Жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ АЖЫРАСУДЫҢ АЛДЫН АЛУ ҮШІН БИЛЕР ТАҒЫЛЫМЫНА НЕГІЗДЕЛГЕН «ЖАС ОТБАСЫ» САҒАТТАРЫ ӨТКІЗІЛМЕК

ШЫМКЕНТТЕ АЖЫРАСУДЫҢ АЛДЫН АЛУ ҮШІН БИЛЕР ТАҒЫЛЫМЫНА НЕГІЗДЕЛГЕН «ЖАС ОТБАСЫ» САҒАТТАРЫ ӨТКІЗІЛМЕК
18.06.2019 09:51 4435

Шымкент қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы медиация кеңесінің кезекті отырысы өтті. 

Халқымыздың дәстүрлі билер тағылымымен сабақтасып жатқан медиация желісін дамыту жайы талқыға салынған жиынға қалалық соттың, аудандық соттардың судьялары, ассамблея мүшелері, кәсіби және қоғамдық медиаторлар қатысты.

Жиында ажырасудың алдын алу, отбасы жанжалдарының себептерін анықтап, дауласушы тараптарды татуластыру шараларын жүргізу жайына ерекше назар аударылды.

Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының судьясы Арайлым Садирмекованың айтуынша сотқа келіп түсетін арыз-шағымдардың 30 пайызға жуығы отбасы дауларына қатысты. Ал, ел бойынша әр үшінші неке бұзылып, 100 мыңнан астам бала толық емес отбасында тәрбиеленуде. Неке бұзылғаннан кейін де болатын кикілжіңдер мен әлеуметтік жағдайға қатысты өзекті жайттар күн тәртібінен түспей тұр. 

«Қоғамдағы өзекті мәселенің алдын алу үшін ҚР Жоғарғы Сотының бастамасымен Қаратау аудандық сотында «Отбасылық сот» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Жарты жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жоба қазіргі уақытта тиімділігін көрсете бастады. Яғни, сотта қаралған істердің жартысынан астамы тараптардың татуласуымен аяқталды», - деген судья жұмысты одан әрі жетілдіру үшін бірлесе атқаратын іс-шаралар аз еместігін тілге тиек етті.

Жиында қоғамдағы өзекті мәселенің алдын алып, отбасы беріктігін нығайту үшін «Жас отбасы» сағаттарын іске асыру ұсынылды. «Отбасылық сот» жобасы аясында іске асатын бастама бойынша неке қиюға ниетті жастар арасында отбасы құндылықтарына, ерлі-зайыптылардың жауапкершіліктеріне қатысты әңгімелер жүргізіледі. Осы арқылы ажырасуға өтініш білдіруші жұптармен ғана емес, неке қиюға ниеттенген жастармен әңгімелесу арқылы оң нәтижеге қол жеткізу көзделуде.

Басқосуда Шымкент қаласы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» мекемесінің сарапшысы, кәсіби медиатор Дана Кенжеқұлова «Мектеп медиациясы» жобасының жұмысымен таныстырып, қалалық ҚХА жанында әрекет ететін медиация кабинетінде 50-ден астам азаматқа құқықтық көмектер көрсетілгенін жеткізді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға