектеп оқушылары арасында құқықбұзушылық пен әлімжеттілік сынды мәселелердің алдын алу мақсатында ұсынылған «Мектеп медиациясы» жобасы кеңес мүшелерінің қолдауына ие болды. Жоба аясында кәсіби медиаторлар ата-аналарға, мектеп психологтарына, тәрбие ісімен айналысатын мамандарға арнайы семинарлар ұйымдастырып, даулар мен кикілжіңдердің алдын алу әдістемелері түсіндірілмек.  Жиынға қатысушылар тың бастама жастар тәрбиесіндегі өзекті мәселелердің шешілуіне оң әсер ететініне сенімді.

Сондай-ақ, қала әкімдігі, сот, полиция департаменті және медиаторлар арасында ынтымақтастықты нығайту, қала аумағындағы медиация кабинеттерінің жұмысын жүйелендіру,  ашық есік күндерін өткізу,  медиация желісінің тиімділігін тұрғындарға кеңінен насихаттау шараларын одан әрі жандандыру да кеңес жұмысының негізгі бағыты ретінде белгіленді.  

Естеріңізге сала кетейік, биыл Шымкент қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесінде қоғамдық қабылдау жүргізетін, тұрғындар кез-келген мәселелерімен жүгіне алатын медиация кабинеті жұмысын бастады. Қала аумағындағы 7 медиация орталығымен әріптестік байланыс орнатылып, 50-ден астам қоғамдық медиаторлардың дерекқоры түзілді.

Өз кезегінде, Алматы облыстық «Жаңғыру жолы» штабы үйымдастыруымен   І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде заң факультетінің студенттері арасында «Бірліктің жаһандық картасы» жобасы аясында «этносаралық тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтудағы медиацияның рөлі» атты тренинг және шеберлік сыныбы өтті.

Оны қоғамдық медиатор Баниамин Фаизулин Джахангирұлы ұйымдастырып жүргізді.

«Медиация – Ассамблея айналысатын маңызды істің бірі. Медиатор -  тәуелсіз тұлға. Медиацияға қатысушы тараптар медиатордың тәжірибесіне, білімі мен іскерлігіне сүйене отырып, өзара тиімді шешімге өз бетінше келеді», – деп атап өтті спикер.

Тренинг барысында ұйымдастырушылар жанжалдар мен дауларды шешу бойынша медиативтік құзыреттердің жалпы түсініктерін берді. Олардың шешу тәжірибесінен және рөлдік ойындармен практикалық жаттығулардан мысалдар келтірілді. 

Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай консультативтік-әдістемелік тренингтер мен шеберлік сыныптар қоғамдағы әлеуметтік және саяси шиеленіс пен қақтығысты төмендету үшін мемлекеттік ұлттық саясат стратегиясын іске асыруға қатысатын адамдарға базалық білім алуға мүмкіндік береді.

Айта кетсек, тек Алматы облысында жалпы 68 медиация кабинеттері, оның ішінде 20 аудандық, қала әкімдіктерінде және сот ғимараттарында 48 кабинет ашлыған. Қоғамдық медиаторламен және ҚХА құрылымдарымен 394 даулы мәселе реттелген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға