Жаңалықтар

Шымкентте биыл 1,4 млн шаршы метр баспана пайдалануға беріледі

Шымкентте биыл 1,4 млн шаршы метр баспана пайдалануға беріледі
Фото: Ақорда 11.04.2025 16:03 736

Президентке Шымкент қаласының перспективті құрылыс жоспары таныстырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысына қаланың сәулеттік келбетін жақсартып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Шымкент жұртшылығымен кездесу барысында шаһардың бас жоспарын қайта қарап, көлік-логистика инфрақұрылымы мен инженерлік желілерін жаңғырту туралы тапсырма берген болатын.

Мемлекет басшысына қаладағы Орталық стадионның, перинаталдық орталықтың, паралимпиадашыларға арналған спорт кешенінің, мектептердің және тағы да басқа әлеуметтік нысандар құрылысының перспективті жобалары көрсетілді.

Президентке жекеменшік тұрғын үй кешендерінің бей-берекет өсуіне шектеу қойып, 2035 жылға дейін көпқабатты үйлердің үлесін 60 пайызға жеткізу жоспары жөнінде баяндалды.

Биыл шамамен 1,4 миллион шаршы метр баспананы пайдалануға беру көзделген. Оның ішінде 320 мың шаршы метрден астам пәтер мемлекеттік бюджет есебінен салынады.

Қалада жаңадан «Ақжайық», «Бозарық» және «Тұран» шағын аудандары пайда болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға