Жаңалықтар

Шымкентте көшеге қоқысты өздері тастап, фото үшін жинап жүрген коммуналшылар ұятқа қалды

Шымкентте көшеге қоқысты өздері тастап, фото үшін жинап жүрген коммуналшылар ұятқа қалды
Фото: Видеодан кадр 30.03.2024 10:01 916

Шымкентте қала көшелерін тазалап жүрген коммуналды мекеме қызметкерлері көшеге қоқысты өздері тастап, кейін фотоға түсу үшін жинап жүрген. Олардың бұл әрекетін куәгерлердің бірі видеоға түсіріп алған, деп хабарлайды otyrar.kz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Бейнежазба ТікТок желісінде пайда болған. Онда тазалықшылардың бірі бір қоқысты көшеге бірнеше рет тастап, кейін оны жинап жүреді. Екінші қызметкер де тура сондай әрекет жасайды. Желі қолданушылары көзбояушылық танытқан коммуналдық мекеме қызметкерлерін сынның астына алып, олар жазасыз қалмау керектігін алға тартты.

Аталған видео Шымкентке қарасты Тұран ауданында түсірілген. Неге екені белгісіз, аудан әкімдігіндегілер бұл жайтқа қатысты пікірді қалалық ішкі саясат басқармасынан алу керектігін айтып, өздері пікір білдіруге құлық танытпады. Алайда кейіннен өз міндеттері еске түссе керек, мән-жайды түсіндіріп берді.

Белгілі болғандай, видео 28 наурыз күні түсірілген. Көшені тазалап жүргендей кейіп танытқандар Тұран ауданы әкімі аппаратына қарасты коммуналдық мекеме қызметкерлері екен.

«Коммуналды мекеме қызметкерлері Темірқазық көшесі бойын қоқыстан тазартты. Алайда аталған аумақта қызметкерлер өз тараптарынан қоқыс тастап, фотоға түсірген. Қазіргі уақытта видеодағы үш қызметкер: М.Керімқұлов, А.Қоқанбаев, Ж.Құрманбаев жұмыстан босатылды. Сондай-ақ жауапты бөлім басшысына қатаң ескерту берілді» делінген Тұран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне жауапты маман берген мәліметте.

Айта кетейік, аталған видеоны желіде 500 мыңға жуық адам қарап, 11 мыңға жуық қолданушы репост жасап үлгерген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға