Шымкентте бетон араластырғыш көлік 8 автокөлікті соқты

Шымкентте бетон араластырғыш жүк көлігі бағдаршамда тоқтап тұрған 8 автокөлікті соғып, соның салдарынан түрлі дене жарақатын алған 2 адам ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ІІМ Telegram-дағы ресми жаңалықтар арнасында хабарланды. Ведомство мәліметінше, оқиға кеше сағат 10:15 шамасында болған.
Оқи отырыңыз:
- Бес адам қаза тапты: Алматыда жантүршігерлік жол апаты орын алды
- Шымкентте экс-дәрігер есірткі қойып жүрген жерінен ұсталды
Анықталғандай, Самал базарына қарай бағыт алған бетон араластырғыш Howo жүк көлігі Рысқұлов-Қазиев көшелерінің қиылысында бағдаршамда тоқтап тұрған 8 автокөлікті соққан. Салдарынан Mazda автокөлігінің жүргізшісі мен Toyota Camry көлігінің жолаушысы әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген.
Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын нақтылау барысында жүк көлігі тежегішінің кенеттен істен шыққанын және оны тізгіндеуші азаматтың жүк көлігін басқаруға құқығы жоқ екенін анықтаған.
Көлік жүргізушісіне қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 610-бабы 3-бөлігі бойынша хаттама толтырылды.
