Жаңалықтар

Шымкентте көлік ұрлығы видеоға түсіп қалды

Шымкентте көлік ұрлығы видеоға түсіп қалды
Фото: © Polisia.kz 12.07.2023 09:19 1110

Шымкентте көлік ұрлығы видеоға түсіп қалды. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Өткен демалыс күндері Абай АПБ-ның "102" арнасына Audi 80 көлігінің ұрланғаны туралы хабарлама келіп түсті. Жергілікті тұрғын көлігін түнде үйдің жанына қойғанын, келесі күні таңертең оны әдеттегі орнынан таппағанын айтты. Арызданушы кілтін көлікте қалдырғанын, бірақ есіктері бұзылғандықтан жабылмайтынын жеткізді.

Темір тұлпардың жоғалу мән-жайын анықтау үшін полицейлер ең алдымен оқиға орнында орналасқан бейнекамералардағы жазбаларды тексерді. Сыртқы бейнебақылау құрылғылары көлікті ұрлау сәтін жазып алған. Тұраққа қойылған көліктердің ішінен автоұры ескі шетелдік көлікті таңдап, оған ашық тұрған есік арқылы оңай кіріп, айдап кеткен.

Жол камераларының көмегімен ЖБО-ның инспекторлары күдіктінің қозғалыс бағытын қадағалады. Белгілі болғандай, ол жолда Audi-ден нөмірлерді алып тастап, оларды лақтырып жіберген.

Оқи отырыңыз:

Тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтады. Ол Түркістан облысының 19 жастағы жұмыссыз тұрғыны болып шықты. Жедел уәкілдер ұрланған көлік құралын сол облыстың аумағында жарты күн ішінде тапты. Ал күдікті келесі күні ұсталды. Жігіт жеңіл көліктен бірнеше қосалқы бөлшекті шешіп алғаны белгілі болды.

Қазіргі таңда аталған дерек бойынша Абай АПБ-ның тергеушілері Қылмыстық кодекстің 200-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға