Жаңалықтар

Шымкентте медицина профессоры жұмбақ жағдайда көз жұмды

Шымкентте медицина профессоры жұмбақ жағдайда көз жұмды
Фото: ©El.kz/Нүркен АЛИШЕВ 22.05.2024 09:25 789

Шымкентте Медициналық академия оқытушысы ауыр жарақаттан қаза тапты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оtyrar.kz-тің мәліметінше, оны көшеден өтіп бара жатқан адамдар ес-түссіз жатқан жерінен тапқан. 16 мамыр күні түнде 1967 жылғы азамат ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Мамандар мидың ауыр жарақатымен науқасты жансақтау бөліміне жатқызғанын айтады. Алайда марқұм комада жатқан күйінде ес жимастан көз жұмды.

Науқас өте ауыр жағдайда, асперациялық синдром, кома 3-пен жансақтау бөліміне жатқызды. Науқасқа қойылған диагноз - "мидың ауыр жарақаты". Жансақтау бөлімінде науқасқа қарқынды емдеу терапиясы жургізіліп, өкпенің жасанды желдету аппаратына қосылды. Өкпені жасанды тыныстандыру аппаратына қосылғанына қарамастан жарақатының ауырлығына байланысты науқас ес жимастан 20 мамыр күні сағат 13:00-де қайтыс болды, - дейді хирург Мадияр Дүйсенов.

Қазірше жаға ұстатар жайтқа қатысты әлеуметтік желіде екі нұсқадағы ақпарат тарап жатыр. Бірінде білікті ұстазды мектеп оқушысы ұрып өлтірген десе, енді бірі марқұмды көлік қағып кеткен болуы мүмкін дейді. Ал полиция аталған іске қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті анықталғанын мәлімдеді. Ал өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмеді.

Шымкент полиция департаментінің баспасөз қызмет аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Күдікті анықталды. Сараптама тағайындалды. Болған оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға