Жаңалықтар

Шымкентте де балалардың терезеден құлау деректері азаймай тұр - ТЖД

Шымкентте де балалардың терезеден құлау деректері азаймай тұр - ТЖД
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney 25.07.2024 17:25 462

Елімізде көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтер терезелерінен балалардың құлау деректері азаймай тұр. Статистикалық дерекке сүйенсек, жыл басынан бері республика бойынша 123 оқиға тіркелген. Соның ішінде 13 бала қайтыс  болған. Төтеншеліктердің айтуынша, балалардың биіктен құлау фактілеріне қауіпсіздік шараларының сақталмауы және ата-ана салғырттығы себеп болып отыр. Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментіндегілер қайғылы оқиғаларды болдырмас үшін халықты құлақтандыру бойынша атқарылып отырған профилактикалық шаралар туралы баяндап берді. Бұдан өзге мамандар шомылу маусымы кезіндегі қауіпсіздік жұмыстары туралы да сөз етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шымкент қалалық ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Ирисмат Махмудовтың айтуынша, жыл басынан бері қалада 5 бала көпқабатты тұрғын үй терезелерінен абайсызда құлап кеткен. Өткен жылдың тиісті кезеңінде 4 жағдай тіркелген. Екі бала қайтыс болса, екеуі түрлі дене жарақаттарынан алған. Ал биыл тіркелген 5 оқиға бойынша бір бала көз жұмып, төртеуі жарақаттанған.

Жалпы 2023 жылы Шымкентте сегіз бала көпқабатты тұрғын үй терезелерінен құлап, оның үшеуі қайтыс болған. Бес бала зардап шеккен. Барлық жағдайлар балалардың ата-аналардың немесе үлкендердің қарауынсыз қалуынан және пәтерлердегі терезелердің ашық болуынанан орын алған. Осыған байланысты төтеншеліктер жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында халыққа түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеміз деп отыр.

Жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында халықты құлақтандыру, ақпараттандыру мақсатында бұқаралық ақпараттар құралы арқылы жұмыстар жүргізіп келеміз. Жалпы департамент қызметкерлері тұрғындардың өзімен де тікелей үгіт-насихат жұмыстарын қарқынды жүргізіп отыр. Өздеріңіз білесіздер, балалардың көпқабатты тұрғын үй терезелерінен құлау оқиғаларына байланысты 20 шілдеден бастап елімізде бір айлық жарияланды. Қазіргі таңда біздің қызметкерлер көпқабатты 129 тұрғын үйлерді толығымен аралап, жетпіске жуық жиын өткізілді. Онда ата-аналарға, үлкендерге және кішкентай балаларға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Яғни, арнайы әзірленген парақшалар мен жадынамаларды тұрғындарға таратып, жұмыстар атқарып отырмыз,-деді жазғы кезеңдегі балалардың қауіпсіздігі тақырыбында өткен брифингте азаматтық қорғау подполковнигі Ирисмат Махмудов.

Бұдан өзге Төтенше жағдайлар департаментіндегілер құрылыс басқармасымен де тығыз жұмыстар жүргізуде. Яғни, көпқабатты тұрғын үй саларда құрылыс нормаларын сақтау мәселелері жіті назарға алынып отыр екен.

(Фото: Шымкент қ. ТЖД)

Біздің департамент тарапынан құрылыс басқармасына хат жолданған. Көппәтерлі тұрғын үйлердің ғимараттарында құрылыс нормаларына сәйкес, жалпы құрылыс және  жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу кезінде терезелерге арнайы бекіткіштер орнатылады. Сонымен қатар, біздің департамент қызметкерлері қауіпсіздік құлыптарын орнату бойынша акциялар өткізген болатын. Соның аясында жалпы саны 40 пәтерге қауіпсіз құлыптары және 56  фиксатор-бекіткіштер орнатылды. Бұл әлеуметтік осал топтардан шыққан отбасылардың пәтерлері болып табылады. Сонымен қатар департамент ғимаратында 16 шілде күні  жиын өткізілді. Ол жиында жалпы білім беру басқармасының және де көпқабатты тұрғын үй төрағалары мен меншік иелерінің бірлестік өкілдері қатысты. Біз балалардың биіктен құлау деректерінің алдын алу бойынша  үгіт-насихат материалдары бойынша бейнероликтер әзірлеген болатынбыз. Оны үй төрағалары мен меншік иелерінің бірлестігі өкілдерінің  түрлі мессенджерлердегі топтары арқылы тұрғындарды хабардар ету жұмыстарын жүргізудеміз,-деді Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы.

