Шымкентте кортеж қатысушылары жол ережесін бұзған

Шымкентте жол ережесін бұзған кортеж қатысушылары жауапқа тартылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Polisia.kz мәліметінше, Жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторлары түнгі уақытта қала көшелерінің бірінде автокөліктер кортежін анықтады.
Жүргізушілер жол қозғалысы қағидаларын бұзып, атап айтқанда: қарсы жолаққа шығып, тыйым салынған жерде артқа жүрген, оның ішінде кейбірі терезеден шығып тұрған жолаушыларды алып жүріп, өзінің ғана емес, өзгенің де қауіпсіздігін елемеген. Ал темір тұлпарға орнатылған жыпылықтайтын маяктар жалған төтенше жағдай тудырып, басқа жүргізушілерді жол беруге мәжбүрлеген. Тәртіп сақшыларының жедел әрекетімен мұндай бассыздықтың ауыр салдарының алды алынды. Кортеж қатысушылары досының тойынан шығып, мерекелеуді жалғастырғаны белгілі болды, - делінген мәліметте.
Құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде қарсы жолаққа шыққандар көлік басқару құқығынан айырылды.
