Шымкентте газ құрылысы 9 жылға созылған елдімекенге көгілдір отын берілетін болды

Шымкентте елдімекендерді газбен жабдықтау жұмыстары жалғасуда. Достық шағынауданы (3-кезек. Үшбұрыш) 2016 жылдан бері табиғи газбен жабдықтау қамтамасыз етілмеген болатын. Енді бұл мәселе өз шешімін табатын болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Көптеген тұрғын тарапынан арыз-шағымдар түсуіне байланысты және де Абай аудан әкімдігінің ұсынысымен жобалық сметалық құжаттамаға жауапты басқарма тарапынан тапсырыс берілген еді. Нәтижесінде 2023 жылы Достық ш/а (3-кезек. Үшбұрыш) жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп, 2024 жылы шілде айында мердігер мекеме «Global-GH» ЖШС тарапынан құрылыс жұмыстары басталған болатын. Ағымдағы жылдың наурыз айында құрылыс жұмыстары аяқталып, 320 абонент (1600 адам) табиғи газбен қамтамасыз етілмек. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 95% орындалған.
Айта кеетйік, 2024 жылы газдандыру жұмыстары Қайнарбұлақ 1,2 кезең, Ынтымақ-2, Бозарық 1,2,3 кезең, Еламан, Қаратөбе, Тәуелсіздікке-20 жыл және Қайтпас-1 тұрғын алаптарында жүргізілді. Нәтижесінде 90 мыңнан астам адам табиғи газ жүйесіне қосылуға мүмкіндік алды. Алдағы уақытта Қарабастау тұрғын алабы (1288 абонент), Жұлдыз-Жалын тұрғын алабы (1378 абонент) және де қазан айында Қайтпас-1 мен Тұран шағын ауданы арасында орналасқан тұрғын үйлер (242 абонент) газбен қамтамасыз етілетін болады. 2025 жылы жалпы саны 3228 абонент көгілдір отынға қол жеткізбек.