Айта кетсек, күні кеше 24 шілдеде Шымкенттегі «Наурыз» алаңында  қалалық Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері еріктілермен бірге “Балалардың терезеден құлап кету қауіпсіздігі” тақырыбында тұрғындар арасында акция ұйымдастырды. Шара мақсаты - балалардың терезеден құлау деректерін болдырмау және ата-аналарға қауіпсіздік шараларын насихаттау. 

(Фото: Шымкент қ. ТЖД)

Өз сөзінде Ирисмат Махмудов  заңнамаға сәйкес, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ата-аналардың тікелей міндеті болып табылатынын ерекше атап өтті. Өз міндетін орындамау немесе салғырттық таныту ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.

Сонымен қатар өмірге немесе денсаулығына қауіпті жағдайда қалдыру және де баланың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 119  және 141 баптарында жаза көзделген. Осы ретте тұрғындардан балаларды жалғыз қалдырмауды және де мүмкіндігінше терезелерге бекіткіш-фиксаторларды орнатуды сұраймыз,-деді спикер.

Брифингте сөз алған тағы бір спикер Шымкент қалалық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Нұржан Қаракөзов шомылу маусымы кезіндегі балалардың қауіпсізідігін қамтамасыз ету жұмыстарын баяндады.

Шымкент қаласы еліміздің оңтүстік өңірі болғандықтан бізде күн ерте ысиды. Сондықтан біздің департамент тарапынан сәуір айынан бастап балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыты бойынша тиісті деңгейде жұмыстар атқарып келеміз. Атап айтқан кезде, сәуір айында қала әкімінің қаулысы бекітілді. Жоспар түзілді. Аталған жоспарды біз құзырлы мемлекеттік органдарға орындау үшін жолдап және оны күнделікті бақылауда ұстаудамыз. Көктем мезгілінен бастап барлық білім беру ұйымдарында, нақтырақ айтқан кезде балабақшада, мектепте, жоғары оқу орындарында жеке сыныптық, топтық сағаттар өткізілді. Балаларымыздың жазғы демалысын қауіпсіз өткізу мақсатында қауіпсіздік мәдениетін қамтамасыз етіп, әрбір оқушыға, ата-анаға жазғы кезеңдегі түрлі бағыттағы төтенше жағдайлардың алдын алу, болған кезде не істеу керек екендігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргіздік,-деді Нұржан Қаракөзов.

Шымкентте бүгінгі таңда суға түсуге рұқсат етілген бес орын бекітілген. 13 су айдынында шомылуға тыйым салынған. Ол жерлерге суға түсуге болмайтыны туралы 125 ескертпе тақтайшасы орнатылған. Одан бөлек төтеншеліктер күн сайын, ал демалыс пен мереке күндері күшейтілген режимде халықты құлақтандыру бойыша су айдындарын аралап, рейдтік шаралар ұйымдастырып келеді. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу шараларына полиция қызметкерлері, еріктілер мен  6506 әскери бөлімінің сарбаздары жұмылдырылған. Сәуір айынан бастап күні бүгінге дейін судағы қауіпсіздікті сақтау бойынша төтеншеліктер 284 рет рейд жүргізген. Бұдан өзге судағы қауіпсіздік шараларын сақтау бағытында қала көшелері мен қоғамдық көліктердегі LED-экрандар арқылы тұрақты түрде бейнероликтер көрсетілуде. Сонымен қатар 112 қызметі арқылы тұрғындарға алдын ала хабарлама SMS-тері жолдануда.

(Фото: Шымкент қ. ТЖД)

Судағы қауіпсіздік ережелерін бұзған жағдайда, яғни тыйым салынған орындарда суға түскендерді анықтасақ,  Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабына сәйкес біз шара қолданамыз. Бұл кодексте 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Шомылу маусымы басталғалы бері 26 тұлғаға әкімшілік шара көрдік. Оларға 439 348 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар Полиция департаментінің қызметкерлері су айдындарында ереже бұзу және масаң күйде жүргені үшін 45-ке жуық азаматқа айыппұл салды. Осы ретте тұрғындар мен қала қонақтарын суда түсу қағидаларын бұзбауды, рұқсат етілмеген орындарда суға түспеуді, балаларыңызды су маңында қалдырмауды, масаң күйде шомылмауды және түнгі уақытта су айдындарына бармауды ескерткім келеді,-деді Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы.

Айта кетейік, елімізде шомылу маусымы басталғалы бері судағы қауіпсіздік ережелерін бұзып, су айдындарында қайтыс болғандар саны – 86. Өкініштісі, оның 34-і бала. Ал Шымкент қаласында бір жазатайым оқиға тіркелді. Қайнарбұлақ жасанды көлінде 2001 жылы туған жас жігіт суға батып, қайтыс болды. 23 жастағы тұрғын рұқсат етілмеген су айданында шомылған екен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға